- Advertisement -

Саяси ахуал ерекше бақылауда

73

- Advertisement -

Қазіргі таңда татулығы мен бірлігі жарасқан 75 этнос өкілдері өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы жолында бірлесе жұмыс істеуде. Олардың 31-і қоғамдық аккредиттеуден өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына енген. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның айтуынша, үш жыл бұрын орын алған Қордай оқиғасынан кейін аудандарда саяси ахуал ерекше бақылауға алынған.

– Бүгінде өңірімізде этносаралық ахуал тұрақты. Жалпы, этносаралық қатынастар саласы – еліміздің ішкі саясатындағы аса маңызды салалардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдардың этносаралық саладағы барлық жұмыс жүйесі жаңғыртылуда. Соның аясында этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру технологиялары бойынша кәсіби білімдері мен дағдыларын арттыру үшін аймақтық семинарлар өткізілді.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты «Қайырымдылық» жобасы аясында облыс кәсіпкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер, меценаттар зардап шеккен адамдар мен аз қамтылған жанұяларға түрлі көмек көрсетті. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен 13488 адамға көмек көрсетілді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Мүбәрак Қасымқызы.

Айта кетейік, 25 қазан – Республика күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірлік филиалының ұйымдастыруымен облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде өңір этностарының мәдениеті мен дәстүрлері күніне арналған «Әралуандық арқылы – бірлікке» атты мерекелік шара өткен болатын. Осынау мәдени шара барысында этнос өкілдері өздерінің озық дәстүрлерін, ұлттық киімдері мен тағамдарын, ата-бабаларынан аманат болып қалған асыл мұраларын дәріптеуге тағы да бір мүмкіндік алды. Бұл күні мерекеге келген қонақтар өңірімізді мекен еткен этностардың мәдени мұрасымен, салт-дәстүрлерімен жақынырақ танысып, көпшілік назарына этномәдени бірлестік өкілдерінің кітаптары, халық шығармашылығы, музыкалық аспаптар мен этникалық костюмдері ұсынылды. Бұдан бөлек, жиналғандар армрестлинг, дойбы, шахмат, гір тасын көтеру және ұлттық спорттың бірнеше түрінен бақ сынасып, өзара кім мықтыны анықтады.

 

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support