Халық театрлары байқауы мәресіне жетті
Халық театрлары байқауы мәресіне жетті
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен өнер додасында Мұхтар Әуезовтің туындыларының желісімен қойылымдар қойылды. Мұндағы мақсат – халық театрларының шеберлігін шыңдау. Халық театрларының қойылымы арқылы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын насихаттап, халық театрларының бір-бірімен тәжірибе алмасуы арқылы өнерлерін жетілдіру де өзекті. Өнер бәйгесіне Тараз қаласы мен облыс аудандарынан 12 халық театрларының ұжымы қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін фестиваль биыл «Меркі» халық театры қойған «Айман-Шолпан» пьесасымен басталды. Драмалық комедиядағы әдемі юморды меркілік өнерпаздар әсерлі жеткізді. Одан соң Жуалы аудандық «Мыңбұлақ» халық театры «Абай жолы» романынан үзінді келтіріп, «Махаббат пен парасат» тақырыбында ақынның ойлылығын, махаббатын жеткізуге тырысты. «Абай жолының» үзіндісімен «Қордай» халық театры да «Махаббатсыз дүние бос» тақырыбын таңдапты. Т.Рысқұлов ауданынан келген «Б.Битанов» халық театры «Қарагөз» қойылымымен бұрынғы қыз тағдырының ауырлығын ашық көрсетті. Бір-бірін сүйгеннен басқа кінәсі жоқ Қарагөз бен Сырымның қасіретін қысқа қойылымның өзінде нақты жеткізе білді. Өнерпаздардың шеберлігіне тәнті болғандарын көрермендер де қалың қошеметімен көрсетті. Бұл ретте қоюшы режиссер Мият Медетовтың, музыкамен көркемдеуші Тыңжан Сайырмановтың еңбегі бар екені анық. Ал «Мойынқұм» халық театры «Бәйбіше-тоқал» пьесасын сахналай отырып, халықтың «Екі сиыр – айран, екі әйел – ойран» сөзінің нақ дәлелін жеткізді. Жазушы көркем сөзбен берген оқиғаны театр әртістері өмірдегідей етіп көрсетті. Бәйбіше дүние салғаннан кейін әулеттегі билікті өз қолына алмақ болған тоқалдың жымысқы пиғылымен тағдыры тартысқа түскен қыздың, оны қорғамақ болған ағасының қаза болуымен бүтін бір шаңыраққа келген қайғының астарында іштарлық та, алауыздық та жатыр. Бұл қойылымда Күләш образын Жамила Омарова, Дәмешті – Гүлгүл Тәйтімова, Төлепті – Дидар Балтай жақсы сомдап шықты. Фестивальге Сарысу ауданынан қос театр қатысты. «Саудакент» халық театры «Абай жолы» романының үзіндісімен «Телғара» тақырыбында Қодар мен Қамқаның жазықсыз жаза тартуын әсерлі жеткізді. Ақ-қарасын анықтамай жатып ауыр жаза кескен үлкендердің шешіміне налыған жас ақынның наласын саудакенттіктер шебер бейнеледі. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулати жастары» халық театры өте сәтті өнер көрсетті деуге болады. Тіпті, сахнаны безендіруде де ұтымды шешімдер қабылдай білген. Сахнада декорация болып әуелі қимылсыз тұрған адамдар кейіннен қозғалып, өз образдарын сомдап кетті. Бұлар М.Әуезовтің «Қозы мен Баян» шығармасын тамаша аша білді. Қарабайдың қара ниетін, Қодардың әрекеттерін, Қозы мен Баянның сүйіспеншіліктерін тамаша көрсете алды. Шу ауданынан екі театр қатысты. Атап айтқанда, Шу халық театры «Айман-Шолпанды» жоғары деңгейде көпшілік назарына ұсынды. Фестиваль соңында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай «Ең үздік спектакль» аталымы бойынша 200 мың теңге ақшалай сыйлық және дипломмен Шу халық театры ұжымын марапаттады. «Үздік режиссер» аталымы Т.Рысқұлов ауданының Басқар Битанов атындағы халық театрына бұйырды. «Үздік ер адам» аталымымен Көлбай образы бойынша «Сарысу» халық театрының артисі Әмірғали Бақытов, «Үздік әйел адам» аталымымен Бопай образы бойынша Жамбыл аудандық «Дарын» халық театрының актрисасы Нұршат Құрманбекова, «Үздік эпизод» аталымымен Меркі халық театрынан Жарас образы бойынша Есімжан Әлімқұл, «Үздік эпизод» Меркі, Сарысудың «Саудакент» халық театрлары, «Үздік актерлік ансамбль» аталымымен «Дулати жастары» халық театры марапатталды.