- Advertisement -

Отбасы тәрбиесі – қуатты мемлекет негізі

98

- Advertisement -

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалада: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», деп атап көрсетілгені белгілі. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіріп өсетіні анық. Ендеше, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ел болып, ұлт болып қаламыз десек, «Ұлттық тәрбие» бастауын отбасы ошақ қасынан бастауымыз қажет.

Қай қоғамда өмір сүрмейік, ұрпақ – ол біздің болашағымыз, жарқын күндеріміз.Сондықтан болашағымызды қазіргі сәттен жақсы тәрбиелесек, ертеңгі күнімізге сеніммен басуға болады деп нық айта аламыз. Мемлекет көптеген отбасылардан құралған құрылым болса, отбасы мәселелері ата-ананың, дана халқымыздың дәстүрлі рухани дүниетанымымен ұштасып жатыр. Көп қиындық көріп даналыққа жеткен, көпұлтты, көпконфессиялы қазақ елі 30 жылда еліміздің бірлік пен сабырлыққа негізделген дана саясаты негізінде рухы биік, өрісі кең, қуатты, әлем таныған, мемлекетке айналды.

Дамыған 30 елдің қатарына қосылу дегеніміз, әрбір отбасының мәдени, әлеуметтік, экономикалық жағдайы өте жоғары жағдайда болуы қажет деген сөз. «Қазақстан – 2030» Қазақстан халқына Жолдауында: «Бізге жергілікті деңгейде де отбасын, әйелдің жүкті кезін және балаларды тәрбиелеуді қолдаудың жаңа жолдарын табу керек. Неке мен отбасы институтын нығайтудың жолдарын мұқият талдау, жалғызбасты аналар проблемасын шешу керек. Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, жұбайлардың бір-бірінің алдындағы, ал ең бастысы балаларының алдындағы жауапкершілігін күшейтуге тиіспіз. Ата-аналар балаларына, ал балалар өздерінің қартайған ата-аналарына қамқор болғанда, әйел отбасы мен қоғамда құрметке ие болғанда – еліміз үшін алаңдамауға да болады. Бұл ұсыныстар Қазақстан халқына қашанда тән болған, оларды жандандырып, жан-жақты қорғау қажет» делінген.

«Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» атты халыққа Жолдауда: «Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады. Келешекте мұғалім мамандығы ең беделді мамандықтардың бірі болуы керек. Әрине, мұғалімнің өзі де уақыт талабына сәйкес болуы міндетті» делінген.

Бұл айтылғанның педагогикалық мәні мынада:

Бәсекелестік – қашанда дамудың басты құралы, ал қабілеттілік кез келген іс-әрекеттің тиімді шешілуіне икемділік. Бұдан Қазақстан, оның экономикасы мен халқы бәсекеге қабілетті болу үшін ұлттың бәсекеге қабілеті болу керек, ол қабілет ұлттың білімділік деңгейімен айқындалады. Ұлттың білімділік деңгейі жоғары болу үшін мектептің жаңа типін құру және жаңа формациядағы педагог даярлау қажет.

Жаңа типті мектеп – ол ұлттық мектеп.

Бұл стратегиялық міндетті шешудің жаңа жолдарының бірі қазіргі отбасылық тәрбиені жақсарту, ол үшін қазақ халқының отбасылық тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жандандырып, оны әрбір отбасына ендіру қажет. Отбасылық тәрбие – ұлттық тәрбиенің, қуатты мемлекеттің негізі, ал ұлттық тәрбие алған ұрпақ еңбекқор, дені сау, білімді, ақылды, иманжүзді, адамгершілігі мол, сұлу да сымбатты, ұлтжанды азамат болып өседі. Қазақ халқында отбасылық ұлттық тәрбие ана құрсағынан басталып, адамды өмір бойы және оны ол дүниеге шығарып салумен аяқталатын әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер негізінде үздіксіз жүргізіліп, іс-әрекеттер мен қарым-қатынастар арқылы жүзеге асырылған.

