- Advertisement -

Отбасы бизнесін дамыту ауылдан бастау алады

30

- Advertisement -

Талас ауданында соңғы жылдары қолға алынған жобалар өз жемісін бере бастады. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауданға жұмыс сапары барысында аудан ахуалымен жан-жақты танысты. Аймақ басшысы әуелі Үшарал ауылындағы «Талас – 2020» ауыл шаруашылығы кооперативінде болды. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасының бұл ауылдық округте жүзеге асырылып жатқанына биыл үшінші жыл. Бір атап өтерлігі, кооператив биыл 25,1 миллион теңге табыспен шыққан.

Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, биыл кооперативте мүйізді ірі қара 17, жылқы 15 пайызға өскен. 300 аулада үй іргесіндегі жер телімдері тиімді игерілген. Мұнда су тапшылығын шешу үшін сексеннен астам аулада 45 мың теңгеге құдық орнатылып, бақша суы оң шешімін тапқан. Әрбір тұрғын ауласынан орта есеппен 205 мың теңгеден табыс тауыпты.

Биыл кооператив мақсарыдан 6,6, жүгеріден 3, жоңышқадан 2 миллион теңге, ал жылыжайдан 10 миллион теңге табыс тапқан. Кооператив төрағасы Рақымжан Әбденовтың айтуынша, түскен табыстың 5,1 миллион теңгесін алдағы жылдың өнімі үшін тұқым алуға алып қалса, қалғанымен несиенің бір бөлігін жаппақ ниетте. Ал Үшарал ауылдық округінің әкімі Рақымжан Айтуов «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы енгізілгелі бері округте атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайды.

Қазір округте екі-ақ адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұрын округте 44 отбасында мал болмаған болса, қазір барлық аулада мал бар. Жеке тұрғындардың қорасында 21 мың мал болса, жалпы округтегі мал саны 40 мыңды құрайды», – деді.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бұдан кейін осы қанатқақты жобаға жаңа енгізілген Ойық ауылдық округінің жоспарымен танысты.

– Кооперативтерге жәрдем беру керек. Оған енген тұрғындардың тұрақты табысы болғаны дұрыс. Ұжым болып құрылған соң ондағылар бір-біріне қолдау көрсетпей жұмыс алдыға баспайды. Бір атап өтерлігі, ауыл халқының негізгі күнкөрісі, табысы–төрт түлік. Сондықтан ауыл жастары осы кәсіпке бейімделіп отбасы бизнесін дамытқаны абзал. Осылай ауыл ішінен бір кіші ұжымнан құрылған отбасы кәсібі бірте-бірте бір үлкен кооперативке қосылып, оның өсуіне алып келуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

Осыдан кейін кооператив іргесіндегі 20 сотық жерге орналастырылған жылыжай жұмысымен танысты. Кооператив агрономы Қанат Алдабергеновтың айтуынша, жылыжай үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда бірінші айналымда қияр, екінші айналымда қызанақ өсіріледі. Жылыжай тоғыз ай жұмыс істейді. Әрбір ауысымда жылыжайдан 20 тонна өнім жиналады. Бұл жылыжайды салу үшін кәсіпкер қанатқақты жобаның бесінші бағыты аясында 8 миллион теңге несие алған. Қазіргі таңда несиесін толық жауып тастаған.

Бүгінгі күні ол алты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өнімін округтегі дүкендерге, Қаратау қаласы мен Тараз қаласындағы сауда нүктелеріне өткеруде. Сөйтіп жылыжайдан кәсіпкер 10 миллион теңге табыс тауып отыр. Аймақ басшысы жылыжай жұмысын жоғары бағалады.

Облыс әкімі бұдан кейін Қайқы көлі, «Нұрабай» каналы мен «Бөлекқызыл» су қоймасын көрді. Су айдындарының жұмысымен танысқан Нұржан Молдиярұлы Қайқы көлінде Сарысу мен Талас аудандарының басшыларына Талас өзенінің суын тең көлемде пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы Кеңес ауылдық округіне қарасты Бөлтірік шешен ауылының қасында жаңадан салынған жылыжай жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Мұрат Ордабаевтың айтуынша, жылыжай 13 сотық аймаққа орналастырылған. Жобаның жалпы құны 9 миллион теңгені құрайды. Кәсіпкер бұл жылыжайды жеке қаржысына салуда. Қазіргі таңда жылыжайда шалқан, пияз, сәбіз бен қияр өсірілуде. Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкер екінші айналымда қызанақ өсірмек ниетте.

– Жылыжайдағы жұмыс әзірге өзімізден артылып жатқан жоқ. Алдағы уақытта жылыжайдың көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орнын ашу жоспарымызда бар, – дейді кәсіпкер. Қазір қиярлар гүлдеп, түйін сала бастапты. Шалқан да жетілуде. Кәсіпкер жылыжайдан жиналған өнімін алда әлеуметтік дүкендерге арзан бағада өткермек. Бұдан кейін облыс әкімі осы елді мекендегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте болды. 2009 жылы пайдалануға берілген 150 орындық еңселі білім ошағында 152 бала білім алуда. Мектеп директоры Берік Сыдықтың айтуынша, мектептің техникалық жағдайы жақсы. Мектептің қамқоршылық кеңесінің шешімімен бастауыш сыныпта білім алатын елу бала және көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шығатын жиырмаға жуық оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Асханаға қажетті азық-түлік пен ет-сүтті кәсіпкер жеткізіп береді.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мектептегі оқушылардың елу пайызының ыстық тамақпен қамтылғанына назар аудара келіп, округ әкіміне: «Жаңа ауылдағы әрбір үйде үш сауын сиыр бар деп едіңіз. Мектеп директорының айтуынша, мектепте тегін ыстық тамақпен оқушылардың елу пайызы қамтылған. Бұған қарап ауыл тұрғындарының тұрмысы біз ойлағаннан да төмен болғаны ма? Бұл қалай болғаны?» – деп сұрады. Мұны округ әкімі Еркебұлан Тәттібай ауылда көпбалалы аналардың көптігімен байланыстырды.

– Қазір балалардың тағамына көп көңіл бөлінуде. Қарап отырсам, ет те, сүт те сіздерге сырттан келеді екен. Неге соны осы ауылдан ұйымдастырмасқа? Ауылда сиыр бар, шаруа қожалықтар да жұмыс істеуде. Оларды тендерге қатыстырып, сүт пен етті ауыл кәсіпкерлерінен алсаңыздар, олардың да жұмысы жандана түсер еді, – дей келіп, аймақ басшысы осыны алдағы уақытта қаперге алуын аудандық білім бөлімі мен мектеп директорына тапсырды.

 

 Марат ҚҰЛИБАЕВ

Талас ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support