Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты
Мемлекет басшысы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны, қонақжайлық көрсеткені үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтып, Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету құқығын алып отырған бауырлас елдің бұл міндетті абыроймен атқаратынына сенім білдірді. Президент Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келе жатқанына тоқталып, Қазақстан түркі әлемінің Атажұрты ретінде ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін жеткізді.
Президент еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатын іске асыру үшін бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиясы қабылданатынын айтты.
Сонымен қатар жиын барысында Мемлекет басшысы түркі тілдес елдердің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірқатар мәселеге назар аударды.
Мемлекет басшысы бұл мақсатқа 2025 жылға дейін тағы 20 миллиард доллар инвестиция тарту көзделіп отырғанын айтып, түркі тілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуы айрықша маңызды екенін жеткізді. Әсіресе, шекара бекеттерін жаңғыртуға, «цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыруға баса мән берді. Президент түркі мемлекеттерінің ІТ саласындағы қарым-қатынасын жандандырған жөн деп санайды. Оның айтуынша, соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатыр. Түркі елдерінің IT саласына қатысты тың тәсілдер әзірлеуі айрықша маңызды.
Сонымен қатар Президент «Жасыл экономиканы» дамытуды аса маңызды міндет ретінде атап өтіп, климаттың өзгеруі көптеген жаһандық сын-қатерлер тудырып отырғанын айтты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажеттігіне тоқталды. Осы ретте еліміз 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Президент түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлу керек деп санайды. Сондай-ақ биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашқанын, екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапқанын айтты.
Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді.
Сонымен қатар Президент Түркі мемлекеттері ұйымы мен басқа да құрылымдардың жұмысын жүйелеудің маңызды екенін атап өтті. Осыған орай Түркі кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісіміндегі Тұрақты өкілдер туралы мәселені қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы 2023 жылы түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы саналатын ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына 30 жыл толатынын еске салып, бұл мерейлі оқиғаны жоғары деңгейде атап өтуге шақырды. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті келесі жылы Қазақстанда өтетінін жеткізді. Сондай-ақ жиында Түрікменстанның Милли Генгеші Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекеттер басшылары кеңесінің 2021-2022 жылдардағы төрағасы – Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан және Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Бағдат Әміреев пен Түркі мемлекеттері ұйымының жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Қубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі. Ұйымға төрағалық ету міндеті Өзбекстанға ауысты, ал ұйымның бас хатшысы лауазымына Қырғыз Республикасының өкілі Қубанычбек Өмірәлиев тағайындалды. Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды: 1. Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің декларациясы; 2. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттама; 3. Түркі мемлекеттері ұйымы рәсімдерінің ережелерін қабылдау туралы шешім; 4. Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысын және оның орынбасарларын, сондай-ақ Түркі академиясының президенті мен вице-президентін тағайындау туралы шешім; 5. Түркі инвестициялық қорын құру туралы шешім.