Әдебиет

Қалам қайраткері

Қалам қайраткері

Журналистика деген – жұмыстың қаншалықты ауыр екені былайғы жұртқа байқала бермейтін сала. Әйтпесе телеарна, радио, газет-журналдардың да көтеріп жүрген жүгі жеңіл емес. Сол жүгін қайыспай көтеретін таланттар әр кезеңде Тәңірдің қалауымен дүниеге келіп отыратын секілді. Сондай дара есімнің бірі – Бақытяр Әбілдаұлы.

 width=

1937 жылдың 10 қарашасында Талас ауданы, Ақкөл ауылында өмірге келген Бақытяр ағаның балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тап келді. Сондықтан Бақытяр Әбілдаұлының бақытты бала күндері болды деп айту қиын. Бірақ ширап, шынығып өскені, оқуға зеректік танытқаны рас. Тіпті, 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін қызыл дипломмен бітірген. Сол шақта бар болғаны 22 жаста болған. Еңбек жолын журналистикадан бастап, көп ұзамай облыстық қазіргі «Аq jol» газетінде еңбек ете бастайды. Журналистикаға үлкен жауапкершілікпен, жоғары талаппен келген ол не жазса да сапалы жазды. Арада айлар өткенде аталған газеттің бөлім меңгерушісі болды. Б.Әбілдаұлының қарым-қабілетін, еңбекқорлығын байқаған сол кездегі облыс басшылары оны түрлі жұмыстарда шыңдап, әр қырынан байқады. 1963-1964 жылдары облыстық комсомол комитетінде үгіт-насихат бөлімін басқарды. Яғни, комсомол жұмысына да қамшы салдырмай, алдыңғы шепте жүрді. Ол туралы кезінде көптеген замандастары жылы пікірлер айтты. Дегенмен бір жылдан кейін Бақытяр Әбілдаұлы жүрегін тербеген, жанының қалауы болған журналистикаға, өзінің «Аq jol» газетіне қайта оралды. Журналистика саласы Бақытяр Әбілдаұлының жан қалауы еді. Өзінше стильмен, жаңаша көзқараспен жазды. Бұл шақта оның қаламы қалыптасып, жазуға едәуір төселіп қалған болатын. Себебі, алғашқы әңгімелері студент кезінде-ақ республикалық «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында жарияланып жүрді. Тіпті үшінші сыныпқа арналған «Ана тілі» оқулығына бірер әңгімесі енген кезде қаламгердің қуанышында шек болмаған. Алғашқы жинағы «Тұлпардың тұяғы» (Олимпиада чемпионы Абсент туралы) хикаяты 1980 жылы «Қайнар» баспасынан жарық көрген. Оқырман байқағандай, шығармалары студент күнінде-ақ республикалық журналдарды мойындатқанымен, Бәкең кітап жазуға онша асықпаған. Есесіне сапалы кітап көп оқырманның олжасына айналып, қолдан-қолға алмасып, кеңінен оқылды. Жазушының мақсаты да осы болар. Бақытяр Әбілдаұлы кейіннен тарихи тақырыптарға көп қалам тербеді. 1986 жылы «Айша бибі» тарихи трагедиясы жазылып, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында сахналанды. Б.Әбілдаұлы Айша бибі тақырыбына көп ізденіп, ұзақ еңбектеніп барып қалам тартты. Ол кезде тарихымызға дендеп көңіл бөліне қоймағандықтан, жазушының бұл шығармасы дер кезінде жазылды және көпшіліктің жоғары бағасын алды. Қазақстанның оңтүстігіндегі шағын қала тұрғындары облыстық «Аq jol» газетінде (бұрынғы «Еңбек туы» газеті) жарияланған мақаланы қызу талқылауда. Жас ару жайлы баяндалатын «Айша туралы аңыз» тарихи очеркінің күнделікті бас мақалаға түрлі репортаждар мен жиналыстар туралы ақпараттарға мүлдем ұқсамайтыны соншалық, оны байқамай қалу мүмкін емес еді. Оның үстіне мақала авторы жас журналист өзінің очеркінде бұрын белгісіз болып