- Advertisement -

Жастар саясаты жалған есеп емес пе?

152

- Advertisement -

«Таңдамасаң жастай жолдың дұрысын,

Жас болып та көрген күнің құрысын».

Әбдірахман Жәми осы бір ауыз сөзімен- ақ, жас атаулыға бағытталар сөздің барлығын айтып қойғандай. Расымен, өмір жолында қай бағытқа бет бұрсақ, соған жетеріміз сөзсіз. «Жасында тырысқан, қартайғанда қуанады» деп те бекер айтылмаса керек. Осы ретте сол жастарға дұрыс жол көрсететін «бағдаршамдардың» рөлі зор.

Бүгінде облыс халқының 22,4 пайызын жастар құрайды. Жалпы саны – 258164. Мұның 96786- сы, яғни 37,4 пайызы қалада болса, 161378-і (62,6 пайызы) ауылдарда тұрады. Ендігі мәселе, сол жастардың бос кезінде немен айналысатыны, қоғамдық жұмыстарға араласуы. Осы орайда жастар арасында өткізілетін шаралардың маңыздылығы мен ауқымына, оған жастардың, әсіресе жұмыссыз жастардың тартылуына баса назар аударған жөн.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы биыл 9 ай ішінде 11 бағыт бойынша облыстық, қалалық, аудандық деңгейде жалпы саны 6 602 іс-шара ұйымдастырған. Оның 575-і Тараз қаласында ұйымдастырылса, қалған 6027-сі аудандарда өткізілген. Мұның барлығына 160023 жас тартылыпты.

Ойлап қараңызшы, 9 айда 6602 іс-шара өткізілсе, бір айға шаққанымызда 733 жиын ұйымдастырылған. Отыз күнде осыншама жиын өткізу жалпы, мүмкін бе? Бір Тараздың өзінде тоғыз айда 575 басқосу. Сонда бір айда 63, күніне 2 іс-шара, демалыссыз. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Сенеміз бе, сенбейміз бе? Күніне екі іс-шарадан өткізілген соң, оның мән-маңызы, сапасы есіктен «сығалап» қалатыны сөзсіз. Бұл іс-шаралардан нәтиже болса қуанамыз-ау. Алайда саны бар, сапасы жоқ, бес жастың басын қосып өткізген нәрсенің тиімділігі туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар ойланды ма екен?

Мұндағы тағы бір мәселе, бұл іс-шараларға ауылдың жұмыссыз балалары тартылмақ тұрмақ, басым бөлігі олардың ұйымдастырылатынынан да хабарлары жоқ. Сенбесеңіз, ауылдағы бауырыңыздан сұраңыз. Басқарманың ұйымдастыруымен жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастырып, кітап оқуға баулитын «Кітап сыйла» атты акцияның атауын естіпті ме, тым болмағанда? Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған «Қоғамдық сақшы» рейдтік шарасы жүретінін біле ме екен? «Qamqor» деген атаумен қайырымдылық іс- шаралары өтетінін ше? Әлде «ТазаLike» акциясымен сенбілікке қатысып па? Ауылдарда танымдық, тәрбиелік бағыттағы «Әкелер мектебі», «Енелер», «Келіндер» клубына қай әке, қай ене мен келін қатысыпты? Сұрап көріңізші. Қатыспағанына кепілдік беремін, естіген бе екен, әуелі? Бұл іс- шаралардың басым бөлігі бір биыл ғана емес, неше жылдан бері «өткізілді» деген мөр басылып, қыруар қаржы бөлініп келе жатқан шаралар.

Біз осылай айына мыңға жуық шара өткіземіз деп өтірік сандарды «сөйлетіп» отырғанымызда, жастардың мәселесін келіп біреу шешіп бермейді. Қағаз жүзінде «қатырып» қойған алдамшы ақпараттар ауыл баласының ахуалын түзеп кетпейді. Олардың білімі мен сауатын жетілдірмейді. Күні кеше Қарағанды облысында 11-сынып оқушысының тіпті көбейту кестесін білмейтіні, кей оқушылардың әлі ежіктеп оқитыны туралы ақпарат тарады.

