- Advertisement -

Көшелердің өзіндік стилін қалыптастыру қажет

103

- Advertisement -

Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмысты істеуге қолайлы елді мекеннің сапалы инфрақұрылымның болуы. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде аймақта табысты іске асырылуда. Осы ретте облыс әкімдігі сәулет, қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Дәулетқұлұлы Қарабалаевтың сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.

– Айтқазы Дәулетқұлұлы, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көп мәселе қамтылды. Сол Жолдауда қала құрылысы саласы да назардан тыс қалмады. Сіз бүгінгі таңда өз салаңызға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында, «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы, қоғам игілігіне және сәулет саласына қатысты бірнеше өзекті мәселелер аталып, оған қатысты тапсырмалар берілгені белгілі. Мәселен, Жолдаудың екінші бағдары «Нақты секторды дамыту» бойынша Үкіметке жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырды. Расында қазіргі қолданыстағы қала құрылысы құжаттамаларымен жұмыс жүргізу барысында, бірқатар түсініспеушілік жағдайлар мен әлі де заңды реттелмеген мәселелер ұшырасады. Бұл өз кезегінде Жолдаудың «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғыртуда» аталған тұрғын үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алуда кері әсерін тигізіп отыр.

Дәлірек айтсақ, қолданыстағы заңдар мен ережелерде сәулеттік келбетті реттеу, абаттандыру мәселелері қарастырылмаған. Соның салдарынан көшелерімізде қасбеті әр түрлі нысандар бой көтеріп, бірыңғай үйлесімді сәулеттік келбетіміз сақталмай отыр десек те болады. Бұл айтылған жағдай бұрыннан келе жатқан үрдіс болып отыр. Осы мәселені реттеуде, шетелдік тәжірибелер негізінде басқарма тарапынан «Дизайн код» жобасын әзірлеу мәселесі қолға алынды. Бұл жоба басқа да өңірлерде бастау алған.

«Дизайн код» жобасында әрбір көшенің өзіндік стилі қалыптастырылып, ондағы инфрақұрылым жүйелерін жүргізу, жаяу жүргіншілер мен веложолдар қарастыру, көше бойындағы бағдаршамдар мен орындықтарды, билбордтарды заманауи орналастыру, кәсіпкерлік және тұрғын үйлердің қасбеттерінің түстік шешімдері қамтылады. Дегенмен бүгінгі таңда «Дизайн код» жобасының заңды күші болмай отыр. Осыған байланысты, осы және өзге де сәулет, қала құрылысы саласына қатысты өзекті мәселелерді Қала құрылысы Кодексінде қамту бойынша, жоғарғы атқарушы органға ұсыныс берілетін болады.

– Бүгінгі таңда облыс елді мекендері бас жоспар жобаларымен қамтылған ба?

– Облысымызда барлығы 371, яғни 4 қала мен 367 елді мекен бар. Барлығы да қала құрылысы жобаларымен қамтамасыз етілген. Оның ішінен 33-і бас жоспармен, ал 338 елді мекен бас жоспардың оңайландырылған нұсқасымен қамтамасыз етіліп, аудандық мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген. Жалпы бас жоспар жобалары 2010-2015 жылдары аралығында әзірленген болатын.

Арасында жағдайға байланысты елді мекендердің бас жоспары мен оңайлатылған сызба жобаларына түзету енгізу жұмыстары жүргізіліп отырады. Солардың бірі ағымдағы жылы Тараз қаласы мен Жамбыл ауданы бойынша 4 елді мекенге, Қордайда 11, Шуда 19 елді мекеннің бас жоспары мен оңайлатылған сызба жобаларына түзету енгізілді.

Түзету енгізу жұмыстары «Қала құрылысы жобаларын жобалау, келісу және бекіту тәртібі туралы» Қазақстан Республикасында ҚР ҚН 3.01-00-2011 Нұсқаулыққа сәйкес, Тараз қаласы мен Жамбыл, Қордай, Шу аудандары әкімдіктері тарапынан атқарылуда.

– Өзіңіз атап кеткен Тараз қаласының бас жоспарына тоқталсақ, ондағы бас жоспарға түзетулер мен толықтырулар енгізудің себебі неде?

– Тараз қаласының алғашқы бас жоспары 2010 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №104 қаулысымен бекітілген болатын. Бекітілген жобаға сәйкес қала аумағы – 18 787 гектарды құрады. Аталған бас жоспардың пайдалану мерзімі 2025 жылға дейін болатын. Алайда ол жоспар қазіргі уақыт талабына сай әзірленбегендіктен қайта жасауға тура келеді.

Келесі өзекті мәселелердің бірі – 2010 жылы бекітілген бас жоспарға сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезектегі азаматтарға барлығы 7000-ға жуық (6941) жер телімін беру жоспарланса, онын ішінен қазірдің өзінде Көлтоған, Сүлейменов көшесінің соңы (15 ш/а) және Қарасу (Құмшағал) тұрғын алқаптарынан 2746 жер телімі кезектегі азаматтарға берілген. Соның өзінде Тараз қаласы бойынша 107 365 азамат жер кезегінде тіркелген. Жер кезегіндегі барлық азаматтарды жер телімімен қамту бұл мүмкін емес, бірақ та біз мүмкіндігінше қарастыруымыз қажет.