Қазіргі қазақ қоғамында кеңестік кезеңнен қалған иммунопсихологиялық проблемалар кеңінен орын алып отыр. Олар:ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін және дінін білмейтін жастар; тастанды жетім балалар мен «қиын» балалар; қарттар үйлерінде жылап отырған әжелер мен аталар; отбасын құрмаған немесе ажырасқан жастар; жезөкшелік; көргенсіз және тәртіпсіз қыз мен ұл, олардың түрлі қылмыс жолына түсуі; жұмыссыздық, темекі шегетін, наша тартатын және ішкілік ішетін жастар; ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуға жағдайы мен уақтысының жетіспеуі және тағы басқалар.

Біздіңше, осы аталған қасіреттерден құтылудың, оларды болдырмаудың ұзақ та қиын, бір ғана жолы бар, ол қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ескеріп және оларды басшылыққа алып, бүкіл халқымызға, әсіресе қазіргі және болашақтағы ұрпағымызға отбасында ұлттық тәрбие беру.

Олай болса басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.

Рухы асқақтаған, бірлік пен сабырлыққа негізделген толеранттылық саясатының жемісі негізінде өзге ел, ұлт, ұлысқа үлгі болар, ұстанымы мықты отбасындағы тәрбие жемісі – отбасы, оқу орны, әлеуметтік орта мен ата-аналардың, ұстаздардың дүниетанымына сәйкес және жас ұрпақтың парасатты ойы, нақты ісі мен жүріс-тұрысына, қарым-қатынасына байланысты болып тұр. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарынан ұлт рухының әлсіреп, өскелең ұрпақтың дүниетанымына сәйкес ұстанымы қалыптаса қоймағанын пайдаланып, жеріміз бен байлығымызға қызыққан түрлі ағымдар мен секталар санамызды жаулап алу әрекеті мен ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, білім мен тәрбие салалары арқылы қаржысы мен айласын аямай, пиғылдарын іске асыруда.

Мұның салдары экономикамыз бен мәдени дамуымызға әсер етіп, өмірлік көзқарасы қалыптаспаған жастарымыздың шет мәдениетіне еліктеп, теріс іс-әрекеттерге, атап айтқанда, мақтаншақтық пен мансапқорлық, жауыздық пен жезөкшелікті, маскүнемдік пен парақорлықты күшейтіп, ұлттық құндылықтарымызды әлсірету мақсатымен еліміз бен бірлігімізге қарсы насихат көріністері жағдайында не істеу қажет деген мәселелер ел зиялылырын толғандыруда. Ақпараттық құралдарының сөзіне сенсек, қазіргі қазақ жастарының арасында 120.000 қыз үйде отырса (тұрмыс құрмаған), 40.000 астам сүрбойдақ бар екен. Қазақ қыздарының жат қылықтарға баруы (жезөкшелік, шылым және наркотикалық заттарға әуестілігі) көптеп барады. Халық болып, мемлекет болып жан-жақты күрес жүргізу қажет.

Дана халқымыз қыз психологиясының ерекшелігін жақсы түсіне білген. Әрбір отбасы әке-шеше, аға-жеңге бойжеткен баласын ылғи да жібектей мінезімен, уыздай тәтті қылығымен, іскерлік-ұқыптылығымен көргісі келген. Оларды кішкентайынан көздің қарашығындай сақтап, әлпештеп, мәпелеп жаны мен арының таза, мінезінің жайсаң болуын қадағалап отырған, жасөспірім шақтағы олардың балқыған, шалқыған, еліктегіш қасиеттерін ескеріп, оған «қырық үйден тыю» салу керектігін де үнемі еске алған.

