Экология министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

20

Тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде Серікқали Брекешев жалпы республика және өңір бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті.

Кездесу барысында жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелер айтылды, мәселен: ескірген кәріз тазарту құрылыстары, кей жерлерде тіпті олардың болмауы, қалдықтарды басқару және қайта өңдеу саласы, атмосфералық ауаның сапасы, су саласын, орман және балық шаруашылығын дамыту және т.б.

Түркістан облысының экологиялық проблемаларын шешу үшін Жол картасында 21 іс-шара қарастырылған, оның 9-ы бүгінгі күні орындалған.

Айталық, «Түркістан Жылу» МҚК-да қазандығы газға ауыстырылып, жаңғырту жүргізілді, Түркістан қаласы мен облыс аудандарында жеке секторды газдандыру мен жасыл желектерге инвентаризация жүргізілді.

Сонымен қатар, министрлік стихиялық қоқыс үйінділерінің пайда болу мәселесін шешу үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдады, олардың саны облыс бойынша жылына 400 бірліктен асады.

Кешенді жұмыс жүргізу үшін министр әкімдікке коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді және бекітуді ұсынды.

Су саласын дамыту бойынша министр су шаруашылығындағы негізгі проблемалар ретінде су шаруашылығы объектілерінің тозуының жоғары деңгейі және судың үлкен шығыны болып табылатынын атап өтті. Бұл ретте, қазіргі уақытта су шаруашылығы инфрақұрылымын салу мен реконструкциялау және суару арналарын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.

«Сондай-ақ, Шардара су қоймасы бөгетін қайта құру және сейсмикалық тұрақтылығын арттыру бойынша үлкен жоба іске асырылуда, ол Түркістан және Қызылорда облыстарының 260 мың халқы бар 231 АЕМ тұрғындарын су басу қаупінен сақтауға және оларды кепілді суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді С.Брекешев.

Сырдария өзеніндегі Көксарай контрреттегішінің бөгетіне және басқа да бірнеше гидротехникалық құрылыстарға да қайта құру жүргізіледі. Мұның бәрі 48,2 мың га суармалы жерді жақсартуға, сумен қамтамасыз етуге кепілдік болады және қосымша 1,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар министр орман және балық шаруашылығын дамыту мәселелерін де тілге тиек етіп, Түркістан облысы балық өсіру бойынша көшбасшы болып табылатынын атап өтті. Бағдарламаға сәйкес биыл өңір бойынша 6,1 мың тонна балық өсіру жоспарланған. Жыл басынан бері 4,1 мың тонна тауарлық балық өсірілді. Биыл сазан, форель және африкалық сом өсіретін 4 тоған балық фермасы құрылды.

«Облыс әкімдігінен балық шаруашылығы саласындағы басқа инвестициялық жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауға алуды және қажетті жәрдем көрсетуді, оның ішінде субсидиялауға қаражат бөлуді сұраймын», — деп қорытындылады С.Брекешев.

 

Comments are closed.