- Advertisement -

Шың мен шындық

359

- Advertisement -

Халықаралық Тараз инновациялық институтының баспаханасынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист-публицист Мейрамбек Төлепбергеннің «Шың мен шындық» атты кітабы жарық көрді. Қазақтың Шерағасының, Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай шыққан шағын кітапқа қайраткер-қаламгер автордың «Шындық жолы», «Шерхан Мұртаза: Мемлекет дәулеті талапайға кетсін деген заң жоқ!», «Шераға қадір тұтқан ірі тұлғалар», «Тереңдікті теңіз тербейді», «Шындықтың шарайнасы» және «Өмір мектебі» сынды дүниелері топтастырылған.

Шерағаңның мектебінен өткен елімізге белгілі қаламгер-журналистердің ұлы ұстаздары туралы қалам тербемегені кемде-кем. Мейрамбек Мылтықбайұлы да қаламгер-қайраткер ағасы туралы аз жазған жоқ. Мына дүниелері бұрын жарияланбаған, қамқор ағаның тоқсан жылдығына арнап жазылғандықтан да құнды. «Шындықтың жолындағы» мына бір жолдарға қараңыз: «Шерағаңның шекпенінен шықтық» деп жүрген жастар шоғыры бұл күндері қазақ әдебиеті мен баспасөзінде арқа тұтар тұлғаларға айналып та үлгерді. Абыз ағаның өзі айтпақшы «түнде таудан оттай боп көрінген» тұста оның таңғажайып әлемі өзіне ынтықтыра түскендей әсерге бөлейді».

Осы тарауда Шерағаңның қаламгерлік, редакторлық және қайраткерлік талантын қысқа да нұсқа жазып, жарқыратып көрсеткен автордың жазу шеберлігі тәнті етеді. Шерхан Мұртазаның республикалық басылымдарды, телерадио комитеті басқарғандағы ұйымдастырушылық, іскерлік қырын, небір жабық тақырыптарды жазудағы батылдығын, өзі алдындағы атақты қаламгер-қайраткерлерді ұстаз тұтып, қалай құрметтесе, өзінен кейінгі жас таланттарға жасаған қамқорлығын да әдемі жеткізе білген. Оқырман отбасының тыныс-тіршілігіндегі былайғы жұртқа беймәлім тұстарға да қанық болады.

Шындық қанша ащы болса да Шерхан Мұртаза Парламент мінбесінде қасқайып тұрып шындықты айтты да. «Шераға не айтар екен?» деген көзқарас қалыптасты» дейді автор «Шерхан Мұртаза: мемлекет дәулеті талапайға кетсін деген заң жоқ» деген ой-толғамында. «Шераға қадір тұтқан тұлғаларында» Тұрар Рысқұловтан бастап, қазақтың небір атақты қайраткерлері мен қаламгерлерінің қилы тағдыры әсерлі суреттеледі.

Автор басқа дүниелерінде де Шерхан Мұртазаның сан қырын жан-жақты ашып көрсетеді. Жыл бойы жүз жылдығы аталып өтіп жатқан облыстың бас басылымы «Еңбек туы» (қазіргі «Аq jol») газеті туралы да жылы сөзді, газетке әр жылдары басшылық жасаған қаламгерлер мен автор-тілшілер туралы да сөз арнаған.

«Шың мен шындық» кітабы үлкен дүние емес, бар-жоғы 100 бет, таралымы да осынша ғана. Сонау бала кезінен, қазақтың Шерағасын туған ауылы Тоғызкентке келгенде қолына су құйып, кішілік жолмен құрмет көрсеткен, кейіннен студенттік жылдары шаңырағында ақыл-кеңесін тыңдап, шәкірті болған, ел газеті – «Егемен Қазақстанда» бір жылдары ағалы-інілі әріптес болған Мейрамбек Мылтықбайұлы «Шың мен шындықты» алдағы уақытта қалың томға айналдырар. Шындықтың жүзі – Шерхан Мұртаза туралы қанша кітап жарық көрсе де артық болмайды.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support