- Advertisement -

Функционалдық сауаттылық – білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары

441

- Advertisement -

Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Бұл Ұлттық жоспар – білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары. Жоспарда мақсат, міндеттер нақты қойылған, ағымдағы жағдайды талдау, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту тетіктері, білім стандарттарын, оқу бағдарламалары мен жоспарларын, оқыту нысандарын, әдістері мен технологияларын жаңарту, мектеп оқушыларын оқыту нәтижелерін бағалау жүйесін және қосымша білім беруді дамыту, ата-аналардың қатысуын қамтамасыз ету, күтілетін нәтижеге қажетті ресурстар нақты көрсетілген.

Осы Ұлттық жоспарды іске асыру оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша жалпы үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Білім беруді жаңарту оқушы білімін ғана емес, оларды қолдану дағдыларын, атап айтқанда, функционалдық сауаттылығын қалыптастырады. Оқушылардың бойында өзіндік білім алу, талдау, құрастыру, қоғамдық өмірде өзін-өзі жан-жақты таныту үшін білімін пайдалана білу дағдыларын

қалыптастырады және қоғамға пайда келтіреді. «Функционалдық сауаттылық» ұғымы өткен ғасырдың 60 жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен қолданысқа енді. Функционалдық сауаттылық – білім берудің жеке тұлғаны қалыптастырудағы әлеуметтік бағдарлануы. Қазіргі тез өзгермелі әлемде функционалдық сауаттылық – оқушының әлеуметтік мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық фактор.

ХХІ ғасырдың жан-жақты, зерделі, дарынды, талантты адамдарды қалыптастыруда білім беру мәселесі, оның оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, жаңа талаптар қойылуда. Соған орай ұстаздардың алдында тұрған міндет: табысты және әрекетке дайын қабілетті, әлеуметтік рөлін сезінетін құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Жалпы құзыреттіліктің сипатына беделді пікір айтуға мүмкіндік беретін білімді игеру деген түсіндірме берілген.

Тұлға құзыреттілігін дамыту – ұстаздың құзыретті тәсілдерді меңгертуі, білім беру мазмұнын жетілдіру. Ол үшін баланы субъект ретінде қарап, оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу керек. Оның бастысы – оқу процесін жаңаша ұйымдастыру, оқушының оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу, әрекет ету. Мақсатқа жету оқушының өзі арқылы іске асырылады. Мұғалім – бағыт беруші, ұйымдастырушы.

Америка ғалымдары Джинни Стилл, Куртис Мередит, Чарлз Темпл жасаған «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» жобасының оқушы құзыреттілігін дамытуда маңызы зор. Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз – ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасауға бағыттау, өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасау. Бұл жобаның тиімді әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы оқушы өз ойын еркін жеткізуге, пәнге қызығушылығы оянып, талдау жұмыстарын жүргізе білуге үйренеді.

Мектепте оқытуды ұйымдастыратын бірден-бір нұсқа сабақ болса, сабақтың нәтижелі болуына ықпал ететін нұсқа – сол сабақты өткізудің әртүрлі әдіс-тәсілдері, яғни жаңашыл сабақ. Оқыту технологиясы мектепте оқу үрдісіне қажетті амал, тәсіл, әдіс, дидактикалық талап секілді психологиялық-педагогикалық іс-әрекеттердің жүйелі кешені ретінде пайдаланылады. Ол оқушылардың тәртібіне, оқуға, ынтасына, оқу іс-әрекетіне игі мұғалімдердің интеллектуалдық,

шығармашылық қызметі болып табылатын педагогикалық іс-тәжірибесінің нәтижелілігіне, жинақтылығына ұтымды әсер ететіндей оқу-тәрбие үрдісінің басты күре тамырының рөлін атқарады. Былайша айтқанда, педагогикалық технология – оқу-тәрбие процесінің шығармашылықпен терең ойластырылған көптеген факторлардың үйлесімділігі, оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін жаңа құрамдас бөлігі.

Сын тұрғысынан ойлау технологиясы, өз алдына сұрақтарға жауап іздеп, жан-жақты пікірлесіп, талдау жасап отыру, яғни, оқушы санасын сол тақырыпқа байланысты ояту, ойын тұжырымдау, қасындағы оқушымен пікірлесу, топтасу, өз пікірін еркін сөйлеу арқылы айту, ойын жеткізу, сонымен қатар қасындағы оқушы пікірін де тыңдау, басқалармен жұмыс істеу сәтінде қасындағы досына құрметпен қарау, зер салып тыңдау, мәдениетті, батыл сөйлеуге, топпен ортақ тұжырымға келуге мүмкіндік алу оқушыларды қауымдасып жұмыс істеуге жетелейді, олардың қызығушылығын оятады.

