- Advertisement -

Оның аты – қателік…

35

- Advertisement -

Ана мен баланың арасында көзге көрінбейтін байланыс бар. Ол ешқандай мектеп үйретіп, мың-миллиондаған адам да орнын баса алмайтын, ешбір байлықпен сатып алуға болмайтын – шексіз сүйіспеншілік. Ана, әке және бала үшеуінің тағдырының тамыры әу бастан біте қайнасып жалғанған, яки бір-бірінсіз күн кеше алмайды. Иә, ата-анасының құшағында мейірімге бөленіп өскен әрбір адам осылай ойлауы хақ. Алайда өмірде бәрі мүмкін… Осы тұста ең жақын адамдардың арасындағы жіпсіз байланыс қашан, қай кезде үзіледі? Оған қандай жағдай себеп болып, нендей оқиғалар әсер етеді? Ата-ана мен баланың бір-біріне деген сезімі мәңгіге оянбай, жүрегінің жібімей қалуы қандай жағдайда кездеседі?

Қоңырау шалып: «Анамды табуға көмектесіңізші, анамды құшақтағым келеді» деп қиылған жасөспірім қыз сегіз айында балалар үйіне өткізіп кеткен анасын іздеп жүрді. Журналистердің көмегімен шешесі табылды. Алайда ол қызынан сәби кезінде-ақ бас тартқанын, енді мүлде қажет етпейтінін, өзі де тастанды бала болып, балалар үйінде жетілгенін жеткізіп, қызының маңдайын да сипамастан кете барды…

– Табиғат жаратылысы бойынша, туысына, мейлі құрбысына, ерлі-зайыпты, бала мен ана арасында жақын қарым-қатынастан туатын ыстық ықылас, жылы сезім бар. Мұндай сезімді сипаттап жеткізе алмайсың. Баланың бағып-қаққан анасына мейірімі болмауы мүмкін емес. Мәселен, бос шелекті қандай сумен толтырсаңыз, дәл сондай су аласыз. Шелекке су құймай, су алу мүмкін емес қой. Дәл сол сияқты ана мен бала үнемі жылы қарым-қатынаста, бір-біріне мейіріммен, түсіністікпен қараған жағдайда оларды бөліп жаруға болмайтын, бүтін адамға айналады. Ал баласының тәрбиесіне атсалыспаған, мейірімін төкпеген шеше есейгенде баласын күштеп те өзіне қарата алмайды. Бұл екі адамның арасындағы махаббатты тереңдету үшін көп еңбектену керек. Ал мүлде баласынан бас тартқан аналардың қатарын азайту үшін заңды күшейту қажет деп ойлаймын. Қазір жалғызбасты ана көп. Ер адам жауапкершіліктен жалтарып кеткен соң, аналар кейде күйзеліске түсіп, бәлкім асырай алмай, әйтеуір небір тағдыр тауқыметімен туған баласынан ажырап қалады. Сондықтан мұндай жағдайда көкек аналарды ғана емес, оған қоса әкесін де жазалау тиіс. Және де ер азамат ана мен балаға қатар жауапты екенін сезіндірудің бірден-бір жолы да осы шығар,– дейді психолог Әйгерім Усербаева.

Бала – мұрагер, ұрпақ жалғасы. Оның дүниеге келуі әкесі мен анасын ғана емес, бүкіл туған-туысын шат-шадыман қуанышты әсерге бөлейді. Алайда тіршілік кейде өмір көшін басқа арнаға бұрып жібереді. Ойсыз жерде от басқан анасының құрсағында, ойламаған жерден пайда болған бейкүнә бөбек көп келеңсіздіктің бастауына айналатын сәттер де бар.

