Депрессия
Депрессия
Балалығыма ауып жүр менің аңсарым, Оралтшы кім бар? Қайтаршы мені шаршадым. Қайтаршы мені шомылған жазғы бөгетке, Сонау алаңсыз жүрген кезімді аңсадым. (Шаршадым жаным, төземін енді қанша мың?) Тұрыппыз бұрын есейуге тым асығып, Кетіңдерші алып, бала кезіме, жасырып. Сағынам қазір, әжімсіз ана келбетін, Әке мойнына ойнаған кезді асылып. (Кетсем бе іздеп, тауға да тасқа бас ұрып?) Шығаршы мені, шығарыңдаршы түнектен. Жаңылып мезгіл, күннің артынан күн өткен. Балалық өтті, ендігі өмірде жоқ қызық, Бала жүрекке түнектің уытын кім еккен? (Бармысың адам? Түнекті келіп күн еткен.) Жатыр-ау жаным, тып тыныш үні шықпастан, Не дейді бірақ, сағынса қырды шық басқан. Сағыныш оты жанымды менің кернеуде, Түтінмен оттың жабылып жатыр тіпті аспан. (Гүл ме едім әлде, жарып өсетін тік тастан?) Адамзат, айтшы, өмірдің мынау сыры не? Зорығып жатқан ғашықтық па әлде күніге? Мүмкін мән жапқан, сарғайған сары сағыныш? Оның барлығы жүк қосқан менің жүгіме... (Махаббат екен үн қосқан менің үніме) Көрсетіңдерші ендігі өмір пайдасын, Көрсетіңдерші балалық шақтың айнасын. Қазір қарасам, айнада тұрған көзіме, Кезеніп мұң тұр мыңдаған мұздай айласын.
Серіжан ТЕМІРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті.