- Advertisement -

Қайырымдылық – қайырлы іс

35

- Advertisement -

Бүгінгі таңда Шақпақ ауылдық округіне бес елді мекен қарайды. Ондағы 772 аулада 4250 адам тұрады. Халықтың өтініш-тілегі үнемі назарда. Бүгінге дейін округ тұрғындарынан 61 өтініш түскен болатын. Ол өтініштердің дені жер телімін алу, отбасы жағдайы мен әлеуметтік мәселелерге қатысты. Барлық өтініштерге уақтылы жауаптар беріліп, округ тұрғындарының талаптары бақылауға алынып, әкімдіктің «АЙҚЫН» автоматтандырылған бірыңғай жүйесіне енгізілді.

Округ тұрғындарының негізгі күнкөрісі егін, мал және бау-бақша шаруашылығы. Бүгінгі таңда округте бір өндірістік кооператив, 270 шаруа қожалығы, 2 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Шаруа қожалықтардың күшімен екі трактор, бірнеше ауыл шаруашылығы тіркемелері мен жаңбырлатып суару қондырғылары алынды. Бұдан бөлек, округте 62 қожалық 37 663,1 мың теңге субсидия алды.

Округте «Хадиша-апа» шағын сүт өңдеу цехы ашылып, 5 адамды жұмыспен қамтыды. Онда табиғи ірімшік, моцарелла ірімшігі және сыр, май өндіріп жатыр. Зауыттың тәуліктік қуаттылығы – 4 тонна. Бірақ қазіргі таңда тәулігіне 1,5 тонна сүт қабылдап, кәсіпкер өндірісін жолға қоюда.

Ауылдық округте мал басы да жыл санап артып келеді. Атап айтсақ, мүйізді ірі қара 5829 басты құрады, оның 1747 басы сауынды сиыр. Ал қой-ешкі – 19228, жылқы – 1113, құс – 11680 басқа жеткен. Елді мекен маңындағы жайылым жерлерді тиімді пайдалану мақсатында орман жер қорынан 739 гектар жайылым жер бекітіліп берілді. 19 шаруа қожалығына 28-30 гектардан бөлінсе, қалған 200 гектар жайылым елді мекен қасынан ауылға бөлінген болатын. Бұдан бөлек, егіндерін жинап алған соң 24 шаруа қожалық 240 гектар алқапты мал жайылымына берген.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту барысында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Атап айтар болсақ, Т.Дүйсебайұлы ауылындағы таза ауыз су қоймасына 4 және Ынтымақ ауылының таза ауыз су қоймасына 4 адам жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық жұмысқа 33 адам келісімшартпен алты ай мерзімге тартылды.

Жұмыссыздарды жұмыспен қамту мақсатында 24 азаматқа несие берілді. Оның төртеуі мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды, бүгінгі таңда оның екеуі сүт бағытында жұмыс істесе, біреуі қой бордақылауда. Келесі азамат кондитерлік цех ашты. Ал 20 жұмыссыз «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында несие алып, мал өсіруде.

Округте жастардың белсенділігі артуда. Мәселен, округтің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ақжан Ахметовтың бастамасымен біршама жұмыстар атқарылды. Соның аясында округте тұратын жалғызбасты қарияларға көмек көрсетіліп, медициналық кеңестер берілді. «Жасыл ел» жасақтарының ұйытқы болуымен «Таза әлем» атты жастар сенбіліктері ұйымдастырылды. «Рақмет сізге!» акциясы аясында ардагер көлік жүргізуші Аюп Саядовқа округ әкімінің Алғыс хаты тапсырылды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша Шақпақ ауылдық округіне қарасты мектеп оқушыларының қатысуымен «Туған жер – тұнған шежіре» атты табиғат аясына экскурсия ұйымдастырылды.

Қазір өзге діни ағымдарға еріп кетушілердің жолын кесіп, олардың сауатын ашу мақсатында жастар арасында «Дінің тұрсын дін аман», «Дін – тәрбие діңгегі», «Діни экстремизмнің алдын алу», «Дін және ұлттық тәрбие», «Дін және жастар» атты тақырыптарда кездесулер өткізілді.

