- Advertisement -

ЖСДП атынан Президенттікке үміткер Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасы

244

- Advertisement -

Қазақстан 30 жылдық тәуелсіз дамудан кейін ел дамуын тежейтін бірқатар жүйелі мәселелерге тап болып отыр.

Жемқорлық мемлекетті басқару жүйесінің тиімсіз жұмыс істеуіне әкеп соқтырды.

Ел экономикасы халықтың мұң-мұқтажына мән бермейтін олигархтар не квазимемлекеттік компаниялардың қолында.

Экономиканы әртараптандыруға қаншама күш салынып жатқанымен, шикізатқа қатысты тәуелділік әлі де сақталып келеді. Оған қоса, біз келер ұрпақ игілігі – Ұлттық қордың қаражатын бюджетті толықтыруға және әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға жұмсауға мәжбүрміз.

Қатардағы қазақстандықтар жыл өткен сайын кедейлене түсуде. Азық-түлік бағасының ұдайы өсуі қалыпты жағдайға айналды. Қарапайым халықтың несиеге деген тәуелділігі күн санап күшейіп барады. Еліміздің қазба байлығын тонап біткен олигархат енді қарапайым халықтың қалтасына жармасты.

Мүшкіл халге ұшыраған халықты құтқаруы тиіс әлеуметтік инфрақұрылымның жағдайы да мәз емес.

Ауруханалардағы төсек-орын жеткіліксіздігі пандемия кезінде өлім-жітім көрсеткішін еселеп жіберді. Мектептегі орын тапшылығы өскелең ұрпақтың жарқын болашаққа деген үмітін үзуде. Сапалы білім ала алмаған жастарымыз бәсекеге қабілетсіз болып, сәйкесінше жоғары деңгейде өмір сүре алмайды.

Мен, халқымыз бұл қиын жағдайдан социал-демократия идеясы көмегімен ғана шыға алады деп сенемін. Біз әлеуметтік тәртіптің түбегейлі қарастырылуына мұқтажбыз.

Қоғамды бизнес және мемлекетті тепе-теңдік жағдайына қайтаруымыз керек: азаматтардың қайта пайда табуы, ал бизнестің олигархат не мемлекеттің қудалауы мен қысымынан қорықпай, адал жұмыс істеп, салық төлеуі. Ірі компаниялардың өз табысы мен мөлшеріне жауапты болуы. Мемлекеттің өз халқы алдында есеп беріп, санасуы.

ЖСДП ұраны – «Еркіндік. Әділдік. Ынтымақ!». Мен әр шешімі азаматтарымыздың игіліне жұмыс істеп, пайдасына асырылатын әлеуметтік-жауапты тәртіпті орната алатынымызға сенемін.

***

Саяси реформалар және сыбайлас жемқорлықпен күрес

Жемқорлық мемлекетті күйретеді, адамдар арасындағы сенімділікті азайтады, институттарға деген сенімді жояды. Парақорлықпен күрес кезінде, әсіресе саяси деңгейде, батыл шаралар қолданылмаса, Қазақстан тұрақты даму жолына түсе алмайды деп есептеймін.

Мемлекетті әділ басқаруды қалыптастыру үшін, ең алдымен, саяси жүйемізді өзгертуге тиіспіз.

Қазақстан президенттіктен парламенттік-президенттік республикаға айналуы тиіс. Биліктің бір қолында шоғырлануына жол берілмейді.

