Мәдениет

Кітапханадағы көңілді кеш

Кітапханадағы көңілді кеш

Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өңіріміздің 75 жылдық мерекесіне орай «Кітапханадағы жаңа толқын» тақырыбы аясында «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» атты апталық әлеуметтік-мәдени акция өтті. Кітап оқуды насихаттау және көркем әдебиетке деген қызығушылықты арттыру мақсатына негізделген шара екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Акция барысында жеті алаң жасақталып, олар баннерлермен, көрмелермен, шарлар және жалаушалармен безендірілді. Бауыржан Момышұлы мен Бәйдібек бабамыздың ескерткіштері жанынан басталған акцияға мектеп оқушылары тартылған. Сондай-ақ, Мұхамед Хайдар Дулати, Төле би және Қайрат Рысқұлбеков ескерткіштері алдында да тұлғаларға арналған бағдарламалар өз жалғасын тапты. Одан кейін оқушылар «Сен қалаңды білесің бе?» атты ойын-викторина аясында мерекеге сай безендірілген көлікпен көне шаһарымыздың көрнекті орындарын аралады. Соңыра шараға қатысушылар облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына жиналды. Онда қонақтар қызықты мәдени шараның куәсі болды. Бағдарламаны облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы Жадыра Нұржанқызы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, бұл шараға Жуалы, Байзақ аудандық балалар кітапханасы келіп, қонақ-кәделерін ұсынды. Акция кітапханашылардың «Қамажай» флешмоб және «Библио-dance» би кешіне ұласса, кеш соңында барлық қонақтарымыз түнгі аспанға арман шамдарын ұшырып, отшашуларын қызықтады.

Жанғазы АХМЕТ,  «Ақ жол»