Халықтың дәстүрі қыз бала тәрбиесінде ереже ұсынбайды, тек бағыт-бағдар береді, өнеге көрсетіп, әдептілік жөн-жосығын нұсқайды. Оның барлық сыры мен сынына әдебі мен мінезіне, тілі мен дініне, мінезі мен құлқына орай өрілген төрт ұғым төңірегінде топтасады. Бүгінгі бойжеткен ертеңгі отбасы ұйытқысы, болашақтағы асыл жар, аяулы ана, ел ардағы ақылман әже. Бала тәрбиесіндегі әйел-ананың орны ерекше. Өйткені ана тілі, ұлттық ерекшелік, адамға жақсылық атаулы ана сүтімен сіңеді. Сондықтан әйел болмысының өзгеруінің әлеуметтік себептерінің алдын алып, оны әуел бастағы табиғат алдындағы ұлы міндеті – бесігінен ажырамауына қамқорлық жасау.

Баланы кішкене кезінен анасының сүтін өтеуге баулу, бүкіл қоғамда әйелге, анаға ерекше ілтипат қалыптастыру, оған қамқорлық жасау қажет. Сондай-ақ бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігін, тәрбиелеу мүмкіндіктерін арттырудың да маңызы ерекше. Өйткені отағасы – шаңырақтың қорғаны, асыраушысы, қамқоршысы, ақылшысы. Сондықтан қазақ әулетінің ер-азаматты бағалау, пір тұту дәстүрін одан әрі жалғастыру қажет.

Қыз баланың тәрбиесі ең алдымен анаға байланысты. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген мақал тегін айтылмаған. Әулеттен әулетке қалған мұра имандылық пен инабаттылық болса «Жігіттің жақсысын – қыздай, қыздың жақсысын – уыздай» деп айтуда да терең мән жатыр.

Қазақтың әйгілі ақыны Т.Молдағалиевтің мына төмендегі өлең шумақтары да осыны білдіреді.

Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,

Көтер оның мерейі мен беделін.

Өз қызыңды сыйлағаның, ол сенің,

Өз анаңды мәңгі құрметтегенің.

Тағылымы мол тарихқа көз жүгіртсек VІІ-VІІІ ғасырда пайда болған оғыз-қыпшақ мемлекетінің оғыз тайпасынан шыққан әйгілі ақын, күйші, дарынды данышпан, Қорқыт тағылымдарында отбасындағы ең әуелі ананы сыйлау, әкені құрметтеу, отбасындағы жарасымды қарым-қатынас, ұл мен қыз тәрбиесі, әйел-ананың ақыл-ойы ерге беріліп, ел үшін ерлік жасауға, ана абыройы, отбасының татулығы қастерлене баяндалады.

Жүсіп Баласағұнның ерекше көңіл аударуға тұратын, бүгінгі педагогикалық қағидалармен терезесі тең тұрып пікір таластыра алатын пайымдауларының бірі – баланы бөтен жерге бермей, өз қолында, үйде тәрбиелеу мәселесі.

Ай маңдайлы ұл-қыз туса алдында,

Үйіңде өсір бөтен жерде қалдырма.

Қолдан ерте шығарсаңыз сіз егер,

Ұл-қыздан қайыр жоқ үмітіңді үзе бер.

Ал қазіргі адамзат даму барысында балалардың ата-анасынан, әсіресе ана тәрбиесінен, аналық мейірімнен, шапағаттан шеттетіліп, балабақша, тәрбиеші жалдап өз баламыздың тағдырын өзгеге тапсыру жайлап бара жатқандығын сол кездің өзінде сезгендей әсер қалдырады.

Орта ғасыр ойшылы М.Қашқари ата-аналарға балаларыңыз өскенде оларды отбасын құруға дайындап, үйленуге жол сілтеңіз дейді. Онда балаларды өздерінің ұнатып қалаған адамдарына қосылуын қолдауын жөн көрді. «Ей перзентім, күйеу бала сүйкімді болсын, қызыңды көріксіз адамға берме. Өйткені қыз көріксіз жігітке көңілі елікпейді», деп ата-аналарға қыз баласының сезімін бағалап, көңілі қалаған адамына тұрмысқа шығуын қолдауға кеңес береді. Сонымен қатар М.Қашқари отбасында татулық пен ынтымақтастық болуы үшін жар таңдауда үнемі адам өзінен дәрежесі төмендеу жердің қызына үйленуге немесе өзінен тұрмыс-дәрежесі төмендеу жігітке тұрмысқа беруді дұрыс деп санайды. Оған дәлел «Күйеу балаң мемлекет және қызмет бабы жағынан сенен төмен дәрежеде болуы керек.