Мен оқытудың ұтымды әдістерін, соның ішінде «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасымен жұмыс жасау арқылы алған білім негізін дамыта отырып, тәжірибеге енгізу жұмыс істеуге құштарлық туғызып, білім беруде нәтижеге жеткізетінін байқадым. Сын тұрғысынан ойлау – сынау емес, шыңдалған ойлау. Оқушының бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз. Осы жобамен жұмыс жасау барысында мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді, ойлауға үйретеді.

Педагогикалық технология оқушылардың жеке басын дамыту мен білім беру мақсатына жету жолындағы педагогикалық қызметтің, іс-әрекеттің жүйелі дамып отыратын жобасы ретінде оқушы белсенділігін арттыруды көздейді. Ал оқушы белсенділігінің артуы оны шығармашылыққа жетелейді. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болуы мүмкін. Біздің міндетіміз – оқушыға оның бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерін ашып көрсету. Оқушы бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші болады, ал мұғалім осы әрекетке бағыттауда, оқуды ұйымдастыруда жетекші рөл атқарады.

Ұлттық жоспарда мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін төмендегідей кешенді жоспар жасалды. Олар: мазмұндық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық іс-шаралар кешені. Бұл кешен республикадағы білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту барысында жасалатын іс-шаралардың мақсаттылығын, біртұтастығын және жүйелілігін негізге ала отырып дайындалған. Жалпы функционалдық сауаттылық деген ұғымды таратып айтар болсақ, адамдардың (жеке тұлғаның) әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы. Яғни, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыруы.

Сонымен функционалдық сауаттылық адамның мамандығына, жасына қарамастан үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, тағы басқалар. Яғни, жалпы білім беретін мектептерде зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.

Ұлттық жоспардың жоғарыда аталған мақсат, міндеттерін жүзеге асыруда төмендегідей тетіктері (механизмдері) нақтыланып, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін білім беру жүйесінде басшылыққа алынады. Олар: білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары); оқыту нысандары мен әдістері; білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі; мектептен тыс, қосымша білім беру бағдарламалары; мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі); барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы; ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлі.

Бұл тұрғыда біз Алаш арыстарының бірі Ж.Аймауытовтың мына бір қағидасын басшылыққа алсақ, функционалдық сауаттылықтың төртінші механизмі жүзеге асқан болар еді. Ағартушы: «Балаға ең қымбат, ең жылы, жақын нәрсе – туған жері, туған жерінің құбылыстарын білу балаға өте қызық. Мұндай оқыту жүйесі жергілікті өмірге, табиғатқа терең мазмұн беріп, оларды баланың санасында жандандырып, оларға баланың махаббатын арттырады, бала әлеумет тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады, бұрынғыдай мектептен шыққан соң бала үйренген білімін ұмытып қалмайды, қайта білгенін өмір бойы пайдаланатын болады», деген болатын.

Оқушының сыни ойлауын дамытуға бағытталған жаңа инновациялық «Оқу мен жазу арқылы сыни ойлауды дамыту» жобасының да басты міндеттерінің бірі – ұстаздардың жаңаша ойлай алатын, өз мәселесiн өзi шеше алатын адам тәрбиелеуге жәрдемдесуі, ұстаздардың дәстүрлi сабақ беруден өзгеруiне, балаға бағытталған сабақ процесiн ұйымдастыра алуы, сабағын белсендi, оқушымен тең құқылы дәрежеде жүргiзуі, жобаның философиясын терең меңгерген ұстаздардың шәкiрттерiн өз пiкiрiн ашық айтып, өзара шынайы сұхбат жүргiзетiн, рухани жағынан дамыған жеке тұлға ретiнде дамуына ықпал жасауы.

Сонымен функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады.

Сондықтан теория мен практиканың байланыста болуын қамтамасыз ету үшін әрбір пән бойынша берілетін білімнің мазмұны мен көлемін анықтағанда теориялық қағидалардың, заңдылықтар мен ережелердің, яғни ұғымдық-ақпараттық материалдардың бала өмірінде кездесетін түрлі проблемалық мәселелерді шешуге көмегі тиетіндей, бала оны қолдана алатындай практикалық маңызы ескерілуі тиіс. Сондай-ақ оқушылардың оқу материалын тек жаттап қана алмай, оның мән-мағынасын терең түсінуін қамтамасыз ету міндетті болып саналады.

 

Жәмила АНАРБАЕВА,

Абай атындағы орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support