- Advertisement -

Халықтың сенімі – ең басты құндылық

70

- Advertisement -

Мемлекет басшысы «Ашық қоғам» халықаралық өңірлік зерттеулер институтының кезектен тыс президенттік сайлауда өткізген Exit- poll нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі «Toqaev2022» telegram-арнасына сілтеме жасап.

Exit-poll қорытындысы жарияланғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев штаб мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде аяқталған сайлау науқанын тарихи сәт деп атады.

– Бұл науқан біздің тарихымызда қалатыны сөзсіз. Exit-poll нәтижелері жарияланды. Әрине, біз сайлаудың ресми қорытындысын күтеміз. Дегенмен халық маған Президент ретінде және сіздердің барлығыңыздың еңбектеріңіз үшін сенім білдірді деп айтуға болады. Халықтың сенімі – ең басты құндылық. Менің ойымша, біз оны ақтауымыз керек. Сондықтан бүгіннен бастап бәріміз жұмысқа кірісуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ол күшті мемлекет құру үшін ең алдымен әділеттілік орнату қажет екендігін атап өтті. Онсыз реформаларды жүзеге асыру мүмкін болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев коалицияға жоғары сенім білдіргені үшін ризашылығын білдірді.

– Қоғамдық штабқа, сенім білдірілген азаматтарға, еріктілерге алғыс айтамын. Сіздер ауылдың, ең шалғай елді мекеннің, мемлекеттің әр түкпіріне бардыңыздар. Айтарлықтай үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздіңіздер. Мен бұл туралы ешқашан ұмытпаймын. Сондықтан бүгінгі нәтиже – біздің ортақ жеңісіміз! – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сайлау заңға сәйкес өтті және Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер барлық кандидаттарға тең мүмкіндіктер берілді.

– Олар өңірлерге еркін барып, сайлаушылармен кездесіп, үгіт жүргізді. Ешкімге қатысты шектеулер болған жоқ. Әр сайлаушыға таңдау еркіндігі берілді. Осылайша, бұл науқан әділ және ашық өтті, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік сайлау жаңа саяси дәуір ашатынына және алдағы уақытта биліктің барлық негізгі институттары реформаланатынына сенімді.

– Біз конституциялық реформаны нақты және дәйекті түрде жүзеге асыратын боламыз. Біз елдің саяси құрылымының жаңа жүйесіне көшеміз. Экономикада түбегейлі өзгерістер болады. Біз азаматтардың әл-ауқатын арттыратын боламыз. Осы мақсаттардың барлығын жүзеге асыру үшін бізге бірлік қажет. Сондықтан мен сіздерді бірлікке шақырамын, – деді Президент.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларды жаңа, әділетті Қазақстан құруға шақырды және барлығына амандық тіледі.
Ал «AMANAT» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 85,52 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасына дауыс берсе, 2,67 пайызы Жигули Дайрабаевқа, 2,61 пайызы Қарақат Әбденге, 2,43 пайызы Мейрам Қажыкенге, 1,93 пайызы Нұрлан Әуесбаевқа, 1,44 пайызы Салтанат Тұрсынбековаға дауыс берсе, 3,4 пайыз азамат барлығына қарсы екенін білдірген. Сайлаушылардың қатысуы 67,71 пайызды құрады. Сауалнама бүкіл Қазақстан бойынша 600-ге жуық сайлау учаскелерінде жүргізілді.

«Ашық қоғам» халықаралық өңірлік зерттеулер институты жүргізген сауалнаманың деректері бойынша нәтижелері мынадай: Қарақат Әбден – 2,54 пайыз, Нұрлан Әуесбаев – 2,14 пайыз, Жигули Дайрабаев – 3,33 пайыз, Мейрам Қажыкен – 2,23 пайыз, Қасым-Жомарт Тоқаев – 82,45 пайыз, Салтанат Тұрсынбекова – 2,08 пайыз, барлығына қарсы 5,2 пайыз дауыс берілген.

Сондай-ақ «Социс-а» институтының деректері бойынша exit poll нәтижелері Қарақат Әбден – 2,84 пайыз, Нұрлан Әуесбаев – 2,38 пайыз, Жигули Дайрабаев – 3,68 пайыз, Мейрам Қажыкен – 2,62 пайыз, Қасым-Жомарт Тоқаев – 82,45 пайыз, Салтанат Тұрсынбекова – 2,24 пайыз, барлығына қарсы – 4,22 пайыз. Зерттеуге сәйкес азаматтардың қатысуы 70,6 пайызды құраған.