Демек, сені пайдалансын, сен күйеу балаңды пайдаланба. Қызың ізет, үрмет, рақатпен өмірін өткізсін. Сондықтан да күйеуден көп нәрсе талап етпе» деген сөздері дәлел. Қазақ ағартушылары Ыбырай мен Абай да отбасы тәрбиесіне айрықша мән берді. Абай әйелді кем тұтқан жоқ, ерлермен тең қоғамның белсенді мүшесі санады. «Масғұт» поэмасында Масғұт қарақшының қолына түскен қарт адамды арашалайды. Сонда қарт «Сен маған жақсылық жасадың, енді мен саған қарымын қайтарайын. Ертең пәлен уақытта қаланың сыртындағы молаға кел» дейді. Келген соң әлгі қарт Масғұтқа үш түрлі жеміс ұсынады.

Ағын жесең ақылың жаннан асар,

Сары жесең байлығың судай тасар,

Егерде қызыл жеміс алып жесең,

Ұрғашыда жан болмас сенен қашар, –

дейді. Масғұт қызыл жемісті таңдайды. Қарт оның себебін сұрағанда, «Әйел де халықтың көп бөлігі ғой, олармен дос болсам, маған қауіп жоқ»,– дейді Масғұт.

Тектілікті ту еткен ата-баба дүниетанымына келетін болсақ, отбасы тірегі отағасының дүниетанымына сәйкес, дәстүрді қастерлей білген ұл, қыз, ата-ананың тәрбие көрген ортасына байланысты болған.

Адам баласы үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өйткені адамның ой-санасы өсіп, ақыл-ойының кемелденуі үшін де тіршілік нәрі санаға отбасынан кіреді, отбасында көрген жақсы-жаман қылықтардың бәрі бала сезіміне әсер етеді, күллі парасат, пайым отбасынан өрбиді деп ұғады. Сондықтан қазақ салтында отбасының тәлім-тәрбиесі ерекше дәстүр. Сол отбасының ұйытқысы – әке мен ана. Әке – отбасының иесі, қорғаны, қамқоры, ал ана – отты өшірмей, маздатып жағушы, жылылық иесі. Осы екі киеден қуат алған ұрпақ әрқашан еліне жақсылық сәулесін себетін айбынды азаматқа айналады. Ата-ананың мұраты – өрендерінің жүрегіне ізгіліктің, салауаттың таза, мөлдір, тұнық қалпымен дамуы. Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде «Отбасы – шағын мемлекет. Мен – президент, сен – премьер» деген екен.

Қазір дүниежүзі отбасы құндылықтарына қайта мән бере бастады. Біздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Халықаралық отбасы күнін белгіледі.

Бала тәрбиесінде, әрине, отбасының атқаратын қызметін ештеңемен салыстыруға келмейді. Ата-ана мен бала, ұстаз бен шәкірт арасында тәрбие деп аталатын мораль заңы бар. Олар бірі-бірімен тығыз байланысты болса ғана, үлкен мақсаттарға жете алады. Баласының тағдырына әрбір ата-ана жауапты.

Кей жағдайда қайсыбір ата-аналар жұмысбастылыққа салынып, бұған мән бермейді, тіпті кейбір ата-аналар тарапынан баланы бұзу жағдайлары да байқалады. Мысалы, ата-аналардың өзіне ерік беріп бала алдында түрлі қылықтар жасауы, дөрекі іс-әрекет жасауы, жаман сөз айтуы, баланың есейгендігін аңғармауы, оларды құрметтемеуі, үйінің шырқын бұзуы баланың иманжүзділігін бұзып, теріс қылықтардың орын алуына ықпал етеді. «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер» деп мақалдайтын бабалардың сөзін кейінгіге жеткізіп келеміз. Сондықтан қазақ халқының өткен тарихына көз жіберсек, әрбір отбасы дүниеге келген жас нәрестені зор қуанышпен қарсы алып, жақсы дәстүрге, аманшылық, имандылыққа, ізгілік қасиеттердің басым болу керектігіне тәрбиелегенін аңғаруға болады.

