- Advertisement -

Мұғалімдер өз міндетіне жауапты болса екен…

46

- Advertisement -

Ел үкіметі жылдан жылға білім беру бағдарламасын жаңартып, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасап келеді. Енді осы игілігі мол өзгерістерге мектеп мұғалімдері бейімделіп, білімді ұрпақ қалыптастыруға ынта-шынтасымен кіріссе жақсы. Сонда ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз. Әрине, салада талай жыл абыройлы еңбек етіп, өз ісін жетік меңгерген, сауатты, білікті педагогтер көп. Алайда күнделікті жұмыс барысында қарапайым, болмашы нәрселерді білмей, қателіктерге жол беретін мамандар да кездеседі.

Бала тәрбиесіне, біліміне әуелі ата-ана жауапты екенін ескерсек, қыздарым оқып жатқан мектептегі олқылықтар мені де бейжай қалдырмайды. Әңгіменің төркіні Тараз қаласындағы №43 және №51 орта мектеп төңірегінде болып тұр. Бұрын қыздарым №43 мектепте оқыды. Қазір №51 орта мектепте. Екі қызымның бірі 7-сыныпта оқыса, кенже қызымыз Жансая – 5-сыныпта. Содан ата-ана ретінде мектепте болып жатқан келеңсіз жағдайларға көз жұмып қарауға болмас деген тоқтамға келдім. Басқа ата-аналар жұмыс бабымен жүріп, мектепке жиі бармағаннан болар, ондағы мәселелерді байыбына барып, біле бермейді.

Іңкәр деген қызым №43 мектептің бесінші сыныбында оқып жүргенде қатты ауырып, емхана мен үйдің арасында жүгірумен болдық. Сөйтіп, қызымызды дәрігерге қаратып, анықтамасын мектепке әкеліп өткіздім. Сөйтсем, бір күні дене шынықтыру сабағында қызым қысылып, есінен таныпты. Дене шынықтыруға қатысуға болмайтынын білсе де, анықтамасы бола тұра, мұғалімдердің жүгіртіп қойғаны қайран қалдырды.

Балалардың сабағына қарайласу мұғаліммен қатар, ата-ананың да міндеті ғой. Сол жылы Іңкәрімнің математикадан үлгерімі төмендеп кетіпті. Балама уайымдап, мектепке барсам, математика пәнінен сабақ беретін мұғалімі «Іңкәр сабақтан көп қалады, үй жұмысын орындамайды» дейді. Сабақтан қалса, медициналық анықтамасы бар. Ал үй тапсырмасын өзім қадағалайтынымды, үнемі орындайтынын айттым. Кейін «қызыңыздың деңгейі төмендеп кетті» деді. Содан мұғалімге «Сіз оқушыларды қосымша сабаққа алып жатыр екенсіз. Сол қосымшаға менің де қызымды алсаңыз, ақысын төлейміз» деп айтқаным сол-ақ екен, ол «Қызыңыздың деңгейі мен қосымшаға алып жүрген балалардан төмен»,– деп қайырды.

Жарайды, дедім. Дегенмен мектепте ақылы қосымша сабақ өткізетін мұғалімнің әрекеті үй ішінен үй тігу емес пе? Екіншіден, қосымшаға үлгерімі тәуір оқушылар бара ма? Қисынға келмейді. Оның үстіне, қызымыз сабақтан жайдан-жай емес, денсаулығына байланысты бармады емес пе? Мектеп басшылығы мұнда да ұстаздың сөзін сөйледі. Ертеңіне қызымның дәптерін қайта қарасам, үй жұмысы да, сыныптағы жұмысы да орындалған, тап-тұйнақтай. Оқушының дәптерін мұғалім ай бойы тексермеген екен. Мұғалім сол дәптерді бірінші тоқсандағы дәптер екенін айтты. Сонда бірінші тоқсанда мұғалім дәптер тексермеген болып тұр.

Тағы бір пәннің мұғалімі қызым сабақ айтып жатса, ойын бөліп, кедергі жасауды әдетке айналдырған еді. Тақырыпқа сай келмейтін сұрақ қоятыны тағы бар. Сондағысы, мен мекетепке келіп, шағым айта береді екенмін. Сол үшін балам зардап шегуде. Кейін осы мәселені айтып барғанымда, мақтауымды асырып, шығарып салды. Мен мектепке жайдан-жай бармаймын. Қызым сабақта есінен танып құласа, денсаулығына байланысты үлгерімі төмендеп жатса мен үйде қалай отыра беремін?

Іңкәр қызымның денсаулығы біраз жақсарып, мектепке бара бастады. Сонда қарасам, мұғалімдердің күнделікке жазған ескертуінде, дәптерде қателерінен көз сүрінетін. Тақтаға «светной қағаз әкеліңдер» деп жазған мұғалімді де көрдік. 10 сыныптық ғана білімім болса да, ол сөздің «Цветной» деп жазылатынын білеміз. Орысша мейлі, сол мұғалімнің қазақша жазуында да қате көп еді. Сонда біз балаларымызды мектепке не үшін жібереміз?

Іңкәр денсаулығына байланысты дәрігерлердің шешімімен үйде оқитын болған соң, кейінгі сыныптарда мектепке қатынамады. Сөйтіп, 2020 жылға дейін қызым үйде оқыды. 2019-2020 жылдары ағылшын тілі пәнінің мұғалімі үйге мүлдем келмеді. Содан амалымыз таусылып, ол пәнді қызымыз екеуміз үйде меңгердік. Нәтижесі тәп-тәуір. Осындайда үйде оқитын балалардың біліміне жаны ашитын мұғалімдер болса дейсің. Қайта мен шырылдап жүріп, мұғалімдерді шақыртамын. Ал қаладағы, аудан, шалғай ауылдарда үйде оқитын басқа да балалар ше?

Директор, мұғалімдердің осындай сауатсыздықтарын, кемшіліктерін айтамын деп, өзім жиналысқа салындым. Оқушы қызымның көзінше мектеп директоры Дүрия Сегізбаеваның «Сізді барлық мұғалімдер жек көреді» деген сөзін де естідім.

№43 мектепке көмегі тиген екі адам болса, соның бірі менмін. Қалалық əкімдікке қайта-қайта барып жүріп, мектепке дейінгі жолдың салынуына, жабайы автотұрақтың алынуына, белгі қойып, қоршалуына, жарық шамдар орнатуға жүгірген жанның бірі едім. Ол мақтанатын нəрсе емес, сөздің реті келген соң айтып отырмын.

Осындай оқиғалардан кейін мені мұғалімдердің сапалық құрамы қатты алаңдата бастады. Әсіресе үйде оқитын оқушыларға қиын. Әрине, салада білікті, білімді жастар да баршылық. Мәселен, Таразда табанынан таусылып жұмыс іздеп, амалы қалмаған соң, Астанада Президент мектебіне мұғалім болған жас маманды жақсы танимын. Сондықтан озық үлгідегі білім беру бағдарламасын игеруде ұстаздар өз міндетін адал атқарып, оқушыға барынша жанашыр болса екен дейсің…

 

 Маржан ЖҰМАҒАЛИЕВА.

Тараз қаласының тұрғыны.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support