- Advertisement -

Толғауы тоқсан тағдырлар…

61

- Advertisement -

Алай-дүлей тіршіліктің қиындығына шыдамай, айдың-күннің аманында қыл арқанға қылғынып қыршыннан қиылғандар қаншама?! Адамдарды өз-өзіне қол жұмсауға не итермелейді? Суицид мәселесімен қалай күресу керек? Қандай жағдайда адамдар өмірмен қоштасуға құмартады?

Суицидтің себеп-салдары әртүрлі. Бірі қу жетіспеушіліктің құрбаны болса, енді бірі әлдебір алаяқтың арбауына түсіп, ар-ожданы тапталғанын көтере алмайды. Енді бірі сүйгенінің сатқындығына шыдай алмай күйзелсе, енді бірі ата-анасының сөзін көтере алмай, әп-сәтте өз еркімен о дүниеге аттанып кетеді. Қазіргі таңда өлімге бас тігу әсіресе жастар арасында қызып тұр. Бұл мәселенің негізгі түп-төркіні ішкі күйзелістің, жалғыздықтың, өзін кінәлі санау және қажетсіз сезінудің салдарынан туындайды.

Психолог мамандардың айтуынша, өз-өзіне қол жұмсау сыр ашып, ой бөлісетін адамының болмауының, яғни жалғыздықтан жапа шегіп, депрессияға түсудің салдарынан орын алады. Көбінесе суицидке итермелейтін негізгі себеп – жалғыздық. Бұл – депрессия ауруының бір белгісі.

Осы орайда бірнеше психолог маманмен тілдестік. Мамандардың пайымдауынша, өлімге алып келетін жағдайлардың себебін адамның өз-өзіне қол жұмсаған орнына қарап аңғаруға болады екен. Мысалы, бала үйінде суицид жасаса, отбасында кикілжің болуы мүмкін. Ал өлім орны мектеп болса, демек сыныптастарымен немесе ұстаздарының арасында келіспеушілік болған немесе оқу үлгерімінде қиындықтарға ұшырағандығын білдіреді.

– Өз-өзіне қол жұмсауға көп жағдайда отбасылық жағдайы төмендеген, жұмыстан шығып қалған адамдар барады. Кейде ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүрген адамдар суицид жасайды. Статистикаға сүйенетін болсақ, өз-өзіне қол жұмсау ер адамдардың арасында көп орын алатыны белгілі болған. Нақты жасына тоқталар болсақ, өзін өлімге қиғандардың орта жас мөлшері шамамен 18 бен 30 жастың арасын құрайды, – дейді Тараз қалалық полиция басқармасының ресми өкілі, полиция аға лейтенанты Жанерке Әзімхан.

Сонымен қатар қалалық полиция басқармасының статистикалық мәліметтеріне сай қала аумағында өткен жылы өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша 43 адам тіркелген. Оның 36-сы ер адам болса, 7-еуі әйел адам екені анықталған. Ал биыл өзіне қол жұмсағандар саны былтырғыдан артып отыр. Биыл қала бойынша суицид мәселесімен 58 адам тіркелген. Оның 11-і нәзікжандылар болса, 47-сі ер адам.

Суицид, сондай-ақ тұқым қуалау, шизофрения, психоз, түрлі травма, ұзаққа созылған емі жоқ диагноздардың әсерінен орын алады. Мұндай жағдайда баланың бойындағы темпераменттердің бірі басым келеді. Баланың сезімтал немесе ашушаң, тұйық немесе аса эмоционалды болуы, девиантты мінез-құлыққа бейімділігі, өзіне зиян келтіруге құмарлығы суицид жағдайына алып келуі әбден мүмкін. Мінез-құлқы құбылып тұрады. Мұндай халде жүрген жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауы жайында мақсаты бары байқалмауы да мүмкін. Шын өмірін қиғысы келген адам алдын ала ешкімге нақты ештеңе айтпайды. Әрбір өлгісі келетін кісі суицидке саналы түрде, санасын жегідей жеген сұрақтарға жауап таппаған сәтте, қиындығының шешімі жоқ болып көрінгенде барады.

