Саясат

Теологтар мен дінтанушылар жеткіліксіз

Теологтар мен дінтанушылар жеткіліксіз

Бүгінгі таңда қоғамдағы діни ахуал өзекті мәселелердің бірі. Бұл жүйесіздікпен тұтас ел болып күресуде аймақтардағы оңды бастамалардың да үлесі зор. Бұл бағытта өңірімізде қандай жұмыстар атқарылуда? Осы жөнінде білмек мақсатпен Тараз қаласы әкімдігі жанынан құрылған діни экстремизм мен терроризмнің көріністерінің алдын алуға және болдырмауға бағытталған №8 мобильдік топтың жетекшісі Жеңіс Пәрімбековті әңгімеге тартқан едік.

– Жеңіс Қуанышұлы, діни экстремизмнің алдын алу бағытында қандай әдістер мен тәсілдер қолданылуда? Қарапайым халық бірінші кезекте нені білуі қажет? – Экстремизм – бұл өте үлкен қауіп, кез-келген тұрақты әрі дамыған қоғамды шайқап жіберуге қауқарлы. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен оның бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс» – деп міндеттеген болатын. Атқарылып жатқан жұмыстар «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – діни экстремизм көріністерін алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. – Діни экстремизмнің алдын алу мәселесіне қатысты мобильдік топтың жұмысына қандай функциялар міндеттелген? – Мобильдік топтың негізгі функциясына бекітілген аумақта діни бірлестіктердің қызметіне мониторинг, сонымен қатар, ақпараттық–насихаттау жұмыстарын жүргізу, қолданыстағы заңнамаларды түсіндіру, яғни халықтың діни сауаттылығын жоғарылатуға бағытталған іс-шараларды атқарулар жатады. Діни экстремизмнің алдын алу іс-шаралары бойынша мобильдік топтың құрамына құқық қорғау органдарының, қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, дәстүрлі діни бірлестіктердің басшылары, БАҚ өкілдері, сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері кіретіні белгілі. Мобильдік топтың тарапынан елге оқытылатын тақырыптар әртүрлі, олар – жанұядағы рухани тәрбие, адамгершілік тәрбиесі, этникааралық келісім мен толеранттылық, діни экстремизмнің алдын алу, отаншылдық, саламатты өмір салтын ұстану, дәстүрлі діннің өзге діни идеологиялардан ара-жігін түсіндіру. – Бүгінгі күні сіздерге бекітілген аумақтағы діни ахуалдың көрінісі қандай? Ағымдағы жылы нендей жұмыстар атқарылды? – Негізі, №8 мобильдік топқа бекітілген аумаққа қаланың бес мөлтек ауданы кіреді («Жайлау», «Салтанат», «Талас», «Самал», «Мыңбұлақ»), ал жалпы тұрып жатқан халық саны 63000-нан астам. Аймақта 210 көпқабатты үйлер орналасқан. 20 білім мекемесі, оның ішінде 7 мектеп, 4 балабақша, 3 емдеу орталығы, «Абай» атындағы кітапхана, 2 кіші сауда базары, 17 қоғамдық тамақтану орталығы, 5 полиция тірек пункті, 190 кіші сауда дүкендері бар. – Ал мекемелермен қай бағытта жұмыс жасайсыздар? Білім беру мекемелерінің басшыларымен оқушылардың діни сауаттылығын дамыту және шектеу қойылған діндер мен секталардың арбауына түспеуінің қамтамасыз етілуі туралы жұмыстар жүргізіледі. Бекітілген жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы аумақтағы 11 мекемеде ақпараттық-насихаттау жұмыстары іске асса, оның ішінде бес жалпы білім беру және екі медициналық мекемелер қамтылды. Сонымен қатар, «Қазпошта» мекемесінде, кітапхана және екінші деңгейлі банктерде түсіндіру жұмыстары өткізіліп келеді. – Көшелерде, болмаса басқа да қоғамдық орындарда әртүрлі теріс пиғылды өзге діни кітаптарды таратып жүргендерді жиі кездестіреміз. Оларға сіздердің тараптарыңыздан тосқауыл қойыла ма? – Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп округ бойынша, сондай-ақ діни бірлестіктерде сіз айтып отырғандай өзге діни әдебиеттерді таратушыларға қарсы рейдтік іс-шаралар жүргізіп тұрамыз. Оларға жазбаша түсіндірмелер беріліп, діни мақсаттағы әдеби кітаптар, тек ғибадат ғимараттарында, діни мекемелерде және жергілікті атқарушы органдармен бекітілген арнайы стационарлық бөлмелерде сатуға немесе таратуға болатындығы туралы хабардар етуге тырысамыз. Өзге дәстүрлі емес қозғалыстардың құлшылық ету орындары да біздің назарымыздан тыс қалып отырған жоқ. – Жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында қандай мәселелер туындауда және осыған байланысты қандай ұсыныстар берер едіңіз? – Азаматтарымыздың діни радикалдық құрылымдарға тартылуына ықпал ететін факторлардың бірі, бұл тұрғындардың кейбірінің діни сауаттылық деңгейлерінің төмендігі, өсіп келе жатқан ұрпаққа моральдық-адамгершілік және отаншылдық тәрбиенің жетіспеушілігі болып отырғаны жасырын емес. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыруда, бүгінгі күнде қалада теологтар мен дінтанушылар жеткіліксіз. Ол үшін теологтарды оқытудың отандық жүйесін жетілдіру қажет. Ең бастысы халықтың қолжетімділігін көздеген жөн. Діни саладағы қызметшілердің түсінігіне жат идеялар мен ұғымдардың әсер етпеуін қамтамасыз ету үшін, олардың қолданыстағы заңнаманы, сонымен қатар, мемлекеттің жүргізіп отырған саяси бағытын білу деңгейін тексеріп, тестілеу өткізіп отыру да артық болмас еді. Негізгі тәрбиенің іргетасы мектеп қабырғасында қалыптасады, сол себепті өмірге шынайы көзқараспен және діни радикалдық идеологияны қарсы қабылдау мектеп қабырғасынан бастау алу қажет. – Әңгімеңізге рахмет!

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».