Жүрегімде орнаттыңыз саябақ

141

«Тәтті келінсің. Сені нағыз келін деп айтуға болады. Мені ойлаған жүрегіңнен айналдым». Сара апамның сөзі.

Сізді қалай ойламаймын сеніміңіз тым биік.
Тұла бойдан қайғы шықса қыстырылып, қылтиып.
Сырласуға сізді іздеп, хат жазамын тездетіп,
Жүрегіме құйылады сезіміңіз тұңғиық.

Жылынамын жылуға оттай ыстық сіз берген.
Кейінгіге қамқор болам сіз жүрген бұл ізбенен.
Ерке қыз ем балалығы бойындағы кетпеген,
Ерке келін ете алмады тезге салып түз деген.

Сіз болсаңыз сеніп маған қызыңыздай аялап,
Жүрегіме орнатасыз бақыт деген саябақ.
Тәтті келін атандырып еркелетіп сіз мені,
Тәтті сөзге жүрегім бұл мың естісе тоя ма?

Келін де қыз қамқорлықты қайынжұрттан күтетін,
Маңдай терді шыпшып аққан жеңімен көп сүртетін.
Бала-шаға, жолдасым, ағайын деп жүргенде,
Бойындағы күш-қуаты уақыт өтпей бітетін.

Сол бір кезде сөздерімен демеу берер сіз барсыз.
Жүрегіңіз жұмсақ неткен боран, дауыл, ызғарсыз.
Тәтті сөзін келіндерден аямайтын сіз барда,
Тәтті келін болуға тек ұмтылатын біз бармыз.

 

Гүлсара ШАЛҚАР,
ақын.

Тараз қаласы.

Comments are closed.