- Advertisement -

Дүрбелең тудырған дауыл

41

- Advertisement -

Тараз қаласының аумағында 14-15 қараша күндері секундына 15-20 метр жылдамдықпен, кейде 23-28 метр екпінмен соққан дауылды жел тіркелді. Дауыл салдарынан 32 көпқабатты және 16 жеке тұрғын үй жарықсыз қалды. Қалада ағаштар құлап, кей ғимараттардың шатыры ұшып кетті. Бұл туралы Тараз қаласының әкімдігі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұл күні тұрғындардан келіп түскен өтініштер бойынша көптеген жұмыстар жүргізілген. Мәселен, Төле би даңғылындағы №116 үйдің ауданы 50 шаршыметр жұмсақ шатыры мен гофрленген тақтайша және Менделеев көшесінің 3-тұйығындағы №13 үйдің 40 шаршыметр жұмсақ шатыры зақымданғаны туралы хабарлар түскен. Осындай хабарларға сәйкес, әкімдіктің тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметкерлері қала аумағында орын алған фактілер бойынша тексеру жүргізіп отырды.

Білім беру және денсаулық сақтау нысандарында шатырдың зақымдануы тіркелген жоқ. «Шаңырақ» ауданындағы тарату пунктінен трансформаторлық торапқа өтетін электр желісі желдің салдарынан істен шығып, 28 үй электр қуатынан апатты түрде ажыратылды. Сондай-ақ 15-шағынауданда 4 көпқабатты үйдің электр қуаты апатты түрде сөндірілді. Мердігерлік мекеме бұл үйлерді уақытша электр желісімен қамтамасыз етті. Бұл күндері жеке үйлердің тұрғындарынан электр қуатын өшіру туралы 16 өтініш түскен. Осы мекенжайлар бойынша электр қуатын қалпына келтіру үшін БГЭС-тің 6 апаттық бригадасы жұмыс істеді.

Бағдаршамдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қала бойынша 3 бригада жұмыс істеді. Екі күнде бірнеше көшенің қиылысында бағдаршамдардың жұмысы қалпына келтірілді. Жол-көлік оқиғаларын болдырмау және кептелістердің пайда болуына жол бермеу мақсатында патрульдік полиция тарапынан кезекшілік ұйымдастырылды.

Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, дауылды желдің салдарынан 25 билборд (28 баннер), 3 пилон, 1 қоршау, 1 МАФ зақымданған, Тұңғыш Президент саябағындағы 6х12 өлшемді Мемлекеттік Ту жыртылған. Қатты желдің салдарынан көше бойындағы ағаштардың құлағаны туралы мәліметтер де түсті. Аталған мекенжайлар бойынша «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-нің 2 бригада қызметкерлері көшелер мен аулаларды ағаштардан тазартты. Жалпы, қаладағы қатты желдің салдарынан бұзылған қоршаулар, жол белгілері қайта қалпына келтірілуде.

Еске сала кетсек, 15 қараша күні Таразда ауа райына байланысты балабақша жұмысы мен 1 және 2-ауысым үшін сабақ тоқтатылған болатын. Тараз қаласы білім бөлімінің мәліметінше, мұндай шешім Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 18 қаңтардағы №42 бұйрығы негізінде және облыстың төтенше жағдайлар департаментінің ескерту хатына сәйкес, қолайсыз ауа райы жағдайында балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында қабылданған.

 

 «Aq jol»-Aqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support