Қанатқақты жобаға қатысушылар көп
Қанатқақты жобаға қатысушылар көп
Сөйтіп аймақта қанатқақты жобаға қатысқан елді мекендерде үй іргесіндегі жер телімін тиімді игеру 95 пайызға артты. Ал мал шаруашылығы бағытын дамытуға сол тұста 6,4 миллиард теңге бөлініп, 45032 бас мал сатып алынған еді. Қазір ол мал басы 186100-ге жетіп отыр. Елді мекен маңайындағы игерусіз жатқан 10113 гектар алқап игеріліп, 21 мың тонна өнім жиналды. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және ауыл шаруашылығы тіркемелерімен қамтамасыз ету мақсатында 972,4 миллион теңге бөлініп, 190 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған болатын. Бұл техникалар бүгінде кооперативтердің жұмысының алға басуына септігі тиюде. Соңғысы, жергілікті тұрғындарға шағын бизнес ашу үшін 56,2 миллион теңгеге 11 жоба қаржыландырылып, шағын цехтар өз жұмыстарын жүргізуде. Жобаның аясында қол жеткен жетістік аз емес. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, қанатқақты жоба енгізілген соң жеке кәсіпкер саны – 2282-ге артқан. Жұмыссыздар саны – 194 адамға кеміп (528-ден 334-ке дейін) 589 жаңа жұмыс орны ашылған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміген (1615-тен 557 отбасыға). Атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат – 1039 миллион теңгені құраған. Қанатқақты жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге немесе 165 пайызға артқан. Қанатқақты жобаға қатысып отырған округтердің барлығында жұмыс бірден жүріп кетті деп айта алмаймыз. Кейбір аудандарда кооператив басшылары жұмысты алып кете алмағандықтан, оны ауыстыруға тура келген жағдайлар да орын алды. Өлместің күйін кешіп отырғандары да жоқ емес. Бір атап өтерлігі, өзіміз көзбен көрген Талас ауданындағы «Талас 2020» ауыл шаруашылығы кооперативі биыл 25,1 миллион теңге табыспен шыққан. Кооператив төрағасы Рақымжан Әбденовтың айтуынша, биыл кооперативте мүйізді ірі қара 17, жылқы 15 пайызға өскен. 300 аулада үй іргесіндегі жер телімдері тиімді игерілген. Мұнда су тапшылығын шешу үшін сексеннен аса аулада 45 мың теңгеге құдық орнатылып, бақша суы оң шешімін тапқан. Әрбір тұрғын ауласынан орта есеппен 205 мың теңгеден табыс тауыпты. Биыл кооператив мақсарыдан 6,6, жүгеріден 3, жоңышқадан 2 миллион теңге, ал жылыжайдан 10 миллион теңге табыс тапқан. Кооператив түскен табыстың 5,1 миллион теңгесін алдағы жылдың өнімі үшін тұқым алуға алып қалса, қалғанымен несиенің бір бөлігін жаппақ ниетте. Жыл басында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы қанатқақты жобаға қатысқан кооперативтерден қайтарылған несие қаражаты есебінен тағы үш ауылдық округ жобаға енгізілген болатын. Олар Байзақ ауданындағы Үлгілі, Жамбыл ауданындағы Өрнек және Жуалы ауданындағы Ақсай ауылдық округтері. Бұл округтердің 237 тұрғыны мал алу үшін өтініш берген. Оған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 770,2 миллион теңге бөлініп, бүгінгі таңда 6073 бас мал сатып алынған. Оның 584-і мүйізді ірі қара болса, бұл малдың 534-і сауын сиыр, яғни жобаға қатысып отырған округ тұрғындары сүт бағытын таңдаған. Бұдан бөлек, 920 бас жылқы, 3999 бас қой, 570 бас құс алынған. Бұл округтерде жобаға биыл 1393 аула қатысып, олардың күшімен 193 гектарды құрайтын үй іргесіндегі жер телімдері игерілген. Бұдан бөлек, жобаның бесінші бағыты бойынша тоғыз азамат жалпы құны 84,2 миллион теңгені құрайтын өздерінің жеке кәсібін ашып жұмыс істеуде. Атап айтсақ, Үлгіліде бір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу, бір тігін цехы мен бір инкубатор орталығы құрылған. Ал Өрнекте бір кондитер цех ашылған. Ақсай ауылдық округінде бір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орталығы, үш бал арасы шаруашылығы, бір тоқыма цехы іске қосылды. Ендігі таңда Үкіметтің қолдауымен жаңа бөлінген 6 миллиард қаржы 10 ауылдық округке бөлініп отыр. Онда 26 елді мекен бар. Бұл ауылдық округтерде 26072 тұрғын тұрады, жалпы аула саны 4386. Мұнда жалпы 2111 жобаны іске асыру көзделуде. Бүгінге дейін ауыл тұрғындарынан 158 өтінім түсті, оның 82-сі қабылданып, 408,1 миллион теңге несие рәсімделген. – Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға 243,9 миллион теңге қаралған. Дегенмен қыс айы болғандықтан бұл бағытта әзірге тұрғындар тарапынан өтінім түспеген. Мал шаруашылығын дамытуға, яғни мал алуға 3,4 миллиард теңге қаралып, 82 өтінім қанағаттандырылған. Негізінен жобаның екінші бағытына өтінім берушілер көп. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағытына 224,2 миллион теңге қаралғанмен, әзірге кооперативке мүше болып кіруге талап білдіргендер жоқ. Жаңа құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 149 ауыл шаруашылығы техникасын алуға лизинг жүйесімен 1,6 миллиард теңге бөлінген. Ауылдық тұрғындардың жеке кәсібін ашу бағытына 54 жобаға 486,9 миллион теңге қаралғанымен, тұрғындар тарапынан аса белсенділік байқалмайды. Қазіргі таңда жобаға енген он округте түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді басқарма басшысы Ербол Жиенқұлов. Жобаға қатысуға ниетті округтер көп. Биыл таңдап алынған округтерде жұмыс жандана түседі деген сенімдеміз.
Марат ҚҰЛИБАЕВ