Денсаулық

Жазмыш десек те, қамкөңіл жандар қамқорлыққа алынған

Жазмыш десек те, қамкөңіл жандар қамқорлыққа алынған

Бұл мекеменің орналасқан жері – Қызылтаң ауылындағы табиғаттың көркем бір мүйісі. Бір кездері мұнда ондаған жыл бойы балшықпен емдеу шипажайы жұмыс істеді. Жаңа Жамбыл фосфор зауытының еңбеккерлері оның біраз игілігін де көрді. Кейін біртұтас одақ таратылып, бұрынғы экономикалық байланыстар үзілгеннен кейін бұл мекеме өз жұмысын тоқтатқан еді. Қаңырап бос қалған ғимарат 2001 жылы жүйке сырқатына шалдыққандарға арналған интернат-үйіне берілді.

– Бізде бүгінде әртүрлі психоневрологиялық аурулармен түскен 340 адамға (оның ішінде 80-і бірінші, 260-ы екінші топ мүгедегі, 183-і ер азаматтар) қызмет көрсетіледі. Олар мұнда он сегіз жастан жоғары өмірлерінің соңына дейін арнайы күтімде болады. Олардың арасында жасы 80-ге жеткендері де бар. Қазір 74-тегі бір кейуанаға қызмет көрсетілуде. Олардың арасында ақыл-есі жетілмегендер, шизофрения, талма ауруларына шалдыққандар, орталық жүйке жүйесі зақымданғандар да бар. Осынау кемтар жандарды бағып-күту, өмірге бейімдеу, еңбекке, өнерге баулу секілді сан қырлы әлеуметтік қызмет барлығы 242 қызметшінің мойнына жүктелген, – дейді интернат үйінің директоры, жоғары білімді оташы-дәрігер Мұрат Бердалиев.

Сәл кейіндеу ол бізді интернат ішін аралап көруге қосты. Туа кемтар, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың өмір-тіршілігінің куәсі болу бізге де тым ауыр соққан. Сол тұста осындай көріністерді күнде көріп, сан түрлі тағдыр иелерінің тауқымет-қиындықтарын бірге көтерісіп, соның бәріне төзіп жүрген, жандары шуаққа, жүректері мейірімге толы мейірбикелердің, әлеуметтік қызметшілердің еңбегі ерлікпен пара-пар ғой деп ойладық. Шыны да солай. Кейбір азаматтардың осылай ақыл-есі кіресілі-шығасылы күйде өмірге келіп, кететіні біртүрлі аяушылық сезіміңді де қоздатады. Әзірге мұндай сырқатты бойдан сылып тастауға әлем медицинасының өзінің әлі келмеуде. Мекеме басшысының әлеуметтік сала бойынша орынбасары Гүлнәр Бектасова сырқат балалар жай-күйімен таныстырып: «Бұлардың ата-анасы, туған-туысы жоқ, тұлдыр жетімдері де бар. Бірақ, көп емес. Кейбірі артынан іздеп келген туыстарын таниды, талмасы ұстамаса өткен өмірін есіне де түсіре алады. Ал кейбірі ата-анасын танымайды, олар әкелген тамақты шашып-төгіп ішіп-жеуді ғана біледі. Жүйкесі сыр беріп, көтеріліп кететіндері болса, осындағы «Дағдарыс» бөлмесінде уақытша сабасына түскенше ұстай тұруымызға тура келеді» деп осындай мехнатты тірлікті иіндеріне жүктеп, уақытпен санаспай еңбек етіп жатқан бірқатар әлеуметтік қызметшілер есімдерін атады. Рабиға Мырзахметова бұл тізімнің ту-у басында тұр. Ол аталмыш салада 22 жыл бойы тер төгумен келеді екен. Ал Нұрпия Дүйсенбиеваға оншақты жылдың жүзі болыпты. Ол бұрын кіші мейірбике қызметін атқарған, енді әлеуметтік қызметкер санатына жетіп отыр. Жоғары білімді жас маман Айдар Қайырбеков те өзін жақсы қырынан көрсетуде. Жалпы, қызмет алушылардың көңіл-күйлері тұрақты болуында мәдени қызметтің атқарар рөлі зор. Дегенмен, оларға ән, би үйретіп, бұрынғы білетін әуендерін ойларына түсіру де көп күш жұмсауды қажет етеді. Бұл істі мәдени қызметкер Майра Жарқынбаева сәтімен үйлестіруде. Мамандар осы ән тәрбиесі мен еңбекке баулу қызметінің ғана әзірге тиімді нәтиже беріп отырғанын айтады. Осы ретте мекеме жанынан ашылған «Жануарлар бұрышында» аздаған тауық, үйрек, қоян бағылып, өсірілуде екен. Ем алушылар үшін жаз айларында арнайы телімде егілген көкөніс, бақша дақылдарын баптау да ғанибет іс. Интернатта тұратындардың осыдан төрт жыл бұрын өз қолдарымен еккен жеміс ағаштары да биыл жеміс беріпті. Қызмет алушылар бірауық осындай жұмыстармен айналысу арқылы психикасын түзеп, жүйкелерін тыныштандыра да алады. Бұл әзірге еш жерде қолданысқа енгізілмеген, мекеме ауқымында ғана алғаш жүзеге асырылып жатқан әдіс-тәсіл болып шықты. Қызмет алушылардың бір парасы спорттың футбол, боулинг, теннис түрлерімен шұғылданады екен. Түрлі деңгейдегі спешиолимпск жарыстарында жоғары нәтижелерге жетіп жүргендері де жоқ емес. Сайып келгенде, мұнда туа тағдыр тауқыметіне тап болған қамкөңіл жандар үшін толыққанды өмір сүру үшін барлық жағдайлар жасалып отыр. Жыл сайын мекемеге қызмет алушылардың тамағы, дәрі-дәрмегі, киім-кешегі, қызметкерлердің айлық жалақысы үшін 450 миллион теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Бұл да мемлекет тарапынан көрсетілер қамқорлық пен қолдаудың бір көрінісі екені анық. Қамқорлық аясы одан әрі де кеңейе бермек.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.