- Advertisement -

Шәмшіге мекен болған Жалпақтөбе

285

- Advertisement -

«Рухани жаңғыру» жобасы – ұлттық болмысымыздың алтын діңгегі, алтын қайнары. Кешегі рухани кемел қасиетіміз бүгінгі рухани кемелділігімізге жол ашып отыр. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған озық ойлар мен мақсаттардың руханият саласында жеміс беруі де – көңіл қуантады. Рухани кемелдену қасиетті музыка, ғажайып өнер құндылығы арқылы да жүзеге асады. Ал музыка өнерінің падишасы – Шәмші Қалдаяқов болатын.

Шәмші Қалдаяқов сонау 60-70 жылдардан ән әлемінде алысқа даңқы кеткен аңыз. Сондай ғаламат абырой иесінің Тараздың іргесіндегі Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылында ұзақ жылдар тұрғанын әлі де біреу білсе, біреу білмес. Біз осы тақырыпты тағы бір оқырман назарында жаңғыртқымыз келді.

Аңыз Шәмші Жалпақтөбеден жер алып, зәулім үй салдырған. Қазаққа ескірмейтін әндер сыйлаған талантқа Жалпақтөбе қандай қасиетімен ұнады екен?! Әйтпесе қазақтың қай ауылында тұрса да, Шәмшіге кім құшақ жаймасын? Бұл күнде Жалпақтөбеде Шәмші Қалдаяқовтың атында үлкен көше бар. Сол көшенің көрнекті тұсында Шәмші тұрған қызыл шифрлы үй көзге ыстық көрінеді. Сол жерге дүнген ұлтының сыйлы ақсақалы, Шәмшіні көрген Ыдырыс Юнусов екеуміз жеттік. Алайда сыртқы қақпа жабық. Ішіне кіре алмадық. Ол үй қазір басқа адамға сатылып кеткен. Қожайыны бөлек. Өкініштісі де осы болды.

Дегенмен үйдің батыс жақ қабырғасында «Бұл үйде Шәмші Қалдаяқов 1973-1991 жылдары тұрған» деген тақтайша қойылыпты. Қақпаның сыртында қалған жабырқау көңілімізге сол анықтама тақтайша, сонда жазылған құрмет сөздер демеу болып, жанымызды жылытып тұрды. Менің алай-дүлей көңілімді байқады ма, Ыдырыс Юнусов: «Міне, осы тарихи үйді мемлекет қамқорлығына алғанда, шіркін! Мемлекет сатып алып, Шәмші Қалдаяқов атындағы музей үйін ашып қойғанда, қандай жарасымды болар еді. Шәмшіге осы көшенің берілуі үшін, композитор салдырған үйге тақтайша орнату үшін ғалым Рашид Бәкіров пен белсенді азамат Сахан Әшекеев көп жүгіріп, ұсыныстар айтты. Нәтижесін көріп отырсыздар. Бұл да игілікті іс болды. Енді бір тілегіміз жүзеге асайын деп жатыр. Осы ауылда жаңадан салынған мәдениет үйіне әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілмекші. Оған қуанамыз», деді.

Ыдырыс ағайдың әйгілі композитор жайлы білетіні көп екен. Жас күнінде өзінің де жүздескен сәті бір бөлек тарих. Жалпақтөбеде жүрген кездерінде Шәкең Асима Бүбіғалиева деген апайдың үйіне көп барған. Рулары жақын болған соң, әпкесіндей санаған. Соғыс жылдарында облыстық драма театрда еңбек еткен Асима апай өкінішке қарай, осыдан он жылдан астам бұрын тоқсанға таяу жасында өмірден озыпты. Бізді Ыдырыс жолбасшы сол апайдың үйіне апарды. Бекерге келмеген екенбіз. Асима апайдың келіні Роза Ашекеева да Шәмші жайлы өзі білетін біраз естеліктерімен бөлісті. Әйгілі «Дүнген қызы» әнінің қалай шыққаны туралы да айтып берді. «Ол уақытта да жер телімін алу оңай емес.

Сол уақытта көңілі шалқып тұрған Махмұд Аширов деген ұжымшар (колхоз) төрағасы: «Сен менің әйеліме арнап ән шығар, сонда жер телімін беремін» депті. Содан бір күннің ішінде «Дүнген қызы» әні өмірге келіпті» деді. Бұл сөз мүмкін рас шығар, мүмкін Шәмші жайлы аңыздардың бірі болар. Ол жағын келешектің еншісіне қалдырсақ. Сондай-ақ Роза апай Шәмші Қалдаяқовтың «Жигули» көлігімен жүріп, облыс аумағын аралағанын, Айтбай Назарбеков Мойынқұм ауданында бірінші хатшы болып тұрған кезде «Мойынқұмда» тарихи әнін жазғанын айтып берді. Осы жерде сөзге Ыдырыс Юнусов араласып: «Шәмші – дүнген халқы үшін де құрметті тұлға. Ол кісі «Дүнген қызын» жазған кезде мен отыз жасқа толмаған жігіт едім. Әлгі жаңа әнді жаттап алып, ыңылдап айтып жүремін. Соны бір жолы Шәмші ағай байқап, қасына шақырып алып, маған «Дүнген қызын» айтқызды. Даусымның жеткенінше айтып бердім. Сонда әйгілі композитор Қалдаяқов маған риза болып арқамнан қақты, батасын берді» деді.

Мұнан соң Жалпақтөбедегі №34 орта мектепке атбасын бұрдық. Мектеп директоры Динара Нұралиева қазақша сөйлеп, қазақтың барлық құндылығын жақсы көруімен шектелмей, Шәмші Қалдаяқов атасына да құрметі бөлек екен. Директор Қалдаяқовқа арналып шыққан республикалық «Шәмші» журналының 20-30 нөмірін сақтап жүр екен. Оның ішінде аталған №34 мектепке Шәмші Қалдаяқовтың аты берілсе деген мәселені Маржан Қожаева, аталған мектептің бұрынғы директоры Күлсара Даузова көтерген екен. Ол жағдайдан да хабардар болдық.

Біз Жалпақтөбеден жақсы әсермен қайттық. Еліміздің Мемлекеттік Гимнінің авторы Шәмші Қалдаяқовты жалпақтөбеліктер керемет құрметтейді екен. Ауылдық мәдениет үйіне Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілгелі жатқаны қандай жақсы! Оның барлығы қуантады. Біздің көңілімізден Шәмші Қалдаяқов 18 жыл бойы тұрған тарихи үй мемлекет меншігіне өтіп, Шәмші атындағы музей үйіне айналса деген тілек кетпей қойды. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табар деген үміттеміз.

 

 Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support