  • Президенттің өкілеттіліктері: халықаралық жоғары өкілдік қызметтерін атқару, билік органдары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, мемлекет қауіпсіздігіне жауап беру.
  • Сенат таратылады, ал Мәжіліс заң шығаратын жалғыз билік органы болып қалады. Депутаттардың саны арттырылады.
  • Үкіметті Мәжіліс құратын болады. Президент жай ғана министрлер кабинетінің құрамын бекітеді.
  • Мәжіліс құрамының 50%-ы партия тізімі бойынша, ал қалған 50%-ы бір мандаттық округтерден құрылуы тиіс.
  • Жемқорлықтың ең басты тосқауылы ретінде халықтық парламенттік бақылау жасақталады.
  • Шұғыл түрде орталық және жергілікті атқару органдарында барлық деңгейдегі депутаттар мен шенеуніктердің кіріс-шығысы туралы міндетті жария декларация енгізіледі. Негізсіз баюға қарсы қылмыстық бап енгізіледі – бұл жемқорлармен нәтижелі күрестің жалғыз қаруы.
  • Бюджет процедуралары жетілдірілу қажет. Әр елді мекенде өзіне тиесілі ашық бюджет жасақталып, нақты уақыт режимінде онлайн түрінде мемлекет ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқандығы ашық көрсетіліп отырады.
  • Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы журналистік зерттеу жүргізуде БАҚ-қа қолдау көрсетемін. Барлық журналистер парламенттің қорғауында болады, азаматтық қоғам мен депутаттар арасында үздіксіз диалог орнатылады.
  • Жемқорлық қылмыс жасағаны үшін мерзімінен бұрын босату құқығынсыз барынша ұзақ мерзімге жазаланатын болады.

***

Олигархиялық капитализмнің орнына халықтық экономика

Корпоративтік, олигархиялық экономика мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Оны басқаратындар балама, қайта өңдеу секторларының дамуына, кәсіпорын қожаларының мықты табының қалыптасуына қызығушылық танытпайды. Санаулылардың пайдаға кенеліп, миллиондаған адамның кедей күн кешуі – нағыз жұтау.

  • Біз егжей-тегжейлі тексеру жүргізіп, ұрланып, оффшорға жасырылғанның бәрін елімізге қайтаруға міндеттіміз. Жобамен есептегеннің өзінде Ұлттық қорымыздың үшеуіне тең келетін әлеует шетелде жатқаны мәлім.
  • 90-шы жылдардағы жекешелендіруден мол пайдаға кенелген ірі бизнесмендерді IPO өткізіп, орта кәсіпкерлерге активтерін бөліп беру қажет. Олар болса экономикамыздың жаңа буынына айналады.
  • Салық саясатын толықтай қайта қарастыру қажет. Нарықта ауқымды үлесті иеленіп отырған компаниялар мен корпорациялар ел бюджетіне айтарлықтай көп төлем енгізуі тиіс. Бұл салықтар әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға, мемлекеттік қарызды азайтуға, Ұлттық қорды құтқаруға бағытталады.
  • «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ орнына мемлекеттік салалық бірнеше холдинг құрылып, азаматтық қоғам мүшелерінің қатысуымен, Парламентпен жасақталатын бақылаушы кеңестерге есеп беретін болады.
  • Біз монополияға қарсы сенімді тосқауыл орнатамыз. Рационалды көлемнен асып түскен кез келген компания Парламенттің назарына ілініп, халық алдында есеп беретін болады.

***

Дамуға бағдарланған әлеуметтік саясат

Қазіргі кезде мемлекеттің әлеуметтік саясаты қазақстандықтарды айтарлықтай деградацияға ұшыратқанын мойындауға мәжбүрмін. Балалар сапалы білім, ересектер лайықты медициналық қызметті алып жатқан жоқ. Жемқорлар және білім мен біліктен жұрдай менеджерлер балаларымыздың болашағын, аға-буынның уақытын ұрлады. Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы қысқарып барады.

Адам – менің бағдарламамның басты назарында. Мен түрлі деңгейдегі әлеуметтік қолдаудың желісін құруға ниеттімін, ол адамдардың табысын арттырып, дәулетті таптарға көтерілуіне көмектесіп, күтпеген жағдайлар туындаған кезде кедейлікке түсірмеумен айқындалады.

  • Мен қазақстандықтардың өмір сапасының стандартын енгіземін. Онда адамның негізгі қажеттіліктері ескеріледі. Зерттеу барысында анықталған азаматтардың әрбір жеке тобы үшін негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша арнайы бағдарламалар әзірленетін болады.
  • Медицина және білім беру саласы бюджеттен қаржыландырылады. Әр салаға жылына ЖІӨ-нің ең кемі 5-7%-ы бөлінуі керек. Мұндай шара инфрақұрылым, жабдықты кезең-кезеңмен жаңартып отыруға, дәрігерлер мен мұғалімдер еңбекақысының банк қызметкерлері деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік береді. Бұл мамандар біздің экономикамыздағы адами капиталдың сапасына жауап береді. Олар қоғамның басымдыққа ие бөлігіне айналады.
  • Біз кім, қандай коммерциялық пайда көргісі келетініне қарамастан, азаматтарға қажет мектеп пен ауруханалар санын салатын боламыз. Бұл дәл қазір қажет саналатын ұзақ мерзімді инвестиция.
  • Мен тұрғын үй бағдарламаларын толықтай қайта қарастырамын. Қазіргі кезде олар құрылыс салушылардың мүддесіне әрі қалтасына жұмыс істеуде. Қолжетімді ипотекаларды субсидиялау жалғастырылады, бірақ шарты өзгереді: жергілікті бюджеттер көмегімен әрі жергілікті мәслихаттың қадағалауымен іске асырылады.
  • Қауіпсіздік жүйесі жаңа стандарттар бойынша жұмыс істейтін болады: полиция қызметі толығымен реформаланып, бұдан былай қылмыстың алдын алу үшін жұмыс істейтін болады. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоямыз, ұсақ есірткі курьерлерін қуалауды доғарып, ірі есірткі сатушыларды аңдып, ізін кесеміз, полиция кадрларын жаңартамыз.

***

Халықаралық саясат

Халықаралық қатынастардың маңызы ішкі саясаттан кем емес. Соғыстар мен қақтығыстар біздің Еуразиядағы ынтымақтастық туралы түсінігімізді толығымен өзгертті. Азаматтарымыз сыртқы жағдай салдарынан зардап шекпеуі керек.

Қазақстан агрессивті әскери блоктарға қатыспайтын, қолдамайтын мемлекет ретінде берік позициясын сақтауы керек. Ядролық қарусыздану мен демилитаризацияға ықпал ететін, халықаралық терроризм мен есірткі трафигіне қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыратын, қарудың заңсыз саудасы мен заңсыз көші-қонға бақылауды қамтамасыз ететін бағдарламаларды әзірлеуді және қолдауды жақтауға тиіс.

Мен еліміздің интеграциялық процестерге қатысуын қайта қарауға ниеттімін. Егер басқа мемлекеттер біздің есебімізден байып, адал емес бәсекелестікте елімізге зиян келтіруге тырысқан жағдайда, қатаң ойын ережелерін орнатуға ниеттімін. Менің позициям – стратегиялық салалардағы қалыпты протекционизм.

Қазақстан әлемдік процестің бейтарап қатысушысы болып қала береді. Бізде әлемдік гегемония құру және мықты держава болу деген мақсат жоқ. Бұл қымбатқа түсетін шаруа әрі прагматикалық Қазақстан үшін кері әсерін тигізетін процесс.

Социал-демократия бағыты Қазақстанға елде тәртіп орнату және мемлекеттің назарын халыққа аударту үшін қажет.

Біз ынтымақтастық, әділеттілік және еркіндік арқылы қайшылықтар мен жүйелі мәселелерді жеңе аламыз деген сенімдеміз.

***

Халық билігі мен еркін қоғам үшін!

 

 Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Н.С. Әуесбаевтың сайлауалды

штабымен әзірленді.

Тапсырыс беруші: Ауесбаев Н.С.

Қазақстан Республикасының Президенттігіне

үміткер Н.С. Әуесбаевтың сайлау қорының

қаржысынан төленді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support