Ел екпеден неге үркеді?
Ел екпеден неге үркеді?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина болмаған кезең мен вакцина егіліп жатқан бүгінгі заманның арасалмағын ажыратып берді. Бала шыр етіп дүниеге келген күні 3 рет, ес біліп, етек жиғанға дейін 21 рет екпе алады. Осы екпелер 27 түрлі жұқпалы ауруды ауыздықтайды. Ресми деректерге сенсек, әртүрлі вакциналардың арқасында әлем бойынша жылына 3 миллиондай сәби ажал тырнағынан аман қалады. 750 мың бала мүгедек болу қаупінен арылады. Соған қарамастан, елімізде соңғы 5 жылда екпеден бас тартушылар саны үш есеге артқан. Дәл осы екпеге еліміз миллиондаған қаржы бөліп отыр. Онда неге бас тартамыз? Мүмкін, оның біз білмейтін басқа да зиянды жақтары бар шығар?! Осы арқылы жер шарындағы талай жан өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Талайдың тағдырын үзген шешек, оба аурулары осы вакцинаның арқасында жойыла бастады. Екпе егу адамзат баласының үздік жетістігінің бірі десек те, белгілі бір аурудың алдын алуға тиіс екпенің сол ауруды қоздыратын зияны бар екені де айтылып қалады. Себебі сол кейбірінің құрамында сынап секілді зиянды қоспалар, маймыл, шошқа қанының компоненттері мен клеткалары бар деседі. Естеріңізде болса, 2015 жылы қызылшаға қарсы екпеден соң оқушылардың жаппай ауруханаға түсу оқиғасы тіркелді. Еліміздің барша тұрғындарын елеңдеткен бұл дүмпу 400-дей жасөспірімнің вакцинадан соң өзін жайсыз сезінгеннен басталды. Кейбірі есінен танып, құлаған. Дәл осы жылы Павлодарда тағы екі оқушы қыз папилома вирусына қарсы екпеден соң, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Міне, бұл жағдай екпеден бас тартатындардың сенімін нығайтып, екпеге қарсы еместердің кеудесіне күдік ұялатты. Екпені қауіпті деп есептейтіндердің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Атырау және Батыс Қазақстан облысында екен. Бүгінде еліміз бойынша профилактикалық егу жазбаша келісім немесе бас тартқандығы жайлы қолхатпен реттеледі. Осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігі инфекциялық ауруларға қарсы балаларға егуді заңмен міндеттеудің жобасын әзірледі. Ал басқа елдердің тәжірибесіне бажайлап қарасақ, екпе қабылдауды міндеттейтін қатал талапты көреміз. Мәселен, Италияда 2019 жылдың наурыз айында қабылданған жаңа заң бойынша екпе қабылдамаған балалар мектеп пен балабақшаға кіргізілмейді. Егер оқушы сабаққа екпе салынғаны туралы анықтамасыз барса, оның ата-анасына 500 евроға дейінгі көлемде айыппұл салынады екен. Ал Австралия 2016 жылы «Вакцинациясыз әлеуметтік көмек жоқ» деген заң енгізіп үлгерді. Бұл заң бойынша елде баласын екпе күнтізбесінен кешіктіргендер табысы төмен отбасылар үшін берілетін әлеуметтік жәрдемақыдан қағылады. Бұл елде екпесі түгел емес бала балабақшаға бара алмайды. Негізінен, Батыс елдерінің көбі профилактикалық егулері болмаса, шекарадан өтуге тыйым салады. АҚШ, Англия ЖОО-да профилактикалық егулердің міндетті түрде болуы талап етіледі. Сауд Арабиясы қажылыққа ниет еткен миллиондаған мұсылманды менингококты инфекцияға егілмесе, Мекке мен Мәдинаға жолдама бермейді. Ал бізде әлі күнге дейін иммунизацияның кері әсері туралы жағымсыз ақпарат жиі тарайды. Әсіресе аутизм, ДЦП дертіне шалдығатыны туралы тексерілмеген фактілер әлеуметтік желіде өте жоғары деңгейде тарап жатыр. Денсаулық сақтау мамандары вакцинадан бас тартып, соның кесірінен вакцинамен басқарылатын инфекциялармен науқастану жағдайы жиілеп кеткенін айтады. Тараз қалалық «Zhanuya» емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Нұрбану Бердімбетова: «Вакцинадан бас тартатын халық санатына санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргіземіз. Олармен арнайы кездесеміз. Түрлі дөңгелек үстелдер өткіземіз. Вакцинаның адам ағзасына маңызын түсіндіреміз. Міне, осындай түсіндіру жұмысының нәтижесінде мыңнан астам жанның екпеге деген күдігі сейіліп отыр. Меніңше, осындай жүйелі жұмыстарды тоқтатпау керек», – дейді. Вакцинаның қауіпті болатын тұсы балалардың сырқаттанып тұрған кезінде екпе жасатуында екен. Мысалы, суық тиіп тұрған кішкентайлардың 5 пайызының қызуы көтеріліп, кейбір кезде құрысуға әкеп соғады. Дәрігерлердің айтуынша, бала суық тиіп ауырса, одан әбден айыққаннан кейін барып екпе салдыру керек. Егер олай етпей, жасырып, тезірек алуды ойласа, соңы көбіне сондай салмақты ауруларға апаруы мүмкін. Дәл қазіргі қоғам екпе егуге келгенде, осылай екіге жарылып отыр.
Гүлжан РАХМАН