Сайлау науқанына облыс тұрғындарының да белсенді қатысқанын атап өткен жөн. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала болжамдық көрсеткішінде жамбылдықтардың 79,57 пайызы өз дауыстарын берген.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының «Астана» шағынауданындағы No53 мектеп-гимназиясында орналасқан No50 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Аталған учаскеде барлығы 2839 сайлаушы тіркелген.

Облыс әкімі бұл науқан ел болашағы үшін аса маңызды күн екенін атап өтіп, өңір тұрғындарын өздерінің Конституциялық құқығын пайдалана отырып, белсенді болуға шақырды.

Сайлау науқанына сақадай-сай дайындалып, заң аясында белсенді жұмыс істеген учаскенің бірі – Тараз қаласындағы No54 мектепте орналасқан No492 сайлау учаскесі болды. Аталған сайлау учаскесінің төрағасы Үсен Қалдыбаев мұнда барлығы 3000 сайлаушы тіркелгенін айтты. Ал «Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ облыстық филиалы атынан қатысқан байқаушы Рая Жауғашева мұнда азаматтардың белсенді қатысып жатқанын және ешқандай заңбұзушылық орын алмағанын айтты.

Тараз қаласындағы No11 мектептегі No13 сайлау учаскесі де ала таңмен таласа дауыс берушілерге қызмет көрсетті. Аталған сайлау учаскесіне 2316 сайлаушы тіркелген болатын. Сонымен қатар онда 11 сайлау комиссиясы жұмыс жасады. «Дауыс беру ойдағыдай өтті. Сайлау барысында ешқандай заңбұзушылықтар орын алған жоқ. Ең бастысы, сайлаушыларымыз өз таңдауларын жасады.

Учаскеде тіркелген он адам денсаулығына байланысты өз үйлерінен дауыс берді. Біз үшін бұл болашағымыздың қандай боларын бағдарлап, сол бағытты дұрыс таңдайтын өте жауапты сәт болды», дейді No13 сайлау учаскесінің төрағасы Нүрила Қарауылова.

Учаскеге қарасты сайлаушылар арасында жас отбасылар, көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығына дауыс беруге мүмкіндік жасалды.

«Еліміздің небір қиын кезеңдерін көзбен көрдік. Аянбай еңбек етіп, тылда тер төктік. Еңбексүйгіш адам ешқашан ешкімге алақан жаймайды. Бұл өмір дәлелдеген шындық. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы, әсіресе жастар еңбекпен есейсе екен деймін. Өсіп келе жатқан шөберелерімнің болашағы жарқын болса екен деп өз дауысымды бердім», – дейді зейнеткер Күлзия Орманова.

Тараз қаласындағы No17 орта мектепте орналасқан No11 сайлау учаскесінде сағат таңғы 07:00-де еліміздің Әнұраны шырқалып, жұмысын бастап кетті. Бұл учаскеде 2396 сайлаушы тіркелген. Таңдау жасауға құқығы бар осынша адамның ішінен Халмат Абдуллаев ақсақал ең алғашқы болып дауыс берді.

Екінші болып дауыс берген Ергеш Нұрбаевтың да саяси науқанға құрметпен қарайтынын байқадық. Өзгелерге үлгі болған бұл кісілерге аталған учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Мұхтар Досмаханұлы сыйлықтар ұсынып, алғысын білдірді. Ал учаскедегі ең жас сайлаушы ретінде Айдана Әбілова тіркелді. 19 жастағы Айдананың сайлау науқанына алғаш қатысуы екен. «Бүгін өмірімде бірінші рет дауыс беру құқығына ие болып, таңдау жасадым. Еліміздің ертеңі жарқын болсын», – деген ол комиссия тарапынан арнайы сыйлыққа ие болды.

Сайлауға әркім әрқалай жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, 29 жастағы Ғабит Әбек деген азамат ұлттық киіммен келіп дауыс берді. Оның осынау елдің таңдауы жасалған күнді мерекедей сезінгені қуантты. Ал 75 жастағы Қыдырбай Піралиев ақсақал денсаулық жағдайына қарамастан саяси додадан қалмай, дауыс берді. Бұл кісілер де белсенді сайлаушы ретінде сыйлыққа және Алғыс хатқа ие болды.

«Aq jol»-дың тілшілер тобы

Маржан РАҚАЙ,

Есет ДОСАЛЫ,

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support