Іріктелген тауарлар ұсынылды
Іріктелген тауарлар ұсынылды
Соңғы кездері ауылдықтардың апта сайын Тараздағы орталық «Достық» алаңында өткізілетін жәрмеңкеде бағасы базардағыдан 15-20 пайыздай арзан, сапасы жақсы тауарларын молынан, қап-қабымен алып үйреніп қалған қалалықтар бұл жолы сауданың бәсін қыздыра түсті. Өткен жолы ауа райы қолайсыздау болып, аларын алып үлгермегендер бүгінгі жәрмеңкені асыға күткен сияқты.
– Бұл – күз басталғалы бері бесінші жәрмеңке. Әлі жыл аяғына дейін апта сайын өткізілетін болады. Қалалықтар қыстық азығын осы жерден қамдап үлгереді әлі, – дейді осы іс-шараны ұйымдастырушы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Оспан Бердияров. – Сарысу ауданы Тоғызкент ауылы «Береке» шаруа қожалығынан 220 килограмм жылқы, 180 килограмм сиыр етін әкелген едік, – деді Бақыт Рахметова атты қарындас. – Сиыр еті сатылып кетті. Жылқы етінің өтуі де жақсы. Жұмсақ тай еті. Түске дейін-ақ сөреміз тазаланып, ауылға қайтатын шығармыз мына қарқынмен. Өткен жолы Жуалының картобынан алып үлгермегендер Меркіден келген екі «КамАЗ»-дың қорабы ашылуын күтіп кезекте тұр. – Біздің тауар өндірушілер осымен төртінші жәрмеңкеге қатысып отыр. Ауданның «Ақтоған», «Ақарал», «Андас батыр» шаруа қожалықтары мен Меркі ірімшік зауыты, бірқатар жеке кәсіпкерлер өз тауарларын ұсынуда, – деді біз жәрмеңкеде жолықтырған Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов. – Меркі омарташыларының балы таза, құрамы бай. Таулы аймақ өсімдіктерінің гүлінен жинаған ғой бал аралары. Соғым айы жақын. Сондықтан болар жылқы етінің өтуі жылдам. – Әкімнің сөзін растағандай меркіліктердің ет сөресі алдында әжептәуір кезек тізіліп қалыпты. – Бұл жәрмеңкені ұйымдастырушыларға рахмет! Мұнда қажет тауарларыңның бәрі де бар. Бағасы базардағыдан сәл де болса төмен. Ең ыңғайлысы, ары-бері әуреленбей іздегеніңді бір жерден табасың және мұнда тазалық бар. Кезек күтіп сарылып тұрмайсың, уақыт үнемдегенге жақсы, – дейді жәрмеңкелеп жүрген Әбдірайым Уашев. Жәрмеңкеде діттеген бағасына өнімін өткізген тауар өндіруші де, қалаған затын қолжетімді бағаға алған тұтынушы да риза. Оны сатушы мен тұтынушы пікірлерінен аңғардық. – Қазақ туғандарға саудалауға әкелген жеміс-жидек, көкөніс, сүт, бал бәрі де ойдағыдай өтіп жатыр. Бізді осы жәрмеңкеге қатысуға шақырғандарына рахмет! – дейді қырғыз қызы Эльмира Аманова. – «Қырғыздардың балы таза болады» дегенді естіп, іздеп жүр едім. Таза балдың емдік қасиеті жоғары ғой. Құдай сәтін сап кездесе кеткенін қарашы, – дейді балдың үлкен бір құтысын алуға ақша төлеп жатқан Алмагүл атты замандас. – Денсаулықтан артық ештеңе жоқ. Иә, денсаулықтан артық ештеңе жоқ. Сондықтан жәрмеңкеде саудаға шығарылған тауарлардың экологиялық тазалығына баса назар аударылады. Тұтынушыға таза, сапалы өнім өткізіп, ақшасын қолма-қол қалтаға басқан тауар өндірушінің жүзі жарқын. Іздегенін тауып, қалағанын алып қайтып бара жатқан тұтынушы дән риза. Мақаланың соңғы нүктесін қояр алдында іс-шараға тікелей жауапты Нұрлан Нұрғазиевке хабарластық. – Жәрмеңкеде 51,7 миллион теңгенің тауарлары өткерілді. Келер жолғы жәрмеңке бұдан да қызу өтеді. Онда сатушы да, алушы да көп болатыны сөзсіз. Қыс жақындап қалды. Уақыт әбден жақындағанда қимылдайтын әдетіміз ғой, – деді Нұрлан өткенге есеп беріп, алдағы істерден хабардар етіп. Өткен жолғы жәрмеңкеде 38,7 миллион теңгенің азық-түлік тауарлары тұтынушылар игілігіне ұсынылған екен. Бұл жолы 51,7 миллион теңгенің тауарлары. Осының өзі-ақ жәрмеңкелерде сұраныстың көп екенін көрсетсе керек.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».