Жуырда Шымкент қаласында үш баласы бар келіншек бесінші қабаттан секірмек болған. Оны байқаған сол аймақтың тұрғындары полицияға хабарласқан. Дер кезінде жеткен тәртіп сақшылары суицид жасамақ болған келіншекті өз бастарын қатерге тігіп, аман алып қалады.

Нәзікжандылар көп жағдайда зорлық көріп, ары тапталса өз қорлығының шешімін өліммен түйіндейді. Жауқазындай жайқалып өсіп келе жатқан жас қыз абыройы тапталған сәт ел бетіне қарауға қысылып немесе оң босағада отырып жүкті болып қалған жағдайда осындай өрескел қадамға барып, өз-өзін өлімге итермелейді.

Небәрі 12 жастағы ауыл баласының мәйіті қорада асылып тұрған жерінен табылды. Бұл жас баланың әке қысымына шыдай алмағаны жөніндегі әңгіме желдей есті. Бала күнінен анасы мен әкесінің кикілжіңін көріп өскен 12 жасар жеткіншек, өтпелі кезеңге аяқ басқан сәтте әкесінің қорлығынан мезі болғаны соншалық, тыныш өмірді о дүниеден іздегені анық.

Ата-ананың айырылысуы да бала психологиясына ауыр тиеді. Мұндай жағдайда өзінің біртұтас ұғымына айналып, бөліп-жаруға келмейтін екі сүйікті адамының екі жаққа кетуі баланың санасына үлкен соққы. Осындай ауыр кезеңнен өткенде күйзеліске түскендердің жаны депрессияға душар болып, соңы суицидпен аяқталып жатады.

Міне, осындай түрлі жағдайлардың соңы суицидке алып келеді. Ел ішінде тараған қазақи нанымға сенсек, кейде әлдебір самайын ақ шалған шапанды қария көзге көрініп, жіп ұсынып, көндіріп алып кететін сәттері де кезігеді екен. Бірде редакцияға іздеп келген қара торы келіншек өзін бір ата иектеп жүргенін жеткізді. «Жалғыз қалсам болды, қолына жіп ұстаған ата «Жүр, қызым! Ол жақтағы өмір өте жақсы» деп ертіп кеткісі келіп жүрді. Бұл көрініс бірнеше рет қайталанды. Бірақ ешкімге тіс жарып айтпай, ішімнен тындым. Бір күні таңертең сиыр сауып болған соң, атаға еріп, қора жаққа бардым. Үйден емізулі бөпемнің жылаған даусын естідім. Бірақ ата мені асықтырып, үлгеруіміз керектігін айтқан соң мойныма жіп салдым. Сол сәт соңымнан іздеп келген күйеуім көз алдымда мысық асып өлтірді. Ырымы сол екен. Сол оқиғадан кейін емшіге апарып, оқытты. Ал әлгі ата міне бірнеше жыл өтті, қайта көрінбеді», деді. Дәл сондай оқиға 33 жасар дәрігердің басынан да өткен. Ол да жіп ұстаған қарияның өзіне үш рет келгенін айтады. Одан үнемі туыстары күдіктеніп, соңынан еріп жүргендіктен аман алып қалған екен.

Жан – Жаратушының адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Қаншама адам деніне саулық іздеп, бір жұтым ауаға зарығып, немесе денсаулығында мүкістігі болғандықтан, өз аяғымен тұруды арман етеді. Ал дені сау болып дүние есігін ашқан жас ұрпақ, аманатқа берілген өз тәніне қиянат жасап жүр. Өз жақындарын қайғыға салып кеткен жандардың өлімі ислам дінінде де ауыр күнә екені анық.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support