келген архивтік құжаттарды келтірген болатын. Осы мақаланың негізінде «Айша бибі туралы аңызды» ол өзі Ташкент архивінен тапқан құжаттардың негізінде қайта жаңғыртты. Жоғарыда айтылған тарихи очеркін де сол деректердің негізінде жазды. Сондықтан да 1984 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры Әлібек Әмзеұлы Айша бибі туралы пьеса жазу туралы ұсыныспен дәл осы Бақытяр Әбілдаұлына қайырылғанына таңғалуға болмайды. – Мен театрға директор болып 1983 жылы келдім. Қызметімді театр репертуарын өзгертіп, мазмұнын байытудан бастадым. Режиссер Асқар Құлдановпен ақылдаса келіп, Айша бибі туралы аңызды шығаруымыз керек деп шештік. Пьесаны жазып беруді Бақытяр Әбілдаұлынан өтіндік. Оны аңызға екінші өмір сыйлаған адамнан басқа кім жазуы мүмкін? Қуана келісті. Құлшына кірісті. Жарты-ақ айдың ішінде бірінші нұсқасын жазып бітірді. Бірақ одан кейін де шығармасын шыңдау жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Премьерасы 1985 жылы тамыз айында болды. Басты рөлде ол кезде жас актриса, бүгінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Гүлшат Қыпшақова ойнады. Қараханның рөлін талантты актер, марқұм Спандияр Мұқышев асқан шеберлікпен сомдады. Залға ел сыймай кетті. «Айша бибі» театр репертуарынан ұзақ уақыт түскен жоқ. Спектакль жоғары марапаттарға ие болды. Ең бастысы – көрерменнің көңілінен шықты, – деп сол кездерді көзі тірісінде Әлібек Әмзеұлы еске алып еді. Сол жылдары Жамбыл қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Москау Ноқрабеков те ол оқиғаларды жақсы біледі екен. – Премьераны ел асыға күтті. Ол жылдары ұлттық мәдениетіміз, тарихымыз туралы шығармалар жоқтың қасы болатын. Оның үстіне Бақытяр Әбілдаұлының газет бетінде баяндалған аңызы елге танылып қалған. Сондықтан көрермен «Айша бибі» спектакліне қуана келді, тіпті бірнеше қайтара келіп көргендер де аз болған жоқ. Бұл аса қуанышты жай еді, – дейді Москау Ноқрабеков. Қаламгер 1992 жылы «Сыпатай батыр» пьесасын жазды. Ол шығарма 1995 жылы аталған театрда Қадыр Жетпісбаевтың режиссерлығымен сахналанып, көпшіліктің ықыласына ие болды. 1999 жылдан бері Мұхаммед Хайдар Дулати туралы тарихи драмасы облыстық театр репертуарынан түспей келеді. Бақытяр Әбілдаұлы көбінесе тарихи тақырыптарға жазады. Тәуелсіздік алған қазақ елінің тарихын түгендеуге, өткенін жаңғыртуға сүбелі үлесін қосты. Атап айтар болсақ, «Төле би және Қойгелді батыр» (1992), «Рысбек батыр» (1994) атты жинақтары, «Бөлтірік би» атты тарихи хикаяты (1996), сондай-ақ «Талас-Тараз» (1998, «Санат»), «Жауғаш батыр – Абылай ханның елшісі» (1999), «Сыпатай батыр» (2000), «Тағдыр толқындары», «Шапырашты Наурызбай батыр» тарихи деректі романдары жарық көрген. Тәуелсіздік жылдарынан соң әр тарихи тұлғаға арнап, роман жазу оңай емес еді. Дайын мәлімет те жоқ. Қазіргідей әлеуметтік желіге де жүгіне алмайсың. Бақытяр аға апталап, айлап архивте отырды. Көзінің майын тауысып деректер іздеді. Бір мақаланы сапалы жазып шығудың өзі оңай емес. Бұл кісі тарихи тақырыпта қалың-қалың роман жазды. Жазғанда да құлашын сермеп жазды. Тараздың тарихы, қаланың тарихы қай жылдан бастау алғаны туралы да Бақытяр Әбілдаұлы көп ізденді. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық тойы Әулиеатада дүркіреп өтсе, бұл жетістікте Бақытяр ағаның еңбегі көп, үлесі жоғары. Тіпті, ол кісі «Негізі 2000 жыл деп дөңгелектеп алынған. Тағы ізденіп, деректер қарап жатырмын. Негізі, Тараздың тарихы 2100, 2200 жыл болуы да мүмкін», деп айтып жүруші еді. Бақытяр Әбілдаұлының бір жетістігі – Жамбыл облысы орталығының тарихи атауы Тараз екенін және оның 2000 жылдық тарихы бар екенін дәлелдеуі. Өкінішке қарай, бұл жайтты қазір екінің бірі біле бермейді. Сол тұста облыстық әкімшіліктің идеология саласында қызмет еткен, сол бір тарихи оқиғалардың тікелей куәсі болған әріптес шәкірттерінің бірі Қуаныш Сабырұлы: – Бақытяр аға ол кездегі Жамбыл қаласының тарихи аты Тараз екенін, оның 2000 жылдық тарихы бар екенін дәлелдеп, жазып қана қойған жоқ, ресми мойындатуға да барын салды. Елбасы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келгенде алқалы топ алдында облыс орталығына тарихи атауын қайтару, 2000 жылдығын атап өту туралы мәселені көтерді. Оған өзім куәмін. Елім, жерім деген азаматты өңір басшыларының Президент алдында бұл мәселені көтермеу туралы «өтініші» де тоқтата алмады. Абырой болғанда Нұрсұлтан Әбішұлы дұрыс мәселе көтеріліп отырғанын, даңқты тарихымызды жаңғыртуымыз керектігін айта келіп, мәселені зерделеуге уәде берді. Көп ұзамай тарихи мәселелердің қолдау тапқаны туралы қуанышты хабар жетті. 1997 жылы қыста Президентіміз Қарахан баба кесенесі алдында Жамбыл қаласына өзінің тарихи Тараз деген атын қайтару туралы Жарлыққа қол қойды. 2000 жылы Бақытяр Әбілдаұлына осы елеулі еңбегі үшін «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ал 2002 жылдың 25-26 қыркүйек күндері көне шаһардың 2000 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында тойланды», деп еске алады. Ал журналист Зарина Ноқрабекова өзінің зерттеу мақаласында былай деп жазған: «Айша бибі туралы аңызды бүгінде бәрі біледі. Тіпті бірнеше нұсқасы да бар. Алайда көне Тараз шаһарындағы қос ғашық туралы аңызды шаң басқан архив қойнауынан алып шығып, екінші өмір сыйлаған жамбылдық жергілікті журналист екенін екінің бірі біле бермейді. Біз бүгін уақыт атты ұлы құдіреттің өзін тізе бүктіріп, ұмытылған тарихты қайта тірілткен осынау таңғажайып адам. Ал Мырзатай Жолдасбеков: «Ол өте еңбекқор еді, шаршауды білмейтін. Оның тарихи тұрғыда өте ауқымды ойлай білетін қабілеті мені еріксіз таңғалдыратын. Егер ол ғылым жолын таңдағанда ірі ғалым болар еді. Архивтерге қалай барғаны, құжаттарды қалай көз майын тамызып зерттегені әлі есімде. Оның барлық еңбегі құжаттармен расталған фактілерге негізделіп жазылған», – дейді деп жақсы ойларды қозғап кетеді. Бақытяр Әбілдаұлы облыстық «Аq jol» газетінде қырық жыл бойы еңбек етті. Баттал Жаңабайұлы Бақытяр ағаны «Ақ жол» газетінің «К-700» тракторы» деді. Бөлім меңгеруші, бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары болды. Сол газеттің ауыр жұмысымен бірге қалың-қалың романдар жазды. Бұл ретте сол кездегі бас редактор Әлдихан Қалдыбаев кеңдік жасап, іссапарға жіберіп, қолдау жасап отырды. «Тарихты жазған, тарихқа мені қызықтырған Бақытяр Әбілдаұлы» деп еске алады Елен Әлімжан. Сондықтан Бақытяр Әбілдаұлының еңбегі кеңінен айтыла береді.  

Есет ДОСАЛЫ