- Advertisement -

«Ақмола қыз» қорымы жайлы білесіз бе?

251

- Advertisement -

Өлкеміздің әр өңірі түрлі тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерге толы. Соның бірі – 100 жылдан астам уақыттан бері өңін бермей, негізгі қабырғалары қисаймай тұрған «Ақмола» қорымы. Ал сіз аталмыш қорым жайлы білесіз бе?

Мазардың сырт көрінісі жоғарыдағы суреттегідей. Оны көзбен көрсеңіз, тіпті таңғаласыз. Бір қарағанда кәдімгі балшықтан илеп тұрғызылғандай, бірақ түсі сүттей әппақ. Пішіні киіз үй іспеттес, жоғары жағында шаңырақ секілді ойығы болған. Мазардың соңғы жылдары сол бөлігі опырылып түсіп қалыпты.

Мазардың тарихы 1910 жылдарға тиесілі екен. Бұл туралы Байзақ ауданының Құрметті азаматы, Мәдімар ауылының тұрғыны, марқұм Бердібек Төлепбергеновтің жазбасында былай делінген:

«Ақмола қыз» мазары Байзақ ауданы мен көршілес Талас ауданы аралығында Талас өзенінің батыс жақ тұсында қырат үстіне тұрғызылған. Тарихи жәдігер «Оххум» қаласы қорғаны орнынан төрт-бес шақырым қашықтықта орналасқан. Байзақ ауданының топографиялық жер картасына түсірілген. «Ақмола дүкен, бекет» деп көрсетілген. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге жүгінсек, мазар бұрынғы замандағы атақты бір байдың бойжеткен қызының мазары екен деген болжам айтылады. Ол кезде қазақ даласында оқу-білім болмағандықтан, ол бай адамның аты-жөні, руы туралы кейінгі ұрпақтарға ешқандай мәліметтер жетпеген.

Атақты бай малының жағдайын ойлап, қыста құмды мекендеп, жазда қазіргі Талас ауданы малшыларының жаз жайлауы болған «Шатура» атты кең жайлауды жайлаған екен. Сәуір айы туа салысымен құмнан көшкен бай ауылы «Жиек» құмының шетіне шығып қонады. Осы түні байдың жалғыз бойжеткен қызын улы жылан шағып, өмірден озады. Тағдырдың тауқыметіне назаланған бай «Көз-қуанышым, жалғыз қызым еді, ең болмағанда ары-бері өткенде көріп, көңілімді жұбатып жүрейін», деп, Талас өзенінің батыс бетіне қызының мәйітін қойдырған екен».

Мазар туралы қазіргі Мәдімар ауылының тұрғыны болған Тәшім Сүлейменовтің де айтқан дерегі өте құнды. Тәшім қария 1900-1976 жылдар аралығында өмір сүрген екен. Ол кісі он жасар бала кезінде әкесімен жолаушылап келе жатып, осы «Ақмола» мазарының соғылып жатқан жерін көрген екен. Айтуынша, Талас өзені жағасындағы тоғайда кірпіш құйылып жатады. Лай батпақ төзімді, мықты болуы үшін, оған қой жүні мен жылқы қылы қосылғанын өз көзімен көріпті. Бір кезде олар отырған жерге түйеге артылған он шақты мес (ешкі терісінен жасалған ыдыс) қымызды әкеліп түсіреді. Сөйтіп мазар соғылған лай батпаққа жылқы сүті мен айран да қосылыпты.

Ақмола қыз мазарының ұзақ уақыт сақталып, бірнеше ғасырдан бері құламай, әрі десе әппақ түсін өзгертпей бүгінгі күнге жетуінің сыры осында болса керек. «Ақмола» бекетіндегі көпір үстімен кезінде Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарының қаптаған малы күзде құмға қарай, көктемде ойға, жазыққа қарай көшетін болыпты. «Өмір болған жерде өлім де болады» дегендей, көші-қон кезінде, түрлі себептермен шетінеген сәбилер осы «Ақмола қыз» мазарының жанында жерленген екен.

Жуырда Темірбек ауылдық округінің «Әміров Сарманқұл» шаруа қожалығының жұмысшылары арнайы барып, осы «Ақмола» қорымының төңірегін қоршап қойды. Алдағы уақытта «Ақмола қыз» мазарына жоғарғы тараптан көмек көрсетіліп, мазар айналасын көріктендіріп, жаңа талапқа сай жөнделсе, өңірімізге келген туристер мен қонақтар арнайы барып көретін айрықша нысанға айналары анық.

 

 Төле НАРЖАНОВ,

аудандық тарихи-өлкетану музейінің маманы.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support