Сайлау барысын байқауға дайын
Сайлау барысын байқауға дайын
«Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ-нің серіктесі – 2015 жылдан бері сайлауда байқау тәжірибесі бар «Жастар-зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігі. Сайлау алдындағы кезеңде халықпен, президенттікке кандидаттар штабының өкілдерімен кездесулер өткізілген. Әрбір байқаушы сайлау учаскесі ашылғаннан бастап бюллетеньдерді санағанға дейін байқайтын болады. Сайлау учаскесіне барған әр байқаушының қолына оларды жіберіп жатқан ұйым басшысының қолы мен мөрі басылған жолдама беріледі. Штаб қызметін 6 адам үйлестіреді, сонымен қатар сайлау күні қосымша қызметкерлер тартылады. Аудандар мен қала бойынша 16 мобильді капитан жұмылдырылған. Облыстағы 493 сайлау учаскесінің барлығында байқаушылар байқау жүргізетін болады. Олардың жұмыстарын үйлестіру үшін Тараз қаласында 4 капитан, Қордайда – 2, Шуда – 2, қалған аудандарда бір-бірден капитандар бекітілді. Бұл туралы «Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын бақылауға дайындық барысы туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында «Партиялық емес байқау орталығы» РҚБ облыстық филиалының жетекшісі Асқар Қадырқұлов айтты. Баспасөз алаңында «Жастар-зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Нұртілеу Сегізбай, Тараз қаласы бойынша мобильді капитан Тұрлыхан Камал сөйлеп, жастардың сайлауды байқауға көптеп қатысуы жауапты науқанның әділ және таза өтуіне септігін тигізетініне тоқталды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП