Артық жерлер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды

44

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурстары мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет» деп, игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне тоқталған болатын. Сондай-ақ Президент Үкімет пен әкімдерге келесі жылдың соңына дейін нақты шешім қабылдауды тапсырды. Президент міндеттеген тапсырма қалай орындалуда, жалпы облыстағы жер жағдайы қалай? Осы сұрақтар төңірегінде облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновпен сұхбаттасқан едік.

– Бақтияр Бейсенбайұлы, Президент өзінің Жолдауларында, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында жер мәселесіне үнемі тоқталып, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару туралы нақты міндет жүктеп келеді. Біздің облыстағы жер жағдайы қалай? Ауыл шаруашылығына арналған жердің күйі нешік? Бірінші әңгімемізді осыдан бастасақ…

– Облыстың жер қоры республика аумағының 5,3 пайызын алып жатыр. Яғни, 14,4 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер 4,7 миллион, елді мекендердің жерлері 672,2 мың, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс мақсатындағы жерлер 174,7 мың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері 11,6 мың, орман қорының жерлері 4 429,0 мың, су қорының жерлері 356,0 мың, босалқы жерлер 1 600,1 мың гектарды құрайды. Басқа мемлекеттің, атап айтқанда Ресейдің пайдаланымындағы жерлер 2490,0 мың гектарды алып жатыр.

Өзіңіз білесіз, облыс табиғи орналасу ерекшеліктеріне және қолда бар жер байлығына сәйкес, аграрлы-индустриялық аймақ болып саналады. Облыс аумағының 72 пайызы егін және мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Осыған орай ауыл шаруашылығына арналған жерлерді қорғау және тиімді пайдалану өзекті. Жоғарыда атап өткендей, ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі 4,7 миллион гектар. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, босалқы жерлерді қоспағанда, бұл жерлер 260 акционерлік қоғамға, 18607 жауапкершілігі шектеулі серіктестікке және 38 шаруа қожалықтарының пайдалануына берілген.

Ауылшаруашылық жерлерін пайдаланудың тиімділігін арттыруға кері әсерін тигізіп отырған факторлар да бар. Оның негізгісі жер пайдаланушы субъектілердің ұсақтығы. Ұсақ шаруа қожалықтары материалдық, техникалық және қаржылық жағынан әлсіз. Салдарынан егістік жерлердің біраз бөлігі жылма-жыл игерусіз қалып қояды. Екіншіден, Президент Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын атап көрсетті. Облыс егістікті суландыратын ағын судың 80 пайызын көрші Қырғыз елінен алатындықтан, суармалы егістік жерлердің қайтарымы төмен.

Жалпы жер қорын пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында жерді түгендеу және тексеру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырудың маңызы зор. Осы мақсатта басқарманың ұйытқы болуымен жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен облыста ауыл шаруашылығы жерлері, бұрынғы саяжайлар орналасқан алқаптар, орында жоқ алма бақтары мен жүзімдіктер алқаптары, өндіріс орындарына бұрындары қосалқы шаруашылықтарын жүргізу үшін берілген жерлер түгендеуден өткізілген. Сол сияқты, облыс аумағындағы бүлінген жерлердің есебі алынып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жерлер тексеруден өткізілді.

– Мемлекет басшысы Жолдауда комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылғанын, жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отырғанын атап көрсетті. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайтынын да еске салды. «Үкімет пен әкімдер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге нақты шешім қабылдауға тиіс», деп міндет қойды. Жолдау жүктеген осы міндеттің орындалуы туралы не айтасыз?

– Расында да кезінде қолы жеткендер мың-мың гектар жерді иеленіп алды. Еліміз бойынша 10 миллионға жуық жердің игерілмей немесе заңсыз берілгені Президенттің назарына ілінді. Осы орайда Үкіметке, жергілікті әкімдіктерге нақты міндеттер жүктеді. Бұл бізге де тапсырылған үлкен міндет.

Ал енді облыс аумағында игерілмей жатқан жердің жайына келер болсақ, 2017 жылдан бастап егістік жерлердің игерілуін космос арқылы мониторингілеу тәсілі қолданысқа енгізілді. Қазір бұл шараны соңғы екі жылдан бері республикалық бюджет есебінен Ауыл шаруашылығы министрлігі өткізіп келеді. Осы жұмыстың нәтижесінде игерілмеген 236 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптары мемлекет меншігіне қайтарылды. Аталған жұмыстардың жалғасы ретінде бос жатқан жерлер нақтыланып, геопорталға орналастырылды. Қазіргі кезде шартты жер үлестері пайлары бар облыс тұрғындарының есебін нақтылау жұмыстары қолға алынды. Нәтижесі бойынша артық жерлер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылатын болады.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану бойынша жайылымдар мәселесін айналып өту мүмкін емес. Бүгінде жайылым жерлердің жетіспеушілігі барлық облыстарға тән мәселеге айналып отыр. Жайылым тапшылығын 2023 жылдың аяғына дейін жою туралы тапсырма берілді.

– Осы жайылымдық жердің мәселесіне кеңірек тоқталып өтсеңіз?

– Облыстың жер қорында 8,1 миллион гектар жайылымдық жерлер бар. Оның 3,6 миллион гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер де 1,7 миллион гектар орман және 1,0 миллион гектар босалқы жерлер санаттарында орналасқан. Қолда бар жайылымдықтарды есептегі шартты мал басына шаққанда облыс бойынша жайылым жерлер жеткілікті болып шығады. Дегенмен бүгінде мал басы негізінен жеке шаруашылықтарда шоғырланғандықтан және малды жайып бағудың қалыптасқан жүйесінің бұзылуынан елді мекендерге бекітіліп берілген жайылым жерлер жетіспеуде.

