- Advertisement -

Көкжиегі кең кәсіпорын

140

- Advertisement -

Бірреттік медициналық бұйымдар шығарумен айналысатын «Super Pharm» фармацевтикалық зауытының республикада өзіндік орны бар. Сондай ірі кәсіпорынның бірі біздің облысымызда он жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда өндіріс көлемі де еселеп артып отыр. Бастапқыда 15 түрлі медициналық бұйым өндірген зауыт бүгінде 400-ге жуық түрлі фармацевтикалық заттар шығарады. Бұрын шикізатты Ресей, Беларуссия мен Қытай мемлекеттерінен тасымалдаған өндіріс ошағы ендігі жерде бұл мәселені біржақты шешу жолдарын қарастырып, өткен жылы зауыт аумағынан шикізат дайындайтын жаңа зауыт құрылысын бастап кеткен болатын.

Жаңа құрылыспен бірге зауыт алаңында «Ерсад – 2021» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, тың жобаны басынан аяғына дейін жеткізді. Негізінен бұл өндіріс ошағы мамыр айында ашылу керек болған. Оған Қытай мемлекетінен әкелінетін құрал-жабдықтар мен оны құратын мамандар пандемия салдарынан ел аумағына кіре алмай, зауыт жұмысы кейінге шегерілген. Құрылыс жұмысы бір жылдан аса уақытты алған зауыт жақында іске қосылып, алғашқы өнімін шығарды. Сөйтіп «Super Pharm» фармацевтикалық зауытына қажетті шикізат өздерінің жаңа өндіріс ошағында дайындалуда. Мұнда «Спанбонд» типті тоқыма емес бұйымдар өндірілуде. Спанбонд – бұл өте жеңіл, экологиялық таза, ұзаққа созылатын, ең жұқа полипропилен жіптерінен дайындалатын, жылу өткізбейтін мата. Өндірісте ол қымбат материалдарды ауыстыру ретінде қолданылады. Материалдың негізгі қасиеттері – арзан, бойлық және көлденең бағытта жоғары беріктік, кесудің қарапайымдылығы, беріктігі, тұрақтылығы, ыстыққа төзімділігі, изотроптылығы (біртектілігі) және тыныс алуға жеңілдігімен ерекшеленеді.

Серіктестік құрылтайшысы Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты пандемия кезінде шикізаттан қатты тапшылық көрген. Шекаралар жабылып, мемлекеттер арасындағы байланыс аз уақытқа тоқтаған тұста, зауыт та жабылып қалудың аз-ақ алдында қалыпты. Дегенмен ол қиындықты өз күштерімен еңсере білген басшылық, бірінші кезекте шикізат қорын жасақтау керектігін түсініп, зауыт салуды жоспарлай бастайды.

– Фармацевтикалық зауытта тоқылмаған материалдан жасалған бірреттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, системалық құралдар, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырмалар, ота жасауға арналған құрал-жабдықтар жасалады. Оған керекті шикізатты Ресей мен Беларуссиядан жеткіземіз. Пандемия кезінде қатты қиналдық. Зауыт салу сол кезде ойымызға келген еді. Жобамызды жүзеге асыруға «Даму» қоры үлкен қолдау көрсетті, – дейді Қайрат Қаймолдаев.

«Даму» қорына қайырылған зауыт басшылығының өтінішін өңірдегі «Bereke Bank» АҚ мақұлдаған. Сөйтіп сыйақы мөлшерлемесі 15 пайызды құраған, «Даму» қоры тарапынан субсидиялау мөлшерлемесі 9 пайыз болса, ал қалған 6 пайызды компания төлеуде.

Жаңа ашылған зауыттың бас технологы Сергей Пак зауыт тәулік бойы жұмыс істейтінін айтты. Оның айлық қуаты 920 тоннаны құрайды. Онда 40 адам төрт ауысыммен жұмыс істеуде. Зауытта әзірге шикізат қорының, яғни іргесіндегі фармацевтикалық зауытқа қажетті тоқыма емес матаның төрт түрі шығарылуда.

– Ені екі метрді құрайтын бұл мата мұнай өнімдерінің қалдығынан жасалады. Оны жылыжай, ауыл шаруашылығы мақсатында және жол құрылысына пайдалануға болады. Ол су өткізбейтіндігімен де ерекшеленеді. Бұрын Ресей мен Беларуссиядан алып келген шикізатты енді өзіміз өндірудеміз. Дегенмен әзірге мұнай қалдығынан дайындалатын порафин, яғни күріш кейіпке келтірілген ұнтағын Қытай мемлекетінен алдырудамыз. Алдағы уақытта оны Атырау мен Ақтаудағы мұнай өндірушілермен келіссөздер жүргізу арқылы, сол өңірден жеткізуді қарастырудамыз. Қазір қарап отырсақ, шетелден тоқыма емес мата қорын біз бұған дейін 30-40 пайыз қымбат бағамен алып келіппіз, – дейді ол.

Ал цех жұмысшысы Салим Бектұров осы зауыттың құрылыс жұмысына араласып, енді жаңа мамандықты меңгеру үстінде екен. «Жаңа цехта жұмыс істеп жатқаныма көп болған жоқ. Жұмыс жақсы. Осы кәсіпке маманданып келемін. Қарап отырсам, мұндай жұмысты шетелдіктер ғана емес, қазақтар да істей алады екен», дейді ол.

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек аталған зауыттың ашылуында болып, зауыт жұмысына сәттілік тіледі. Қанатбек Мәдібек пен «HALYK BANK» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрлыбек Сейдахмет зауыттың лентасын қиды.

Алдағы уақытта бұл зауытта тек медициналық бұйымдарға қажетті шикізат қорын дайындап қана қоймай, ауыл шаруашылығы, жол салу және құрылыс жұмыстарына қажетті шикізат өндіруді, сонымен қатар шетелдерге экспорттауды да жоспарлап отыр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support