- Advertisement -

Тіл үйренуге ынталы жан көп

24

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова баспасөз мәслихатын өткізіп, облыста еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының биылғы жылы іске асырылу барысы туралы кеңінен баяндады.

Басқарма басшысы айтып өткендей, облыс тұрғындарының тілдік ахуалына биыл жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі бойынша мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі – 92 пайыз (жоспар – 91 пайыз), мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесі – 71 пайыз (жоспар – 55,7 пайыз) болып отыр екен. Облыста тіл саясатын жүзеге асыру бағытында басқарма тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2022 жылдың есепті мерзімінде үш тіл бойынша барлығы 3699 тыңдаушы тегін оқу курстарына қатысқан.

Соның ішінде мемлекеттік тілге 217 топ курстарына 2739 тыңдаушы қамтылыпты. Қордай ауданы бойынша жыл басынан 36 топта 445 адам оқу курсынан өтуде. Есепті аралықта облыс бойынша 157 адам орыс тілі курсына тартылып, 773 адам ағылшын тілін үйрету курстарынан өткен. Облыста неміс және кәріс тілдерін этно-мәдени бірлестіктер жанындағы оқыту курстарында 501 адам оқуда. Ана тілін оқу курсы бойынша 34 этномәдени бірлестік жетекшілеріне этнос тілдерін оқытуға әдістемелік көмектер көрсетіліп келеді. Қазақ тілін өз бетімен үйренгісі келетіндердің де саны артуда.

Осыған орай, тіл үйренудің IT жобасы – «QazOnline» мобильдік қосымшасы әзірленді. Қазақ тілін қарапайым деңгейде (А1) үйрену 16 сабақтан тұрады. Сонымен қатар «QazONLINE» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған 70 сабақ әлеуметтік парақшаларда жарияланды.

Бүгінгі таңда балабақша тәрбиеленушілерінің 85 пайызы мемлекеттік тілде тәрбиеленуде. Өңірде шағын және орта бизнес объектілерінде, сауда орындарында және халыққа жаппай қызмет көрсететін мекемелерде Тіл туралы заңның талаптарын түсіндіру бойынша барлығы 86 кездесу өткізілген.

Ағымдағы жылдың ақпан айында «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға – сауаттылық!» атты айлық өткізілген. Айлық барысында 6099 көрнекі ақпарат зерделеніп, 670 кемшілік анықталған. Оның 47-сі түзетіліпті. Қалған 623-ін түзетуге мерзім беріліпті. Тіл нормаларына сәйкес келмейтін көрнекі ақпараттарды ауыстыру және оларды дұрыс рәсімдеу бойынша нысан иелеріне тегін әдістемелік көмектер көрсетілген.

Сондай-ақ басқарма тарапынан «Таза қалаға – таза жарнама» акциясы өткізіліп, акция барысында 3 шағынаудан, 131 нысан, 10 көше, 743 көрнекі ақпараттар мен жарнамалар зерделенген.

Өткен тоқсан ішінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, сапасын арттыру бағытындағы шараларға «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері тартылып, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай аудандары мен Тараз қаласында тұрғындармен кездесулер өткізілген. Нәтижесінде 7 филиал, 35 бастауыш ұйым ашылған.

Кісі есімімен аталатын көшелердің 1269-ы (көше, даңғыл, саябақ т.б.) ҚР Президенті Әкімшілігі ұсынған «Тарихи тұлғалар» тізіміне сәйкес келеді. Идеологиялық тұрғыдан ескірген ономастикалық атауларды қайта атау бойынша Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында әкімдіктер жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топ мүшелерімен кездесулер өткізіліпті. Жыл басынан 44 білім беру және мәдениет нысандарына, Тараз қаласының 37 көшесіне атау берілген.

Брифингте басқарма басшысы Рахия Тұрмаханбетова БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support