Әдебиет

Ақ жол, саған, Аят!..

Ақ жол, саған, Аят!..

5Аят Асқарбекұлы.

Қанат қаққан сайын қатаяды. Бүгінде Жамбыл ақынның есімін еншілеген өңірімізде өлеңге талабы да, талпынысы да жоғары талантты жастар қарасы қалың. Әсіресе, жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының поэзияға деген ынтасы бізді марқайтады. Солардың бірі – Аят Асқарбекұлы. Аят Тараз қаласындағы Абай атындағы №26 орта мектептің 9-сынып оқушысы. Бала кезінен өлең жазуға бейім болып өскен оны бұл жолда ұстазы, ақын Толқын Күлекеева баулып жүр. Әртүрлі облыстық, қалалық жыр-мүшәйраларының жеңімпазы Аятқа біз де өлеңде де, өмірде де сәттілік тілей отырып, шығармаларын жариялауды жөн көрдік.

Туған тілім

Туған тіл, шамшырағым, бақ-құтым ең, Мен сені шаттығыма шақ тұтып ем. Бесікте жатқанымда-ақ өн бойыма, Сіңгенсін әз анамның ақ сүтімен.

Жас келеді тіл десе көзіме шын, Құдіретіңді сезбесе еліме сын. Сен арқылы таныдым бабам кешкен, Кешегі шерлі өмірдің шежіресін!

Ана тілім – айбарым, ар-намысым, Қиналғанда қамқоршым, алданышым. Сен арқылы естиміз кешегі өткен, Алаштық арыстардың жан дауысын.

Ана тілім – ардағым, асыл әнім, Сенің арқаң шаттанып, тасығаным. Азат елдің айбынды өр ұлдары, Туған тілде шырқаймыз ғасыр әнін! Абай атаға

Жарасқан өн бойына даналығы, Жүк болған жүрегіне дала жүгі. Қазақтан қанша ақын туғанымен, Сіз ғана өлшенбейді даралығы.

Өнеге, сабақ әрбір өлеңдері, Мүмкін емес сөзінің көнермегі. Алашқа жол сілтейтін ақиқатпен, Өзіңдей ойшыл тағы келер ме еді?!

Бәйтерек

(Жамбыл Жабаевқа)

Жасы жүзге жетсе де қартаймаған, Жырларынан жалын мен әр таймаған. Алғадайы кетсе де бақұл болып, Дархан көңіл қайғыдан ортаймаған. Сұм соғыс рухын оның жыға алмаған, Қайғырса да қарт ақын жыр арнаған. «Ленинградтық өренінен» қуат алып, Сарбаздар айбынданып ұрандаған.

Әз жаны жақсылыққа құмар бабам, Жырыңнан жүрегіме тұмар тағам Тоқсанында талайды тамсандырып, Күміс көмей Күләшқа жыр арнаған.

Сыпырып сұңқар құстың бұғалығын, Ұлылар ұлылықтың ұғады үнін... Қонаевтай қазақтың қайраткері, Ақын деп аялаған жыр алыбым!

Айтыста да талайды өңгергенсің, Білеміз ешбір ақын тең келмесін. Халқым деп ел атынан сөйлеп Жәкем, Басқан ғой Құлмамбеттің өр кеудесін.

Өнерде сіз – алыпсыз, сіз – дарасыз, Мәуелі бәйтерек боп бүр жарасыз. «Екейде елу бақсы, сексен ақын», Ішінде жыр алыбы – сіз ғанасыз!