- Advertisement -

Көгілдір отынды күтудеміз

28

- Advertisement -

Тереңөзек ауылдық округіне қарасты Шолаққайыңды ауылының бүгінде тұрмыс-тіршіліктері, инфрақұрылымы жүйелі түрде дамыған деп айта аламыз. Мемлекеттің «Жол картасы» бағдарламасы аясында бастауыш мектеп, клуб, кітапхана ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйелері жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Бір орталықтан берілетін таза ауыз су әр үйге тартылды. 2020 жылы облыс бюджетінен қаражат бөлініп, заманауи талаптарға сай ауылдық фельдшерлік пункт ашылды.

Ауыл тұрғындары өз қаражаттарын жинап, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен майдан даласында шейіт болғандарға және еңбек, тыл ардагерлеріне арнап «Ерлікке тағзым – ұрпаққа ұлағат» атты ескерткіш орнатып, олардың есімдері мәрмәр тасқа жазылды. Жеті шақырым Тереңөзек-Шолаққайыңды автокөлік жолына асфальт төселіп, көшелері жарықтандырылды.

Тек бір ғана мәселе, ауылымызда газдандыру мәселесі жылдар бойы өз шешімін таппай келеді. Ауыл, аудан, қала берді облыс әкімдерінің жергілікті ауыл тұрғындарымен кездесу, есеп беру жиындарында жыл сайын бұл мәселе айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ… Алты ай бойы шелектеп көмір тасып, күйе болып, күл шығарудан мезі болған ақ жаулықты аналарымыз бен келіндеріміздің реніштері таудай. Ол реніш орынды да. Себебі сан жылдан бері кейінге ысырылып келе жатқан бұл жанайқайымыздан нәтиже шығар емес. Бұл мәселе облыстық «Aq jol» газетінде «Көгілдір отынды көптен бері күтіп жүр немесе табиғи газ жүйесі қосылмай қалған елді мекен» атты сын мақалада жарияланған болатын.

Биыл қыркүйек айында аудан әкімі болып жаңадан тағайындалған Ернар Есіркеповке де талап-арызымызды жолдадық. Жақында аудан әкімінің орынбасары Б.Есеевтен «Шолаққайыңды ауылына газ құбырын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамаға қаражат бөлініп, тиісті жоба әзірленді. Шолаққайыңды ауылын газдандыру жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтініш жолданды.

Жоба құны – 186,7 миллион теңге қарастыруға республикалық бюджетке өтініш ұсынылды. Т.Рысқұлов ауданының даму жоспарына сәйкес, ауылды газдандыру 2023 жылға жоспарлануда» деген қуанышты хабар алып, төбеміз көкке жеткендей күй кештік. Алайда ішімізде тағы да кейінге ысырылып қалмас па екен, деген күдік те жоқ емес.

Алдағы уақытта да бұл мәселенің соңы сиырқұйымшақтанбай, аудан басшысы Ернар Есіркеповтің бақылауында болып, сүйінші сұрайтын күн көп ұзамай туса екен деп тілейміз.

 

 Бейбіт БАЙСАРИЕВ.

Шолаққайыңды ауылы,

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support