- Advertisement -

Қант диабетінен қауіп көп

93

- Advertisement -

Қант диабеті – қауіпті дерттің бірі. Артық салмақ, қимыл-қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау – мұның барлығы қант диабетіне алып келуі мүмкін екендігін айтып, мамандар дабыл қағып жүр. Жалпы диабет сөзі – грек тілінен аударғанда сүзгіден өту, яғни сүзілу деген ұғымды білдіреді екен. Бүгінгі таңда әлемде осы патологиямен ауыратын науқастардың саны 463 миллионнан асыпты. Ал облыста 20 мыңға жуық адам есепте тұр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша соңғы 15 жылда елімізде қант диабетімен диспансерлік есепте 382 мың адам болған. Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 431871 адамды құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштің айтарлықтай өскенін аңғартады.

Бұл дерттен қалай қорғану керек? Аурудың алдын алу үшін, бұл кеселге шалдықпау үшін қандай шаралар қолдануға болады? Осы жөнінде толық мәлімет алу мақсатында «Zanuya» емханасының дәрігер-эндокринологы Эльмира Ағабаевамен тілдескен едік.

– Қандағы глюкоза деңгейінің артуы осы дертке шалдықтырады. Диабет кейбір органдардың, әсіресе көз, бүйрек, жүйке, жүрек және қан жолдары тамырларының зақымдалуына немесе тиісті деңгейде жұмыс істей алмауына алып келеді. Аурудың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, салауатты тамақтанып, ұдайы дене күші жүктемелерін жасау қажет. Қажеттен артық тамақтану және дене еңбегімен шұғылданбау семіздікке әкеліп соқтырады. Қант диабетінің көп таралу себептерінің бірі де осы семіздікке тікелей байланысты. Ал «не пайдалы, қандай тағам тұтыну керек?» дейтін болсақ, көкөністерді шикі, пісірілген, бұқтырылған күйде қабылдауға болады. Майларды барынша аз пайдалану керек. Әсіресе май, майонез, қаймақ зиян. Диабет кезінде есте сақтау жады және мидың қызметтері бұзылады. Аурудың алдын алып, салауатты өмір салтын ұстансаңыз, денсаулығыңызды нығайтасыз, әсіресе жүрек-тамыр жүйелері жақсарады. Ер мен әйелдің жыныстық өмір жағдайына кері әсер етеді. Артық салмақтан құтылып, дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылданып, май мен қантты пайдалануды төмендету қажет. Қандағы қант деңгейін жүйелі тексеріп тұру қажет, – деді ол.

Сонымен қатар қант диабеті инсулинге тәуелді және тәуелсіз болып 2 түрге бөлінеді екен. Ағза қатты шөлдеп, зәр шығару жоғарылап, аштық сезімі жиілеп кетсе, одан бөлек, көздің бұлыңғыр көруі, дене салмағының төмендеуі, тез шаршау мен әлсіздік, терінің қабынуынан адамның қант диабетіне шалдыққанын байқауға болады. Бұл дерт жүрек ауруы қаупін орташа есеппен алғанда 3 рет, ал инсульт қаупін 5 рет жоғарылатып жіберетін көрінеді.

Кейде сырқатқа шалдығудың көп себептері тұқымдық бейімдеушілікке тән деген де тұжырым бар. Тұқым қуалаушылықтың әсерінен қант диабеті балалар арасында өте көп таралады деп дәрігерлер дабыл қағуда. Тағы бір себебі экологиялық жағдайдың бұзылуы, химиялық өндірістің де зиянды әсерін жоққа шығара алмайсың. Бұл ауру жас талғамайды. Әйтсе де егде адамдар арасында көп кездеседі. Оның басты себебі организмді қоректендіретін қан тамырларының, әсіресе ұйқы безіне келетін тамырлардың қан жүргізу қабілетінің азаюына әкеліп соғады. Ал кең таралуына – ұйқы безінің қабынуы, зақымдануы және ісіктердің пайда болуы әсер етеді.

Осы дертпен балалар сырқаттанған жағдайда ауру қатты екпінді басталып кетеді екен. Асқынуға бейім болғандықтан, балаларда бұл аурудың жеңіл түрі кездеспейді. Бұл қауіпті асқынулар гипергликемиялық және гипогликемиялық комаларға жеткізеді екен.

Бұл қауіпті дертке шалдыққанын біле тұра, немқұрайлы қарап, емделмеген жағдайда науқас комаға түсіп, соңы өлімге алып келеді. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін, ең бастысы тамақтану салты бойынша мамандардың мына кеңестеріне құлақ асқан жөн:

Күнделікті жеміс-жидектерді, сондай-ақ көмірсутегіне бай азықтарды, өсімдік талшықтарын көп, ал майлы тамақты аз пайдаланған жөн. Бұл қанға глюкозаның жетуін бәсеңдетеді, холестериннің деңгейі төмендейді. Сондықтан ірі тартылған ұнның нанын, макарон өнімдерін, күріш, жемістер, сұлы, арпа, қырыққабат, қарақұмық, картоп жеуді әдетке айналдыру керек. Кішкентай мөлшерде әр 4 сағат сайын тамақтану маңызды. Бұл ішкен тамақты қорыту үшін қанды қажетті инсулинмен қамтамасыз етудің ең жақсы тәсілі. Қант пен тұзды пайдаланбауды қолға алу керек. Кішкентай жеген қанттың өзі қандағы қант деңгейін аспандатып жіберуі мүмкін. Ал тұзды тамақ тез қан қысымын көтеріп жібереді.

Дене салмағын қалыпты ұстау. Тез жүру – семірудің бірден-бір емі. Аптасына 5 рет дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылданатын кісілер қант диабетімен ауру қауіп дәрежесін 50 пайызға дейін төмендетеді. Кез келген ауа райында күніне 4 километр жаяу жүрген абзал.

Облыстық ауруханаға қандағы глюкоза деңгейін өлшетіп, эндокринологтан кеңес алуға келген Тілек Баймаратовамен тілдескен едік.

– Қырық жастан асқанда тез шаршап, әлсізденіп жүргендігімнен күдіктендім. Қашан да алдын ала медицина көмегіне жиі жүгініп, тексерістен өтіп тұрғанды жөн көремін. Соның арқасында дер кезінде осы дертке шалдыққанымды білдім. Тұрақты ем қабылдап тұрамын. Салауатты өмір салтын ұстанып, артық салмақтан арылдым, – дейді ол.

Бірінші байлық – денсаулық, жаныңа сауға тілеп, емхана есігін тоздырғанша, ауырмаудың жолын іздеу абзалырақ. Ол үшін дер кезінде дәрігерге қаралып тұру да бір парыз.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support