Сол секілді ауылда ұялы телефон арқылы банк қосымшаларымен коммуналдық төлемдерді төлей алмайтын, телефонына бірлік сала алмайтын жастар жетерлік. Басқарма басшылары мен қызметкерлері облыстық, қалалық әкімдіктің мінберлерінен түсіп, ауылдардағы мәдениет ошақтарында жастардың басын қосып, ән мен би, концерттен бөлек, олардың білімі мен біліктіліктерін арттыратын шынайы іс-шараларды ұйымдастырғандары жөн. Қаржылық, құқықтық сауаттылықтарын жетілдіруге септессін. Арнайы мамандарды тартып, аптасына бір немесе екі рет барып жұмыссыз жастардың сауатын арттырып, қосымша мамандық алуға септесетін басқа да игіліктерді меңгеруге жәрдемдессін. Спортқа баулысын. Санда бар болғанымен, санатта жоқ жастарға арналған бағдарламалармен таныстырып, қаржылай грант ұтып алудың жолдарын көрсетсін. Жеңілдікпен несие алудың, кәсіп ашудың амалдарын бірге қарассын!..

Биыл 9 айда облыста 3 866 қылмыс тіркеліпті. Оның 19,8 пайызын 14 пен 29 жас аралығында жастар жасаған. Тараз қаласы, Т.Рысқұлов, Сарысу, Қордай, Шу, Меркі аудандарында қылмыс саны көбейген. Сол секілді ішімдікке әуес 172 жас тіркелсе, есірткі заттарды тұтынушылар санатында 430 жас бар. Алкогольді заттарды тұтынушылар Тараз қаласы, Жамбыл, Қордай аудандарында артса, есірткі заттарын тұтынушылар Тараз қаласы мен Сарысу, Қордай, Талас аудандарында көбейген. Жастар ұйымдары осындай жастармен жұмыс жасасын, тура жолға түсуге бағыттасын. Әдебиетпен арын тазартпайтындарға, кітап оқымайтындарға, адал еңбекке араласпайтындарға, қоғамдық жұмысқа қатыспайтындарға түрлі қылмысқа бару түкке де тұрмайтынын ұғындырсын!

Бір басқарма ғана емес, жастар тәрбиесіне, олардың жұмыспен қамтылуына, дұрыс бағытқа бетбұруына баршамыз біркісідей атсалыспай, жаңа жүйемен жұмыс істемей, қатыгездік, қанішерлік, қаныпезерлік жойылады деу – жай сөз. Білімі мен біліктілігін арттыруға ден қойып, түрлі іс-шараларға қатысқан жастан қылмыс жасау, есірткіні ермек ету шықпайды.

«Өкінішке қарай, елімізде оқымайтын және жұмыс істемейтін NEET-жастардың саны артып келеді. Әлеуметтанушылардың мәліметінше, сауалнамаға қатысқан жастардың 20 пайыздан астамы мектеп бітіргеннен кейін үйде отыруға мәжбүр. Сөйте тұра, төрт жас азаматтың үшеуі қоғам өміріне араласпайды және жастарды қолдау бағдарламалары жөнінде білмейді. Аймақтардағы жастар ресурстық орталықтары туралы жастардың төрттен бірі ғана хабардар, ал ол орталықтарға небәрі 5 пайызы ғана жүгінген. Бұл – шындық. Жастар ұйымдары ең алдымен жас азаматтардың осы санатымен айналысуы тиіс». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Енді осыдан қорытынды шығару керек емес пе?

Кез келген елдің табысы азаматтарының жекелеген жетістіктерінен құралады. Мұның ішінде, әсіресе жастардың рөлі басым болса, алар асулар мен бағындырар биіктер көп болмақ. Әрбір жас алдарына қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өз қабілеттерін шыңдай түссе, мемлекет те табысты болады. Бүгінгідей жоғары бәсекеге қабілетті әлемде ешкім туғаннан табысты бола алмайды және оған кепілдік те берілмейді. Алайда әрбір жастың дұрыс бағыт таңдап, оң шешім қабылдауына ата-анадан бастап, әрбір қоғам мүшесі ықпал етері, үкіметтік емес ұйымдары мен тағы сол секілді құзырлы орындар осы бағытта септесе алары сөзсіз.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support