- Advertisement -

Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі

655

- Advertisement -

Қазақтың атақты ақыны Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деді. Мұғалім төрде отырмақ түгілі, сенбі сайын сенбілікке шығып, ауылда да, қалада да күл-қоқыс тазалады. Түрлі мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүрді, тіпті әлдебір кездесулерді, басқа да бір жиындарда залды солар толтырып келді. Сайлау науқаны қарсаңында үй-үйді жағалап, әрбір пәтердің есігін қағып, тұрғындардың тізімін алды. Онымен қоймай, билік сайлау күні әр мектепте өтетін саяси науқанға «90 пайызға дейін сайлаушылар қатысты» деп, өтірік бюллетень толтыртуға, өздері алдын ала дайындаған үміткерді өткізуге мәжбүрледі. Солай болды да. Бұрынғы Президент сайлауын былай қойғанда, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы да осылай өтті. Оны біз кезінде аудандық, облыстық мәслихатқа депутаттыққа үміткер болғандықтан жақсы білеміз.

Қайта-қайта келіп жататын «жұлдыздар» концерттерінің билеттері де, ақын-жазушылардың кітаптары да көбіне мектептің педагогикалық ұжымына таратылды. Жоғарыдағылардың айтқанын істемей көр, есебін тауып жұмыстан шығарады. Күн көру керек, бала-шағаны асырау керек, амал жоқ көнді. Міне, төрде отыратын мұғалімдеріміз отыз жыл бойы осылай күй кешті. Ол кезде айлығы шайлығына жетпейтін кейбір тәжірибелі мұғалімдер қолдарын бір сілтеп базарға кетті, басқа жұмыс тапса сонда ауысты. Осылай білім ошағындағы ер-азаматтардың қатары сиреп кетті. Ал «Ұлт тағдыры, ұрпақ болашағы» деп мұғалім мамандығын таңдаған әйел-ана, қыз-келіншектер отбасына ұйытқы бола жүріп, білім ошағынан қол үзбеді.

Оқушы мектептен тыс уақытта бір нәрсеге ұрынып жатса, тағы да сынып жетекшісінен бастап, директорға дейін жауап берді. Түн ішінде әлдебір оқушы бұзақылық жасап, ішкі істер бөліміне жеткізілсе, облыстық білім басқармасының тәрбиеге жауапты маманынан бастап, басшысына дейін полицияның есігін «күзеткенін» де білеміз. Сонда түн қатып жүріп, бірнәрсеге ұрынған баланың ата-анасы қайда? Мектепте тәртіпті талап етіп, бір сөз айтса, кейбір ата-аналар білім ошағына жетіп келіп, мұғалімнің «шаңын» қағады. Тіпті облыстық білім басқармасына дейін шағымданады.

Жуырда Сарыкемер мектеп- гимназиясы математика пәні мұғалімінің жеңіл көлігіне анайы сурет салған оқушыларға көлігін жудырғаны туралы оқиға республикалық телеарналардың бірінен көрсетіліп, әлеуметтік желіні шарлап кетті. Математика пәнінің мұғалімі басқа оқушыларға сабақ болсын деп, көлігін жуып жатқан оқушыларды ата-аналар «чатына» салады. Ақыры мұғалім сөгіс алып, жұмыстан кетуге өтініш берген. Сонда ондай әдепсіз оқушылардың басын сипау керек пе? Қазір мектептен тыс уақытта мұғалім оқушысын көшеден көрсе, қашатын халге жетті. Біз оқушы кезімізде бейсауыт жүріп қалсақ, мұғалімнің көзіне түсіп қалудан қаймығып, үйге қарай ұшатынбыз. Алда-жалда ағайымыз байқап қалса, ертеңіне мектепке барғанда жазамызды беретін. Ата-анаңа айтсаң, әкең қосылып «сойып салатын». Ата-аналар арасында «тәрбиеге жауапты – мектеп» деген түсінік қалыптасқан бүгінде. Жоқ, кәмелеттік жасқа толғанша бала тәрбиесі бірінші Сіздің мойныңызда ата-ана!

Кейінгі жылдары мұғалімнің айлық-жалақысы еселеп артып еді, кейбір бейауыздар оған да қызғанышпен қарап, аузына келгендерін көкитін болды. Үйдегі екі-үш баласына ие бола алмай отырғанда сыныптағы отыз балаға ие болып көрсе ғой солар. Дұрыс, мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай қамқорлыққа өз басым ризамын. Мағжан ақын «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» десе, жас кезімізде «Жұмақ мұғалімнің табанының астында» дегенді де еститінбіз.

Балаға мейірім керек, мейірлене отырып ұл-қызды отбасында жан-жақты тәрбиелеу қажет. Алайда әкенің тәрбиеге келгенде қабағы қатулы болуы керек. Бұрын бала тәрбиесінде ата мен әженің тәрбиесі қандай еді! Бесікке бөленгеннен әженің әлдиін, ес біле келе ертегісін тыңдап, атаның ақылын естіп, батасын алып өскен ұл-қыз саналы болып өседі. Зере әжесінің тәрбиесінде өскен Абайдан бастап, қазақтың даңқты перзенттерінің көбі осындай үлкен кісілердің тәлім-тәрбиесін алған. «Әділетті Қазақстанды» құруға бет алғанда бірінші қолға алатын аса өзекті мәселе ұрпақ тәрбиесі екенін ұмытпайық, ағайын!

 

Амангелді Әбіл

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support