Он адам бостандыққа шықты
Он адам бостандыққа шықты
Қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жасау туралы жаңа заңға сәйкес өңірдегі түзеу мекемелеріне тоғытылған бірқатар азаматтар еркіндікке жолдама алды. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті берген мәліметке сүйенсек, бас-аяғы 44 адам қамауға алынса, оның ішінде 25 азамат №67 тергеу изоляторында отыр. Ал 19 адам түзеу мекемелеріне жөнелтілген. Қазіргі таңда қаңтар оқиғасына қатысы бар бірқатар азамат сот үкімімен еркін өмірге қайта қосылып үлгерді. Мәселен, қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінен 10 азамат бостандыққа шыққан. Бұдан бөлек, Тараз қалалық №1,2,3 пробация қызметі бөлімдерінен 71 адам іліксе, 6 азамат есептен алынады екен. Сонымен қатар 65 адамның жаза мерзімдері қысқармақ. Айталық, қалалық №1 пробация қызметінің бөлімінде тұрған азаматтарға қатысты 40 материал сотқа жолданып, нәтижесінде, 4 азамат босатылып, 36 адамның жаза мерзімі қысқартылуға жататыны белгілі болыпты. Аталған бөлімнің бастығы, әділет майоры Қуаныш Калықтың айтуынша, қазіргі таңда есепте тұратын 40 азаматтың құжаты рақымшылық заңының талаптарына сәйкестендіріліп, қалалық №2 сотқа жолданған. – Бүгінде Тараз қалалық №1 пробация қызметінің бөлімінде қаңтар оқиғасына қатысқан 40 азамат есепте тұр. Пробация қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында олардың құжаты рақымшылық заңының талаптарына сәйкестендіріліп, қалалық №2 сотқа жолданды. Осылайша, соттың шешімімен 3 адам жаза өтеуден босатылса, 33 азаматтың жаза өтеу мерзімдері қысқартылып, қанағаттандырылды. Әрине, құқық қорғау қызметкерлері тарапынан қаңтар оқиғасына қатысқандардың жеке істері мұқият зерделенді, – деді Қуаныш Ерболатұлы. Қаңтардағы дүрбелеңге қатысып, бармақ тістегендердің бірі – Гүлзира Пайзраханова. Үшінші қаңтар күні көшеде жиылған жұртты көріп қызықтауға шыққан ол құрбысын да сол жаққа бірге баруға көндірген. Ал келесі күні тұрғындардың тыныштығын бұзғандардың арасына қалай қосылып кеткенін де аңғармай қалыпты. Кейінірек, дүрбелең басылғанда бейнебақылау камераларына түсіп қалған оны полиция қамауға алады. Тергеу нәтижесінде оған Қылмыстық Кодекстің 272-бабының 3-бөлігімен «Жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін» деген айып тағылып, 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалады. Сол кезде ол өзінің заңсыз әрекет жасағанын түсінгенін айтады. – Біздің облыста мұндай жағдайдың орын алғанына таңғалдық. Бізге барып көру қызық болды. Сонымен құрбым екеуміз шыққан болатынбыз. Мұнда халық жиналып жатыр деп құрбымды шақырып алған да мен. Қазір сол әрекетіме қатты өкінемін. Тыныш өмір сүргенге ештеңе жетпейді екен. Мұндайда жастар өзгенің сөзіне ермей-ақ қойса деймін. Біздің басымыздан өтті. Президент қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойғанын естігенде, төбем көкке жеткендей қуандым, – дейді ол. Айта кету керек, бұған дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан жазасын өтеушілер мен олардың туған-туыстарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Онда қаңтар оқиғасына қатысқандардың барлығы бірдей рақымшылыққа ілікпейтіні жөнінде айтылыпты. Шын мәнінде, оқиғаға қатысты айыпты деп танылған сотталғандарға рақымшылық жасау туралы шешім сот тарапынан әр адам үшін жеке-жеке қабылданбақ.
Есен ӨТЕУЛІ