Жамбылдық жүйріктер жүлделі оралды

14

Йорданияның Амман қаласында өткен Азия чемпионаты қазақстандық боксшылар үшін табысты аяқталды. Командалық есепте еліміздің құрамасы көш бастады. Осы уақытқа дейін ерлер арасында 9 боксшымыз финалға шыққанын айтқан болатынбыз. Сол 9 отандасымыздың үшеуі алтыннан алқа тағынып, Азия чемпионы атанды. Оның ішінде 71 килограмда жамбылдық жерлесіміз Асланбек Шымбергенов те бар. Ол финалда йорданиялық Заят Ишаишты ұтты. Ал тағы бір жерлесіміз Дулат Бекбауов финалда тайландтық Бунжонго Синсириге есе жіберді. Негізі бұл жекпе-жек тең дәрежеде өтіп еді, төрешілер қарсыласының қолын көтерді.

Дегенмен 15 мемлекеттен 300 былғары қолғап шебері қатысқан байрақты додада жамбылдық қос боксшының бірі алтын, бірі күміс жүлде алуы – үлкен жетістік. Бұл ретте Ермек Ертаев, Нұрлан Ақүрпеков секілді жеке бапкерлердің де ерен еңбегін айта кеткен жөн. Азия чемпионатының алтын медалін жамбылдықтар арасынан 2015 жылы Олжас Сәттібаев иеленген болатын. Содан кейін Асланбек Шымбергенов сарықұрлықта жеңістің ең биік тұғырына көтеріліп отыр. Бұл Жамбыл жерінде талантты боксшылардың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Сарықұрлықта қарсылас шақ келтірмеген үздік боксшыларды жамбылдықтар лайықты қарсы алып, «Тараз-Арена» спорт кешенінде жеңімпаздарға құрмет көрсетілді. Әуелі облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз алып: «Аталған Азия чемпионатында еліміздің құрамасы 6 алтын, 7 күміс, 8 қола медальмен көш бастады. Бұл байрақты додаға да әлемнің ең үздік спортшылары қатысады. Сондықтан жамбылдық екі боксшымыз Асланбек пен Дулаттың жеңісі – үлкен олжа. Екі боксшыны және жеке бапкерлерін осы жеңістерімен құттықтап, елдің атынан алғыс білдіремін. Алдағы Олимпиада, Әлем чемпионаттарында осы жігіттерімізді де жеңіс тұғырынан көретінімізге сенімім үлкен», деді.

«Жамбыл» кәсіпқой бокс клубының директоры Марат Мәзімбаев та бұл жеңістің жөні бөлек екеніне тоқталды. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков жігіттердің сәтті өнер көрсеткенін, еш аянып қалмағанын айтты. «Бергеніне береке берсін. Бұйырған бір алтын, бір күміс медаль болды. Алдағы Олимпиада, Әлем чемпионаттарында тек жеңіс жолында тер төге береміз», деді. Азия чемпионының жеке бапкері Ермек Ертаев: «Бұл чемпионат оңайға соққан жоқ. Әр боксшымыз төрт ойыннан өткізді. Қиын, күрделі кездесулер болды. Алдағы жарыстарда да барымызды саламыз», деді.

Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов алтын медаль барша жамбылдықтардың жеңісі екенін айтса, Азияның күміс жүлдегері Дулат Бекбауов «Қашанда ел намысын қорғау жолында ізденісте боламыз, елдің бізге артып отырған жауапкершілігі мен сенімдерін сезінеміз. Қуанып, қарсы алып жатқан барша жерлестерге мың рақмет!», деді.

Біз Асланбек пен Дулаттың алдағы Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында да атой салатынына сенімдіміз!

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.