Қара сөздің қызыл жебесі

22

Берік УӘЛИ,

«Хабар» Агенттігі» АҚ

Басқарма төрағасы.

 

Қадірлі қауым!

Еңсесі биік Алаш жұрты!

Жақсы мен жайсаңның мекені болған қасиетті Әулиеата топырағы!

Бүгін бәріміз үшін атаулы күн. Қуанышы – Шерағамызды еске алып, ұлықтап жатырмыз. Өкініші – кеше ғана ортаңды ордалы елдей толтырып жүретін арыстардың үнсіз ғана аттанып кететіні.

Ары биік азаматтың аруағының алдында да төгіліп сөйлеу қиын. Шерхан – ақиқаттың ақ алмасы. Көзі тірісінде көпірген мақтау мен мадақты жаратпай өткені белгілі. Көзі кеткеннен кейін де өтірік қосып көлгірсімейміз. Десе де сіңірген еңбегі мен төккен терін ұғына алу, соны әспеттеу – перзенттік борышымыз болмақ.

Шерағаңның өмірі арпалысқа, күреске толы болды. Жарық күннің ақжал толқынына жармасып жансебіл ғұмыр кешті. Ол кісі өмірге келген сонау 32-жылды ойлаудың өзі бір қасірет.

«…Біздер –

Жетімдерміз,

Жетімдерміз.

Ақпанның,

Аяз қардың өтіндеміз.

Мына сараң өмірден сауға сұрап,

Тіршіліктің мазасын кетіргеміз…», деп жырлайды ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. «Жесір ғасырда туған жетім бала едік» деп еске алады Шерағаң. Отызыншы жылдардағы ақсүйек ашаршылық қазақ баласын ормандай отады. Қаншама шаңырақтың зәузәті үзіліп, түтіні өшті. Ордалы елдің ортасы опырылып, ұялы бәйтерек шыбыққа айналған заман туды. Бірақ тағдырдың қазаққа берген ырыздық-несібесі осымен тәмамдалмапты. Маңдайына кере қарыс сор жазылса да, бір елі бағы жоқ емес екен. Ол – ашаршылық жылдары өмірге келген Мұқаңдар, Шерағаңдар. Мың ұлын алып бір ұл берсе де, егей ғып, ержүрек қып берген екен патша Құдай.

Шерағаның замандастары басынан көптеген тауқыметті кешірді. Шыр етіп дүниеге келгенде мына дүниені аштық жалмап, қара шешек қаптап жатқан еді. Енді-енді ес біле бастағанда репрессияның дауылы соқты. Осы зұлмат Мұртазаны да тас түрмеге қамап, түбіне жетті. Осы жылдардың азабы мен тақсыреті бала Шерханның жүрегіне беріш болып байланды. Бұғаналары қатпаған балалар соғыс жылдарының да машақатын кешті. Белдері қайысқанына қарамай ауырлығын көтерді. Оларды майдан даласынан ағылып келіп жатқан қара қағаздар ерте есейтті.

Жаратылысынан қайсар мінезді Айша әжеміз қиындықтың бәріне төзіп, балапандарын баулыды. Осы бір суық, сүркейлі жылдардың бедері автобиографиялық роман «Ай мен Айшада» бейнеленеді. Жайнамазды шылғау қылған кер заманның қанды ізі «Қызыл жебе» арқылы хатқа түсті. Бұл шығармалар Шерағаның көз жасы мен ыза-кегі, сағынышы мен махаббаты іспетті. Жоғалған балалық шағын іздейді. Ғайып болған әкесін жоқтайды. Көкірегіндегі көл-көсір сағыныш, ой-арман, биік парасат, бұралаң тағдыр өлмес мұра қалдыруға жетеледі.

Сол үшін де Шераға «Қызыл жебеге» жүрек қанын көбірек сарп еткен болар. Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қайраткерлігі баяндалатын бұл шығарманың жолы даңғыл болмады. Кертартпа жүйе «неотүрікшіл» деп кінә тақты. Өмірі қандай қиянатқа толы болса, жүрегін жарып шыққан шығармалары да сол күйді кешті. Бірақ асау мінезді Шерағаң оған бола жасымады. Қыл шылбырдай ширап, есіле түсті.

Шерағаң – асқар тау сияқты еді. Күллі қаламгерлер ол кісіні бел көрді, пана тұтты. Талантты жастардың қамқоршысы болды. «Дарынды дарын таниды» деген атақты сөзін дәлелдей білді. «Лениншіл жас» газетіне қас шеберлерді жинай білді. Қиыр Шығыстан Оралхан Бөкейді, атыраулық жас ақын Фариза Оңғарсынованы, оңтүстіктен Мұхтар Шахановты және Арқадан Ақселеу Сейдімбекті алдырды. Шераға басында отырғанда «Лениншіл жастың» тиражы 30 мыңнан 150 мың данаға көтерілсе, «Жұлдыз» журналының шығарылымы 50 есе артқан. Қылшылдаған бұл жастар осы газетте қанат қағып, қазақ әдебиетінің классиктеріне айналды. Руханиятымызға, әдебиетіміз бен мәдениетімізге теңдесіз үлес қосты.

Кешегі Алаш Орда арыстары салып кеткен баспасөздің қасқа жолын Шерағаңдар жалғастырды. Кейінгіге бұйдагер болды. Қазақтың ұлттық құндылыққа шөліркеп тұрған аңсарын басты. Рухын жаныды. Ұлт үшін теңдесіз қызмет етті. Қара сияға малынған қалам сабы арқылы бір дәуірді кемел, көркем болашаққа бастады. Ұлтты рухани еркіндікке жетеледі.

Шерхан Мұртаза туысқан қырғыз әдебиетінің алыбы Шыңғыс Айтматовтың барлық шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Екі алыптың туған жерлерінің арасы отыз-ақ шақырым. Екеуі де Манас шыңына қарап өсті. Аунаған топырағы, жұтқан ауасы, ішкен суы да бір. Сонымен қатар Шераға билікке де араласып, елдің сөзін сөйледі. Халықтың мұңын талмады. Саңқылдаған даусына, өткір көзқарасына қарап кешегі өткен Бұқар бабаларымызды көргендей болатынбыз.

Ешкімнен именбейтін, ақиқатқа ғана бас иетін ер мінезді Шерағаңның ғұмыры – ұрпаққа өнеге. Елдің қамы деп, келер ұрпақ көрер жарық күн деп жарғақ құлағы жастыққа тимеді. 31 жылы шетінеп кеткен, аштықтан, аурудан көз жұмған балалардың өмірі Шерағаны бір ғұмыр азалады. Сол тағдырлар мойнына үлкен аманат қалдырып кеткендей сезінді. Арлы ғұмыр, адал соқпағы арқылы арқасындағы жүкті, қарызы мен парызын ақтай білді. Мойнына асылып, бала болып еркелеп үлгермеген әкесін сағынып өтті. Ақыры арыстай әке ақ кемемен келіп арамыздан алып кеткелі де 4 жылдың жүзі бопты.

Шераға мерейтой, туған күнді атап өту дегенді тірлігінде жақтыртпаған кісі еді. Бірақ біз бүгін ұлы жазушының өлмес рухани байлығына басымызды иіп, бегзада болмысына тағзым жасап отырмыз. Жер бетінде қазақ аман тұрғанда Шерхандай өрт мінезді ұлының аты өшпек емес! Күн өткен сайын биіктеп, асқақтап, біз сүйсіне, сүйіне қарайтын рухани айнамыз болары ақиқат!

 

 

 

Comments are closed.