Бүгінгі жас бала – ертеңгі қоғам мүшесі. Болашақ қоғам мүшесін дені сау, саналы да қабілетті етіп өсіру үшін баланы балғын кезінен өмірге баулу керек. Адамзат ұрпағына отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Балаға ата-ана тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алмайды.

Қазіргі таңда отбасы тәрбиесінің көп аспектілі мәселелері мемлекет тарапынан қолдау тауып, бірқатар игілікті істер атқарылуда. Оған әрбір туылған нәресте үшін берілетін жөргекпұлдың пайыздық өсуін, балалар ауруханаларының саны мен сапасының артып, балалардың тегін емделуін, балабақшалар мен мектептердің көптеп салынуы, ұстаздардың жалақылырының көтерілуі тағы басқа факторлар дәлел. Бұл фактілер халықтың әлеуметтік-экономикалық және демографиялық өсуге деген ынтасын біршама арттырып отырғандығын көрсетеді.

Өкінішке орай, нарықтық қоғам жағдайында әлеуметтік бағытта бірқатар игі істер жолға қойылып тұрғанымен, отбасы тәрбиесіндегі кемшіліктердің көрсеткіштері керісінше төмендемей отыр. Отбасындағы ата-аналар өз балаларының тәрбиесін мектеп міндетіне жүктесе, көпшілік әлеуметтік ортаның ықпалын көлденең тартады. Соған қарамай, әр адамның жеке басының бақытын қамтамасыз ету отбасының міндеті болып саналады және әлеуметтік құндылықтар болып табылатын мақсаттарды жүзеге асыру, жас ұрпақты әлеуметтендіру бұрынғысынша отбасының жауапкершілігінде қала береді.

Балаларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін тиімді пайдалану керек. Теледидардың балаға, екі қабат әйелдің жатырында жатқан 6-7 айлық ұрықтың өзіне қалай әсер ететініне американдық ғалымдар ғылыми талдау жасаған екен. Сонда кішкентай ұрықтың өзі рок музыкаларын ойнағанда кірпідей жиырылып, бүрісіп қалады екен де, Моцартты ойнағанда бостандыққа шыққандай жазылып, рахаттанғандай кейіп көрсетіпті. Бұл мысал біріншіден, теледидардың жағымды, жағымсыз әсерін айқындаса, екіншіден, дана халқымыздың бала тәрбиесі құрсақ тәрбиесінен басталады деген көрегендігінің дәлелі.

Енді не тіршілік жасасақ та ұлттық мүддені мақсат етуіміз керек. Себебі Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан біздің еліміз қазірдің өзінде Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің, ірі діни конфессиялар мен әртүрлі саяси көзқарастар арасындағы бейбіт сұхбаттың алтын көпіріне айналып, жаһандану мен бүкіләлемдік рухани бірегейлену процесінің асау иіріміне тартыла бастады.

Еліміздің бүгінгі негізгі мақсаты – бәсекелестікке қабілетті 30 дамыған мемлекеттер қатарына кіру болса, оның негізгі алғышарттарының бірі – жастарға жарасымды тәрбие беру.

Қоғамның белгілі қайраткері, ақын М.Шахановтың «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек» дегенін әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, оқушыларға салт-дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Өйткені бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында, екінші – мектепте болғандықтан, ата-ана мен мектеп, яғни мұғалімдер мен жұртшылық тығыз байланыста болуы шарт нәрсе.

Өркениетке қадам басқан тұстағы басты бағыттардың бірі – ұлттық тәлім тәрбие мен сапалы білім беру.

 

Лескүл ИБРАИМОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support