- Advertisement -

Қоғамдық көліктер қатары артып келеді

62

- Advertisement -

Тараз қаласында жолаушылар тасымалымен айналысатын бірден-бір компания, ол – «AulieataTransPass» ЖШС. Бұл серіктестік жолаушылар тасымалымен 2004 жылдан бері айналысып келеді. Компания директоры Рашид Пірмановтың айтуынша, серіктестік Тараз қаласының 19 бағыты бойынша жолаушыларға қызметін көрсетеді.

– Компания азаматтардың автобус салонында өздерін жайлы сезінуі үшін барлық талапты жасауға күш салуда. Сонымен бірге халық тарапынан жиі түсетін шағым, ол жүргізушілердің мәдениетсіздігі болатын. Бұл мәселе де компания тарапынан бақылауға алынған. Барлығы да халықтың көңілінен шығу үшін жасалып жатыр. Бүгінгі таңда автобус паркінің жаңаруына басымдық беріліп, жаңа автобустар қатары артуда, – дейді ол.

Серіктестік өткен жылы автобус паркін жаңарту үшін «Даму» қорының Жамбыл облысы бойынша филиалына қайырылады. «Біз «Даму» қоры өкілдерімен әңгімелесу барысында толық кеңес алып, алдыға қойған мақсатымызға жету үшін несие рәсімдедік. «Даму» қорының кепілдемесімен «Қазақстан Халық банкі» АҚ-на жүгіндік. Несие «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында мақұлданды. Аталған қор пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды қамтамасыз етті. Сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызды құрады, – дейді Рашид Пірманов.

Сөйтіп кәсіпкер жұмысын жандандыру үшін «Даму» қорының арқасында «ZHONG TONG LCK 6105 HG» маркалы 10 жаңа автобус сатып алды. Бұл автобустар заманауи әрі соңғы талаптарға сай жабдықталған. Жаңа автобустардың ұзындығы – 12 метр, сыйымдылығы 90 жолаушыға есептелген. Бір ерекшелігі, қала ішінде жүрген автобустар сияқты емес, онда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мініп-түсуі үшін арнайы пандусы бар. Бейнебақылау камералары орнатылған және автоматты құрылғы қойылған.

– Автобустың ішінде жазда салқындатқыш, қыста жылыту жүйелері жұмыс істейді. Әрбір автобуста 7 бейнебақылау камерасы, оның төртеуі сыртта, қалғаны салон ішінде орнатылған. Бұл өз кезегінде қалта ұрлығына тыйым болады деген сенім бар. Салонда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы орын да қаралған. Алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша тағы да осындай жаңа автобустар алып келетін боламыз, – дейді серіктестік директоры.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support