Медицина: Сан мен сапа қандай?
Медицина: Сан мен сапа қандай?
Расында осы салаға келгенде кімнің болса да көңілі күпті. Суық тиіп ауырған баланың ауруханадан сал болып шығатынына көз үйренді. Өзіне ескертусіз он екі мүшесінің бірінен айырылып жататын елдің қарасы көбейді. Әйтеуір, қазір медициналық мекемелер мен дәрігерлерді сотқа сүйрейтін оқиға өте көп. Ең өкініштісі, әрбір жағдайдың артында адам тағдыры тұр. Әлеуметтік желілерден екі күннің бірінде дертіне дауа іздеп, отандық медицинадан көңілі қалған жазбаларды оқитын болдық. Қоғам белсенділері мен сарапшылар «Біз медицинамыздың дамуынан кемі 30 жылға артқа қалып кеттік» деп отыр. Жұрт тегін емге арқа сүйемейтін болған. Айлап кезек күткенше, ауруын асқындырып алудан қорқып, сол күні қабылдайтын ақылы қызметке жүгінеді. Осыдан кейін медицинадан мән кетті деуге әбден негіз бар. Бүгінде еліміздегі медициналық мекемелерде ең үздік деген 30-дан астам құрылғы істен шығып тұр. Медициналық техникамен жабдықталу 83,3 пайызды құраса, тозу 63 пайызға жеткен. Міне, осының әсерінен де адамдар тексерістен уақтылы өте алмауда. Тіпті кейбірі көрші мемлекеттерге барып қаралуға мәжбүр. Осыған дейін денсаулық сақтау саласына жаңалық әкелген түрлі озық техникамыз көп уақыт өтпей-ақ сынып қалған. Әсіресе позитрондық-эмуссиондық томография жылына бірнеше рет істен шығады екен. «Осы құрылғылардың жөнделуін күтіп біраз жүрдім. Болмаған соң Өзбекстанға барып, көрініп, емделіп келдім. Неге екенін білмеймін, біздегі құрылғылар жиі сынып қала береді. Компьютерлік томография тек облыс орталықтарында ғана болады. Ал аудандарда мүлдем жоқ. Сонда біздегі медицина әр ауданға біреу болса да осындай компьютерлік томография орнатып беруге қауқарсыз ба?», дейді тараздық тұрғын Жанар Орманова. Ал қала тұрғыны Алуа Сәрсенбиева: «Бізге ауылдан кісі ауырып келсе, іргедегі Бішкекке апарамыз. Бұл үрдіс қаламызда кәдімгідей қалыптасып кеткен. Болмаса, Түркістан арқылы Ташкентке барып келеміз. Біресе техника бұзылды, біресе маман жоқ деген құрғақ сөздерден әбден шаршағанбыз. Бұл біздің медицинаның осалдығын білдіреді. Алматы мен Астанада ондай мәселелер аз шығар. Бірақ облыс орталықтарында, аудандарда кезек күту, дәрігердің қабылдауы, дәрі-дәрмек мәселесі шешімін әзір табады дегенге сенбеймін. Ауылдағы дәрігерлердің жайын айтпасам да болатын шығар. Бішкекке баратын себебіміз, ондағы медициналық қызмет көрсету сапасы өте жоғары әрі қалтамызды қақпайды», дейді. Міне, осындай қордаланған дүниелердің көптігі медицинадағы көп мәселені ушықтырып отыр. Озық техникалар, тек бас қалаға ғана емес, басқа қалаларға да жетсе дейсің. Оның үстіне Қазақстанда медицина мамандарының кәсіби дайындығы көңіл көншітпейді. Әсіресе ауылдық жерлерде медициналық қызметтің сапасы төмен. Бұл енді қалай бүркемелесек те, көзге көрініп отырған шындық. Бүркеген жерден бүрге шығарын ескерсек, алдымен осы олқылықтың орнын толтыру керек. Денсаулық сақтау саласына қатысты күнде бір жиын өтіп, жиі-жиі талқылауға ұшыраса да, бұл саланың мәселесі азаймай отыр. Біз осылай деп, ауылға алаңдағанымызбен қаладағы жайдың да жапсары белгілі. Маман жетіспеушілігі мәселесі облысымызда да бар. Қазірдің өзінде 111 дәрігердің орны бос тұр. Сәулелік диагностика маманы, радиолог, акушер-гинеколог пен реаниматологтар жетіспейді. Расында да, қалалықтар, мемлекеттік емханалардан баз кешсе, олар үшін жеке клиникалар қызмет көрсетеді. Ал ауылдағылар ше? Оларды кім ойлап жатыр? Сөз соңы: Қалай десек те, денсаулық сақтау саласы қомақты қаржыға мұқтаж. Мемлекеттік медицина мекемелерінің 60 пайызынан көбі тозған. Жабдықталған 80 пайыз техниканың да тең жартысы ескі. Проблеманы шешу үшін денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымына әлі 1 триллион теңгеге жуық қаражат керек. Бұл – техника мен маман мәселесіне бірдей назар аудару қажет деген сөз.