Қоғамдық қауіпсіздікті, қылмыс және құқықбұзушылыққа қарсы күресті қамтамасыз ету – округ әкімдігінің басты міндеттерінің бірі. Ауыл тұрғындары арасында құқық және тәртіп бұзушылықтың алдын алуда жергілікті қоғамдастықтың қосып отырған үлесі де зор. Бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда. Оған учаскелік полиция инспекторы мен ауыл қарияларының және ауыл әкімі аппараты мамандарының бірлескен жұмысы өз нәтижесін беруде.

Жастардың белсенділігі мұнымен шектелмейді. «Жомарт түлек» жобасы аясында да жастардың ауылдың көркеюіне қосып отырған үлесі аз емес. Атап айтар болсақ, Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің түлектері Шақпақата ауылындағы Д.Пахомов атындағы орталық көшенің түнгі жарықтандырылуына үлестерін қосты. «Стрит воркаут» алаңына демеушілердің күшімен 30 түп шырша көшеті отырғызылды.

Әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Алдын ала дайындалған жобалардың аясында «Байсейт» каналы мен арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылып, тұрғындар бақша суымен қамтылды. Шақпақата ауылындағы Д.Пахомов көшесі бойына үш шақырымды қамтитын 4G «Beeline» желісі орнатылды. С.Сүгіртегі көшесінің жартысына, сонымен бірге К.Тұртаев көшесі мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысына ауыл тұрғындарының демеушілігімен шағал тас төселді. «Жамбыл ДорМостСтрой Сервис» ЖШС ұзындығы 1790 метр болатын Ж.Оразбаев көшесін орта жөндеуден өткізді. К.Кемелбеков көшесіне көше жарығы тартылды.

Т.Дүйсебайұлы ауылындағы С.Тотайұлы көшесі мен Жамбыл көшесі ортасындағы қиылысқа шағал тас төселіп, тегістелді. «Жасыл белдеу» бойынша Шақпақата мен Ынтымақ ауылының ортасындағы әкімшілікке қарасты 1,7 гектар аумақ қоршалды. Алатау беткейінде орналасқан 5,7 шақырым «Текеқамал» каналының жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Бұдан басқа да жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда.

Бір атап өтерлігі, мемлекеттік бағдарламалар аясында халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейін жоғарылату мақсатында «Ақбұлақ» бағдарламасы оң шешімін табуда. Мәселен, округтегі барлық елді мекен газбен қамтылған. Биыл Шақпақата ауылына «Ақ мешіт мелиоратор» ЖШС, Т.Дүйсебайұлы ауылына «Интеллект Азия» ЖШС таза ауыз су жүйесі құрылысын аяқтап, тұрғын үйлерге ауыз су берілді.

Ынтымақ ауылына таза ауыз су жүйесін жүргізген «Байсын» ЖШС де өз міндетін талапқа сай орындап, ауыл тұрғындары таза ауыз су жүйесіне қосылды. Қоғамдық жұмысшылардың күшімен ауылішілік жолдар және ауылдардың кіре берісі мен шыға берісіндегі жолдарға тазарту жұмыстары жүргізілді.

Ана мен бала биліктің назарында. Биыл үш көпбалалы ана «Күміс алқамен» марапатталды. Бүгінгі таңда округте «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иеленген 174 көпбалалы ана бар.

Көпбалалы аналармен қатар тыл еңбеккерлері де біздің назарымызда. Округте ұйымдастырылатын Наурыз мерекесі, Жеңіс күні, Қарттар күні мен Республика күні сынды мерекелерде демеушілердің көмегімен азық-түлік себеттері тапсырылады.

Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен аз қамтылған 23 отбасына қайырымдылық пакеті берілді. Округтің жастар іс нұсқаушысы А.Ахметов жалғызбасты қарт ананың үйін өз қаражаты есебінен ағымды жөндеуден өткізді. «Асар» жобасы аясында аз қамтылған бір отбасының баспанасы ағымды жөндеуден өткізіліп, иесіне тарту етілді.

Осы бағыттағы жұмыстар осымен тоқтап қалмақ емес.

 

Затыбек ПАШЕНОВ,

Шақпақ ауылдық

округінің әкімі.

Жуалы ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support