Бала мен ана тақырыбы қозғала кетсе, көз алдыма өзім ана атанған уақыттағы бейкүнә бөбектердің тағдыр-талайына куә болған сәттер елес береді. Қыс мезгілі еді. Өңі әппақ, жүзі нұр шашқан 17 жасар келіншек перзентханаға түсті. Қап-қара үлкен көздері үнемі үрей үстінде тұрғандай көрінетін. Өзі де еліктің лағындай үркек. Ешкімге қосылмай, үнсіз ғана оңаша жүретін. Бірде жас келіншекті ай күні жетіп, толғақ қысты. Босану залына кеткен оны содан кейін ешкім көрмеді. Тар құрсағын кеңітіп, бір адамға жаңадан ғұмыр сыйлаған жас ана, тас емшегі иімеген күйі, балаларына қайырылмастан кете барды… Жаңа туған баласын арыққа, қоқыс жәшігіне, дәретхана ішіне лақтырып кеткендерге қарағанда, перзентханаға тастап кеткендерге шүкір ететін жағдайға жеттік.

Ұзақ жылдар бойы сәбилі бола алмаған бір таныс отбасы бала асырап алуды жоспарлап, перзентхана жағалап жүріп, ақыры бір балаға қол жеткізді. Біз бақытына ортақтасып, баласына құтты болсын айтып бардық. Аз-кем отырыстан соң, әңгіме ауаны сәбиге ауысты. Баланың анасымен кездескенін естіген соң тіпті: «Бекер кездестің. Кейін алып қойса қайтесің?» деп бастырмалатып жібердік. Ол болса сабырлы үнмен: «Бермей қояр ма екен» деген күдік менің де жанымды жегідей жеп, жанарымнан жас тоқтамаған еді алғашында. Біз кездескенде ол терезенің жақтауына сүйеніп тұр екен. Мені көре сала жылдам басып барды да, құндақтаулы бөпесін қолына алып бір иіскеп, маған бұрылып, «Уайымдамаңыз! Мектепті, универді бәрін қызылмен бітірген үздік болдым. Әкем мен анам да лауазымды кісілер.

Баланың әкесі де қызметтегі адам. Мен әлі магистратура оқуым керек. Бұл бала қолбайлау болайын деп тұр. Оның үстіне әке-шешемнің атына кір келтіргім келмейді. Некесіз туып алыпты деген жақсы ат емес, бастысы, сәби аңсап жүр екенсіздер. Бұл бала үйлеріңізге құт алып барсын» деп баланы қолыма ұстата салды да: «Жылап-сықтап тұрғанды ұнатпаймын» деп ұлына саусақтарын жыбырлатып «Пока» деп кетіп қалды. Мұндай ойы жеңіл, әрі суық адам, баласын көруге зарығады, сағынады деп ойламаймын» деп жауап берді. Жол жиегінде қайыр тілеп отырған әжейге қарай жүрдім. Ішіне кептелген өксігін баса алмай, солқ-солқ етіп жылап, сөйлеп отыр.

Ақ сүтін аузына тосып, ақ бесігіне бөлеген қос бірдей ұлының үй-күйсіз, шарасыз халдегі қарт анасын ат ізін салып іздемейтіні жанына әбден батқан. Перзентінің бірі үлкендердің қарсылығына қарамастан, өзінен жасы жиырмаға жуықтай үлкен әйелдің етегінен ұстап кете барыпты. Бұл күйікке шыдамаған әке көп ұзамай о дүниеге аттанады. Ал екінші ұлын баласы жоқ бауыры дүниеге келісімен асырап алған екен. Есейгенде қақпасын қағып барған шешесіне: «Сіз мені өсірген жоқсыз» деп есігін де ашпағанын айтып ботадай боздады…

2020 жылдан бері елімізде жаңа туған сәбиін тастағысы келген аналарға арналған «Бэби-бокс» жәшігі, яғни «Үміт бесігі» орнатылды.

Одан бөлек оң босағада отырып бала тапқан қыздар мен жалғызбасты келіншектердің қиындығын жеңілдету, ана мен баланы айырмау мақсатында бүгінде «Аналар үйі» де өз жұмысын жасап жатыр. Өмір жолында жалғыз қалып, қолына баласын көтеріп, қартайғанда «қамқор болады» деген үмітпен орталықтардың қақпасын қаққан әрбір жалғызбасты ана мен балаға көмек қолын созып жатқан да солар. Жігіттер есін жиып, қыздар етегін қымтамаса тірі жетімдердің көз жасы қиын-ақ…

 

 Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support