Жағдайды нақтылау үшін облыстың прокуратура органдарымен бірлесіп, зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде елді мекендерге 683 мың гектар жайылым жетіспеушілігі анықталды. Қазіргі кезде мәселені жүйелі түрде шешу үшін бес бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы жайылым жерлерді елді мекенге беру жұмыстары басталды. 2021 жылы жалпы республика бойынша 1,8 миллион гектар жайылымдық жер қайтарылды, оның 730,2 мың гектары жергілікті халыққа пайдалануға берілді. Оның ішінде біздің облысымыз 227,5 мың гектарын бекітіп берді, 2022 жылы 98 мың гектар бекітілді. Ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендерге қайтарып беру жүргізілуде. Осы жерлер және елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан жайылым жерлерін ауылдық округтерге бекітіп беру басталды. Былтыр 13,6 мың гектар, биыл 18,6 мың гектар беріліп, жұмыс жалғасуда. Мал басы көп тұрғындардың малдарын орман қоры жеріне шығару ұйымдастырылуда. Орман қорындағы 1,0 миллион гектар жайылымға 242,9 мың мал басы шығарылды. Биыл 10 айда 155,0 мың гектар жер қосымша жалға берілді. Жер пайдаланушылармен өнімі жиналып алынған жерлерге және ауыл маныңдағы жайылым жерлерге кедергісіз мал жаюға шаруа қожалықтарымен меморандум жасау жұмыстары жүргізілуде. Көлемі 486,5 мың гектар болатын 2071 шаруа қожалығымен меморандум жасалды. Игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланудағы анықталған 252,3 мың гектар жайылым жерлердің бақылауынан былтыр 106,3 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылса, биыл 140 мың гектар қайтарылды. Биыл жалпы 415,8 мың гектар жайылым жерлер тексеруге жер инспекциясына ұсынылды.

Малды жайып бағуды ретке келтіруде Қазақстан Республикасы «Жайылымдар туралы» Заңның талаптарына сәйкес әрбір елді мекен бойынша Жайылымдарды пайдаланудың тәртібі мен сызбасы әзірленіп, бекітілді. Бұрын тек аудан көлемінде ғана әзірленетін. Осы жұмыстардың нәтижесінде ауыл әкімдерінің жауапкершілігі артқанын атап өтсем деймін.

Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында Жер комиссиясы құрамына қоғамдық кеңес, мәслихат депутаттары, мемлекеттік емес бірлестік өкілдері тартылған. Олардың үлес салмағы 50 пайыздан кем емес. Қағазсыз қызмет көрсету мақсатында жер қатынастары саласындағы 10 мемлекеттік қызметтің 9-ы немесе 90 пайызы электронды түрде көрсетіледі.

Сол сияқты, жердің сауда-саттығын өткізу электронды форматқа көшірілген. Аукциондарды электронды өткізу республикада Тараз қаласы екінші болып, Батыс Қазақстан облысынан кейін қолданысқа енгізіліп отыр. 2021 жылы Меркі ауданы республика бойынша аудандар арасында бірінші кезекте өткізді. Ендігі кезекте конкурстарды электронды жүйеге көшіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Басқарма тарапынан инвестициялық-инновациялық жобаларды жер ресурстарымен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау назардан тыс қалған емес. Агроөнеркәсіптік және коммерциялық объектілерді орналастыру үшін олардың нысаналы мақсатын белгілей отырып, жер мен аумақты аймақтарға бөлу сызбасы жасалып, мәслихатпен бекітілді. Айта кету керек, осы жерде аталған жұмыстарға мысалы, Алматы облысы 505 миллион теңге қаржы бөлген болатын, біз осы жұмыстарды архитектура және құрылыс басқармасына бөлінген қаржы есебінен жүргіздік.

– Облыс аумағында қолға алынып жатқан жобаларға жер бөлу мәселесі туралы да айта кетсеңіз?

– Соңғы екі жылда инвестициялық-инновациялық жобалар үшін 12 386 гектар жер учаскелері рәсімделіп, табысталды. Атап айтқанда, Сарысу ауданы аумағында «Qazaq Soda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2 903, «Qazaq Bio Product» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2 710, Қордай ауданы аумағында «Шокпар-Гагаринское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 1 505 гектар жер учаскелері берілген.

2021 жылы 21 жер қойнауын пайдаланушыға 413,7, 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 17 жер қойнауын пайдаланушыға 2 144,8174 гектар жер учаскесі берілді. Оның ішінде Мойынқұм ауданында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге 98,81, Жамбыл ауданында эолды құм және құм-шағал өндіруге 39,4, әктас өндіруге 23,6569, Т.Рысқұлов ауданында құм-шағал өндіруге 8,9, алтын өндіруге 47,8246, Қордай ауданында пайдалы қазбаларды өндіруге және тау-кен комбинатының құрылысы үшін 1 505,608, Шу ауданында мыс өндіру үшін 127,47, шөгінді тау жыныстарын өндіруге 40,31, Талас ауданында фосфор өндіруге 175,0, мәрмәртас ұнтағын өндіруге 10,65, Сарысу ауданында құм-шағал өндіруге 1,6479, Меркі ауданында шөгінді тау жыныстарын өндіруге 65,54 гектар жер учаскесі берілді.

Облыс аумағында жер қатынастарын және жер учаскелерін табыстауды реттеу және келісімдеу шараларының қолданыстағы заңнамалық актілер аясында атқарылып отырғандығын атап өтсем деймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

 Сұхбаттасқан

Амангелді ӘБІЛ.

 

Comments are closed.