Бұдан бөлек, бас жоспарға қаладағы бірқатар, атап айтсақ, әл-Фараби сияқты кіші көшелер енгізілмей қалған. Қаланы заман талабына сай дамыту үшін бас жоспарға өзгерістер енгізуіміз қажет болды. Осыған байланысты, 2021 жылдың басынан Тараз қаласының 2010 жылы бекітілген бас жоспарына түзету енгізу жұмыстары қолға алынды. Жалпы жобалау жұмыстары барысында, қала аумағын заман талабына сай дамыту, қадамдық қолжетімділік қалыптастыру, көркейту және жер кезегі мен пәтер кезегіндегі азаматтарды қамту мақсатында қала аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарынан жалпы 11 755 гектар алқап қосылып, қала аумағы 30 542 гектарға ұлғаймақ.

Аудан есебінен қосылатын аумақтан, жобалау жұмыстары барысында бірінші кезекте ол қала тұрғындарын әлеуметтік (мектеп, балабақша, аурухана т.б.), мәдени нысандармен, жер телімімен және заманауи көппәтерлі тұрғын үйлермен қамту мәселесі қойылуда. Жалпы Тараз қаласының бас жоспар жобасының іске асырылуы ІІ кезеңге бөлініп, І кезең – 2029 жылға, ІІ кезең – 2040 жылға дейінгі аралықты қамтыды.

Жоғарыда аталған бас жоспарды Тараз қаласының тұрғындарына міндетті таныстыру мақсатында, бірнеше рет қоғамдық тыңдаулар жүргізіліп, әлеуметтік желі және БАҚ өкілдерімен кездесу арқылы талқылаулар өткізіліп, бірқатар ұсыныстар жобаға енгізілген болатын. Ендігі кезекте, жоба қалалық және облыстық мәслихаттың депутаттарының қарауына ұсынылып, тиісті мақұлдау алынғаннан кейін, одан әрі жоғарғы орталық атқарушы органдарға ұсынылып, тиісті сараптама мен келісімдер алынып, Үкімет қаулысымен бекітілгеннен кейін іске асырылатын болады.

– №14 шағынаудан жайлы да айта кетсеңіз. Құрылысы қашан басталады? Осы жерге жақын Талас өзені өтеді. Онда бұрынғы бас жоспар бойынша жағалау демалыс орындары салынатын сияқты еді… Өзгеріп кеткен жоқ па?

– №14 шағынауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша аумағы – 100 гектарды құрайды. Көпқабатты тұрғын үйлер саны – 65, бұдан бөлек, екі мектеп, бес балабақша, алты шағын орталық және алты медициналық орталық пен дәріхана қарастырылған. Тараз қаласы әкімдігінің 27.11.2019 жылғы №4082 қаулысымен Тараз қаласы №14 шағынауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына түзетулер енгізу жұмысы бекітілді. Аталған аумақта 200 төсек-орынға арналған онкологиялық аурухана құрылысын ағымдағы жылы аяқтау жоспарлануда. Маңынан «Біз біргеміз» монументі бой көтергені өздеріңізге мәлім. Сонымен қатар 450 орындық көпсалалы аурухана құрылысы үшін 14,2 гектар жер телімі қарастырылды.

Бүгінгі таңға бұл аумақты инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жылу, газ, байланыс жүйелері жүргізілді. Электр жүйелерімен, су-кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес Талас өзені жағалауы бетінен жалпы 16 дана (12 және 16 қабатты) тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған.

Жалпы шетелдік тәжірибелерді алғанда, туристер мен инвесторларды қызықтыратын мәселелердің бірі ол өзен, су маңынан демалыс орындарын құру, көппәтерлі тұрғын үй құрылысын салу болып отыр. Осыған орай Талас өзені бойынан демалыс орнын және жағалау құру мәселесі жобада қалдырылды. Сонымен бірге, аталған мәселені Тектұрмас және Аю тропик аудандарынан қарастыру жоспарланып отыр, яғни Талас өзенінің бойында жағажай етіп барынша заманауи сәулеті жарасқан жобаларды қарастырамыз.

– Тараз қаласынан жеке тұрғын үй құрылысына кезекке тіркелген азаматтар саны мен берілетін жер телімі жайында айта кетсеңіз?

– Қазіргі таңда Тараз қаласында жер теліміне 107 365 азамат тіркелген. Тараз қаласы бойынша 1715 жер телімін беру жоспарланған болатын. Оның ішінен 1460 жер телімі – Қарасу (Құмшағал) тұрғын алқабынан, 255 жер телімі – №15 шағынауданынан. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Жер Кодексіне сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдері бірінші кезекте инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілуі қажет.

Бүгінгі таңда жалпы 1715 жер телімінің ішінен 1460 жер телімінің құжаттары Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімі тарапынан тиісті келісімдер мен құжаттар дайындалып, Мемлекеттік корпорацияға жер-кадастрлық жоспарды дайындау үшін ұсынылды. Сондай-ақ 365 жер учаскесін кезектегі азаматтарға беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

 Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support