- Advertisement -

Құтқарушылар жұмысы қашанда қауырт

98

- Advertisement -

Өткен айдың үшінші онкүндігінде ауа райының жаңбырлы әрі желді болғанына қарамастан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндірушілері мен құтқарушылары бірқатар шақыртуларға шықты.

22 қазанда «101» нөміріне Талас ауданының Қаратау қаласындағы екі қабатты кеңседен өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері шұғыл аттанған. Өрт сөндірушілердің күшімен өрт бір сағаттан астам уақыт ішінде жойылды. Өрттің ауданы 160 шаршыметрді құрады.

Сол күні кешкі уақытта Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы 3-шағынауданның көпқабатты тұрғын үйінің кіреберісінде электр есептегіштің өртенгені туралы хабар түсті. Оқиға орнына жедел жеткен ауданның №16 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері өртті сөндіруге кірісті. Жүргізілген барлау барысында олар түтінге тұншыға бастаған 2012 және 2018 жылы туған балаларды құтқарып, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.

23 қазанда Шу қаласындағы тұрғын үйдің бірінен өрт шыққандығы туралы хабарлама жетті. Оқиға орнына ауданның №5 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жөнелтілді. Өрт 16 сағат 37 минутта оқшауланып, 17 сағат 14 минутта жойылды. Өрт салдарынан үй мен гараждың төбесін жалын шарпып, тілсіз жаудың жалпы ауданы 100 шаршыметрді құрады.

Мереке күні Байзақ ауданының Сарыкемер ауылына кіре берістегі жанармай құю бекетінің жанында автокөліктің өртенгені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел келген №8 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері өртті жоюға кірісті. Жалын 8 минутта толық ауыздықталды. Өрт салдарынан автокөліктің мотор орналасқан бөлігі зақымдалған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыс пен қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін әрдайым қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ үйден шығарда мүмкіндігінше балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмай, электр құрылғыларын электр желісінен ажыратуды ұмытпаған абзал екендігін еске салады.

Облыста шөпханадағы өрт оқиғалары жиілеуде. 16 қазанда Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылындағы тұрғын үйдің ауласында орналасқан қора өртке оранған. Оқиға орнына Тараз қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінен 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 7 қызметкер шығып, ауданы 80 шаршыметрді құраған өртті сөндірді. Өрт салдарынан қораның шатыры, ішіндегі 150 қап жүгері және тұрмыстық заттар зақымдалды. Алайда от жауынгерлері қызыл жалынның одан әрі жайылуына жол бермей, өртті 23 минутта тоқтатты.

Дәл осы күні Жуалы ауданының Қошқарата ауылындағы тұрғын үйдің ауласында жиналған шөп өртке оранған. №14 өрт сөндіру бекетінен 1 өрт сөндіру автокөлігі мен 2 өрт сөндіруші шығып, қызыл жалынды жойған. Дегенмен 22 тонна шөп өртеніп кетті. Осыған орай, төтенше жағдайлар департаменті облыс және қала тұрғындарының назарына шөп жиналған сарайдың өзге нысандардан дербес орналасуына мән беріп, шөпхана маңында өрт туындай қалғанда дер кезінде сөндіру үшін пайдаланатын көлемді ыдыс толы судың болғаны жөн екендігін ескертеді.

Егер қыста мал азықсыз қалмасын десеңіз және айтарлықтай көлемді шығынға ұшырамас үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін естен шығармаған абзал. Өрт аяушылықты білмейтін тілсіз жау екенін естен шығармаңыздар. Өрт немесе төтенше жағдай туындаған кезде «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатындығын ескертеді.

 

 Облыстық төтенше жағдайлар

департаментінің

баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support