Экономика

Өңір басшысы өзекті мәселелерді назарға алды

Өңір басшысы өзекті мәселелерді назарға алды

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Шу ауданындағы іссапары Тасөткел ауылдық округінен басталды. Облыс басшысы ауылдағы Шерхан Мұртаза атындағы орта мектепте тұрғындардың қордаланған мәселелерін тыңдады. Әуелі облыс әкімі тұрғындарды 2025 жылға дейін бекітілген өңірдің даму жоспарымен таныстырды. Онда әлеуметтік салаға басымдық берілгенін айрықша атап өтті. Осы орайда білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласымен қоса

 елді мекендерді көгілдір отын, ауыз сумен қамту, жол жөндеу жұмыстары, жарықтандыру мәселелеріне қатысты қолға алынатын істерге кеңінен тоқталды. – Бүгінде облыста 443 мектеп бар. Онда 250 мыңға жуық оқушы білім алуда. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 23500 бала қабылданды. Биыл 12 мың бала мектепке артық келді. Балалардың саны жылдан-жылға артып отырғаны қуантады. Осыны ескере отырып, жылда аймақта 15-20 мектеп бой көтеруде. Егер бұл жұмыс жоспарға сай болмаса, мектеп тапшылығы орын алатыны белгілі. Жыл аяғына дейін қосымша 4 мектепті іске қоссақ, облыс бойынша 10 жаңа мектеп ел игілігіне берілмек. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында адами капитал, білім, жайлы мектептерді соғу мәселелерін атап өтті. Яғни, мектептерде барлық жағдай жасалуы қажет. Келесі жылдан бастап облыста 13 жайлы мектеп соғуды межелеп отырмыз. Бұл бағытта алдымен орын тапшылығы бар елді мекендер қамтылады. Мақсатымыз – үш ауысымды мектептерді жою. Әрбір ауылдың әкімі халықтың мәселелерін білуі қажет. Шаруа қожалық иелері мен кәсіпкерлердің табысты жұмыс жасауына оңтайлы жағдай жасауға тиіспіз. Осы бағытта аудан, ауыл әкімдері талмай жұмыс істеуі керек. Үкімет тарапынан берілетін жәрдемақылар мен субсидиялар бойынша халыққа ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ереже талаптарын жеткізуі қажет. Жалпы өңірде отбасына шаққандағы табыс көлемі – 107 мың теңге. Ал республика көлемінде ең төмен табыс бізде. Сондықтан осы мәселеге басымдық берілуі керек, – деді облыс басшысы. Облыс әкімі өз сөзінде осы ауылдағы 1965 жылы бой көтерген Ш.Мұртаза атындағы мектепке келер жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Сонымен қатар Нұржан Молдиярұлы өңірдегі медициналық қызметпен қамтылмаған елді мекендердің мәселесін айта келе, келер жылы облыста үш аурухананың құрылысы басталатынын, соның бірі осы Шу ауданында екенін айтты. Жиында облыс әкімі ауыл балаларының үйірмемен қамтылуы және спортпен шұғылдануының маңыздылығына да тоқталды. Өңір халқының 35 пайызға жуығы бұқаралық спортпен айналысатынын, 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу керек екенін атап өтті. Қазіргі таңда Ш.Мұртаза атындағы мектепте екі үйірме жұмыс істейді екен. Онда 38 бала бар. Өз сөзінде өңір басшысы көшелердің жөнделуін, аймақтағы ауыз суға мұқтаж 100 елді мекеннің 30-ы биыл тіршілік көзімен қамтылатынын және өңір халқын толығымен газбен қамту жоспарымен де таныстырды. Аталған ауылдық округте бүгінгі таңда 5 көше бар болса, соның төртеуінде асфальт жабындысы төселмеген. Оған қоса облыс әкімі ауданда ашылған жұмыс орындарының аздығын да алға тартты. Ауыл тұрғындары кездесуде ауданда көптеген білім ошақтарының күрделі жөндеуге мұқтаждығын жеткізді. Бұл мәселе бойынша өңір басшысы аудандық білім бөлімінің жұмысын сынға алды. «Шу ауданы бойынша күрделі жөндеу үшін бірде-бір мектептің құжаты жасалмаған. Аудандық білім бөлімі неге жұмыс істемейді? Балалардың толыққанды білім алуына біз барынша жағдай жасауымыз керек. Мен бұл мәселені осыдан алты ай бұрын айтқанмын. Бірақ ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпын. Кез келген жұмыстың құжаты реттелсе, қаражат мәселесі де оңтайлы шешімін табады емес пе?» деп жауаптыларға нақты тапсырма берді. Басқосу барысында «Тасөткел» су қоймасындағы жөндеу жұмыстары, ауылдық жерлердегі тұрғындардың табыс көзін арттыру, жем-шөп, ағын су, көгілдір отын, ауыл шаруашылығы техникаларын алу бойынша мәселелер де талқыланды. Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлының жұмыс сапары Д.Қонаев ауылында жалғасын тапты. Өңір басшысы жыл басынан бері тұрғындармен мыңнан астам кездесулер ұйымдастырылғанын атап өтіп, бірден тұрғындардың пікіріне құлақ түрді. Ауыл ақсақалы Болат Қайранов қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан спорт кешеніндегі бокс залы мен еркін күресті бөліп беруді сұрады. Ауыл мен мектептің атауымен қоса мәдениет үйін де Д.Қонаевтың атымен атауды ұсынды. Облыс әкімі биыл 18 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатқанын, соның алтауы биыл пайдалануға берілетінін атап өтіп, жаңа кешенде үш залдың болатынын айтты. Ауылдың тағы бір тұрғыны Тоқтамыс Дүйсенбаев 1954 жылғы электр бағаналарының ескіргенінен жел тұрса, жарық өшетінін айтты. Тұрғындар ауылдағы электр желісін толығымен жаңғырту қажеттігін, электр қуатының ауылға өз деңгейінде жетпей жатқанын атап өтті. Бұл мәселеге қатысты ауыл әкімі электр желілерінің жобалық-сметалық құжаттары былтыр жасалғанын, бірақ қаражат бөлінбегендіктен әлі шешімін таппай отырғанын жеткізді. Тұрғындар ауылдағы көпірдің мәселесін де көтерді. Бұл сұраққа аудан әкімі Сәкен Арубаев жауап беріп, көпшілікті алаңдатқан көпірдің құрылысы келер жылы көктемде толық шешілетінін айтты. Қазіргі таңда оған қажетті қаражат та бөлініп қойыпты. Сонымен қатар ауыл тұрғындары мектепке оқушылардың сыймай, үш ауысымда оқып жатқанын қынжылыспен жеткізді. Өңір басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселені назарға алып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Жиын соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді. Мұнан соң Нұржан Молдиярұлы Жаңақоғам ауылдық округіндегі «Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының іске асырылу барысымен танысты. Ауылдағы «Омар Шу» ауыл шаруашылығы кооперативі 11,0 миллион теңге несие алып, үй іргесіндегі жерлерге техникамен қызмет көрсетіп, тұқым, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда алған несиесінің жартысынан астамы қайтарылған. Жалпы ауылдық округте биыл үй іргесіндегі 102,8 гектар жер игерілген. 27,8 гектарға қызанақ, 35 гектарға қияр, 20 гектарға картоп, 10 гектарға қырыққабат, 10 гектарға сәбіз егілген. Одан бөлек 189 ауыл тұрғыны несиеге 4692 мал алған. Облыс басшысы кооператив жұмысымен толыққанды танысып, мемлекет тарапынан берілетін субсидия мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды, сәйкесінше ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бұл жұмыстарды жүйелеуді тапсырды. Облыс әкімі ауданға сапарының соңында «Тасөткел» су қоймасы бөгетінің сейсмикалық тұрақтылығын жоғарылату бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазір су қоймасының 2-кезеңін реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мердігер компания «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтырғы жобада қаралған жұмыстардың 90 пайызын орындаған. Өңір басшысы алдағы желтоқсан айының бірінен бастап қоймада суды жинауды бастауды тапсырды. Ал мұндағы жұмыстардың негізгі бөлігі жыл аяғында аяқталмақ.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