Ақша неге жетпейді?
Ақша неге жетпейді?
Жалпы бүгінде еліміздің қаржы нарығы әжептәуір табысқа қол жеткізді деп нық сеніммен айта аламыз. Елімізде банкке несие алу үшін жүгінбеген жұрттың саны кемде-кем. Нарықта тұтынушылардың капиталын ұлғайтуға бағытталған мүмкіндіктер де жетіп артылады. Бұл мақалада біз алдымен инвестициялау, ақша жинау психологиясына тоқталмақпыз, себебі адамның ақшаға деген көзқарасы, қарым-қатынасы өзгергенде ғана оның қаржылық жағдайы да біртіндеп өзгере бастайды. Ақша тапшылығын бастан кешпеген адам әлемде жоқ, сірә. Қай мемлекетті алсаңыз да, қаржылық жағдайына көңілі толмайтын жұрт жетіп артылады. Әлеуметтанушылардың айтуынша, бұл мәселе елдегі өмір сүру деңгейіне байланысты емес. Әдетте адамдар қаражатын үнемдеу жөнінде көп ойлана бермейді, тапқан табысын түгел жұмсап, жалақының көбеюін күтеді немесе шығынның орнын толтыруға мүмкіндік беретін жаңа табыс көзін күтеді. Көп жағдайда адамдар «өзгелерден қалып қоймау керек» деген ойдан, жарнаманың әсерінен қарызға кіріп жатады. Жарнама атаулының мақсаты да сол, жұрттың қалтасын жұқарту. Сөйтіп, жарнамаға елірген азамат көп ақша табуды мұрат етеді де, неғұрлым көп ақша тапсам, қалағанымша жұмсаймын деп ойлайды. Сосын ақша түскенде ол қымбат мейрамханалардан тамақтанып, қымбат көлік мінуге ұмтылады. Алайда оның қарыздары мұнымен азаймайды, керісінше, ұлғаяды. Неге десеңіз, табыстың ұлғаюымен оның қаржылық жағдайы өзгере қоймайды, ол үшін ең алдымен ақшаға деген қарым-қатынасты өзгерту керек. Бүгін қолда бар ақшаны жарата алмаған адам, табысы екі есе жоғарылап жатса да, бәрібір жеткізе алмайды. Себебі пайыздық көрсеткіш өзгермейді. Егер бүгінгі жалақыңыз 100 мың теңге болса, одан үнемдеген 10 пайыз 10 мың теңгені құрайды. Ал 200 мың теңгенің 10 пайызын үнемдеу қиындау, себебі қаржы мөлшері екі есе көп, 10 мың теңгені емес, 20 мың теңгені үнемдеу керек болады. Өзіне тек қымбат бұйым, қымбат киім сатып алуды әдетке айналдырған бай адамның бейнесін шынайы кейіп деп айта алмаймыз. Американдық экономистер Томас Дж.Стэнли мен Уильям Т. Данко зерттеу жүргізген. Нәтижесінде шетелдік миллионерлердің басым көпшілігінің күнделікті шығыны қарапайым адамдардың шығынымен пара-пар болып шыққан. Мысалы, миллионерлердің елу пайызының үстеріне киген костюмдері 399 АҚШ долларынан қымбат емес, сол сияқты олар өз өмірлерінде ешқашан 235 доллардан жоғары бағаға сағат сатып алмаған. Жалпы миллионерлер өз отбасымен, туған-туыстарымен араласқанды бірінші орынға қойса, екінші ретте өзінің қаржылық жағдайын сараптап, оны инвестициялаудың жаңа бір түріне салу жағын ойлап, соны жоғары қояды екен. Бізде ше? Осындай зерттеу біздің елімізде де жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша қазақстандықтардың үштен екісі инвестиция жасауға әзір емес екендерін айтқан. Біздің отандастарымыз капитал жинаудың мәні жоқ деп есептейді екен тіпті. Ал миллионерлердің көбісі жоғарыда айтқанымыздай, қаржыларын инвестициялап, үнемдей отырып, көбейте алған. Әлемдегі ең табысты инвестордың бірі Уоррен Баффет өз капиталын жоқты бар етіп жасаған. Қарапайым газет тасушы болып бастаған Баффеттің байлығы бүгінде 100 миллиард АҚШ долларға жеткен. Себебі ол әрқашан қарапайым өмірді қанағат тұтқан, қымбат коттедж, қымбат мейрамханадан гөрі, табысын инвестициялауды жөн көрген. Өз табысын үнемдеп, қадағалап отыру бай адамдардың басты ерекшелігі. Әрине, оқырмандар арасында «Егер миллионер болу үшін үнемі әр нәрседен бас тартып, шектеу қойып отыру керек болса, оған талпынып керегі не?» деген пікір болуы да мүмкін. Бірақ бюджетті бақылап, қадағалау принципінің маңыздылығы – миллионға қол жеткізу ғана емес. Үнемдеу мен бақылау принципі банкротқа ұшыраудың алдын алудың бір жолы. Сондықтан үнемдей отырып, инвестициялауды, ақша жинауды үйренген жөн. Пассивті табыс аса көп уақытты талап етпей-ақ түскен табыс – адамның табыс деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Дәл осы табыс, «уақыт – ақша» деген қағиданы ұстануға мүмкіндік береді. Егер сіздің табысыңыз қандай да бір жұмысты орындау қабілетіңізге ғана байланысты болса, онда сіз және сіздің отбасыңыз қаржылық тұрғыда қауқарсыз қалып отыр. Егер сіз жұмыс істемесеңіз, мамандығыңыз кім болса да, сізге ешкім бостан-бос ақша төлемейді. Айталық, өзінің спорттық деңгейін, қалпын шыңдауды қойған футболшыға не концерт қоюдан бас тартқан әншіге ақша үшін өз уақытын сарп етуге тура келеді. Өйткені олардың есепшоттарына ақша түсу тоқтап қалған. Енді олар өзге де мүмкіндіктерді қарастырып, жұмыс іздеулері керек. Ал егер қаржылай тәуелсіз боламын, қаржы тапшылығынан құтыламын десеңіз, көп ойланбай ақша сізге қызмет ететін деңгейге шығудың жолын қарастырыңыз.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.