- Advertisement -

Қандауыры қолынан түспеген

105

- Advertisement -

«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, ел басына ауыр күндер түскен ашаршылық жылдары Есжан ақсақалдың ұлдары Омарбек пен Отан Арқадан ауып күнкөрістің қамымен жел айдаған қаңбақтай Қарақалпақстанға бірақ табан тірейді. Еті тірі, көзі ашық қазақтың алғашқы оқыған азаматтарының бірі болған әкесінің ағасы – Омарбек Есжанов Қарақалпақ автономиясы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады.

Бұл тағдыр дегенді қайтерсің, ел алдында қызметін абыроймен атқарып жүрген азаматқа қастандықпен у беріп аяқ астынан қайтыс болып кетеді. Алдындағы арқа сүйер ағаларына қастандық жасаған сарттар бізді де тыныш қоймас, «есіміз барда елімізді табайық», қалай дегенде ел іші ғой деп Қазақстанға, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанның (бұрынғы Леңгір ауданының орталығы Леңгір қаласы) қазіргі Төле би ауданына қоныс аударады. Кейіннен Ілиястың әкесі Отан Түлкібас ауданында ұзақ жылдар хатшылық қызмет атқарады.

Ілияс Отанұлы – Алатау мен Қаратаудың баурайындағы «Ванновка» елді мекенінде 6 қараша 1949 жылы дүниеге келіп, сол жерден қанаттанып, кісілігі мен кішілігі мол өнегелі өмір жолын бастан өткізді. Мектепті бітіргеннен кейін бала кезден дәрігер болуды армандаған Ілияс Ақтөбе медицина институтына оқуға түседі. Тағы да сол қыры кеткен қырсық тағдырдың салдары дермісің, 1972 жылы ата-анасы мен туған ағасы 25 жастағы Нұрлан жол апатынан оқыстан қайтыс болады. Басқа түскен ауыр қайғы мен қасіретті жеңілдетуді ойлаған Ілияс ағайын-туысқа жақындау ниетімен Ақтөбедегі оқуын Алматыға ауыстырады. Осы ару қалада, Құрманғазы атындағы өнер институтының актер мамандығына оқып жүрген Алтайдың ару қызы Айгүлді кездестіреді. Екі жастың достығы махаббатқа ұласып, 1974 жылы наурыз айында отау құрады. Институтты бітірген соң қазіргі Тараз қаласына келеді. Келген бетте Ілияс бірден облыстық аурухананың хирургия бөліміне қызметке орналасады.

Ол қарапайым «оташы дәрігерден» бастап, бүкіл саналы өмірін медицинаға арнады. Ақ халатты абзал жан, адам жанының арашашысы болып, қолы жеңіл дәрігерге айналды.

Гиппократ «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» депті. Ілиястың бойында осы қасиеттің бәрі бар еді. Ілиястың түсі суық, жүзі сұсты болғанымен, жүрегі жұмсақ, адамға қайырым жасауға бейім жан болатын.

Ізгілік пен ізеттілікті, инабаттылық пен мейір-шапағатты тал бойына сіңіре білген Ілияс қызметтес әріптестер арасында да өте беделді еді. Қайырымы мен мейірімі қолтықтан демеп сүйемелдеп тұратын. Сондықтан да ол бойындағы мол білімі мен өмірлік тәжірибесін жас әріптестеріне үйретуге тырысатын. Ілекеңнің ізбасарлары мен шәкірттері бүгінде облысымыздың денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатарда еңбек етіп жүр. Жандос Рысқұлов – облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары және облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургі, жоғарғы санатты оташы. Қайрат Әбдіқұлов – облыстық офтальмологиялық орталықтың бас дәрігері. Бақытжан Мақұлбеков – жеке клиника басшысы. Оташы-хирургтер Талғат Қалтаев пен Бауыржан Ниязбеков. Айта берсек бұл тізімді соза беруге болады. Облыс, аудан, қала көлемінде ұстаздарының атағын аспандатып адал еңбегімен елге танымал болғандары жетіп артылады.

Ілияс тек дәрігер, емші ғана емес, тамаша ұйымдастырушы да бола білді. Ол өзі басқарған бөлімде асқан жауапкершілікпен, қандай істе болмасын іскерлігімен, терең білім-біліктілігімен танылып қана қоймай, соны жұрттың игілігіне жаратқан абзал азамат ретінде де көпке үлгі бола білген жан.

Ұлы әл-Фарабидің «Тек бақытты адамдар ғана ізгі істер атқаруға қабілетті болады» деген қанатты сөзі бар екен. Ілияс та бақытын өзінің сүйікті мамандығы – оташы-дәрігерліктен тапқанына күмәнім жоқ. Енді ше, дәрігерлік жолын сараптап қарап отырсақ, 40 жылдан астам уақытта қаншама жүздеген, тіпті мыңдаған адамға қандауырдың ұшымен өмір сыйлады десеңші. Сол өлім мен өмірдің арасындағы көзге көрінбейтін арпалыстағы жүрекке түскен салмақ пен санаға салмақ салған атан түйенің белі қайысар ойларды операция столының басында жүректен өткізіп тұру оңай емес екенін кез келген адам түсінер деп ойлаймын.

Бұл бір рет қана емес. Екі күннің бірінде қайталанып отыратын жағдай. Қайран Ілияс, мыңдаған адамға өмір сыйлап, әр науқасты жүрегінен өткізем деп, өз жүрегін жаралап алды. Осы мақаланы жазарда хирургтер туралы ақпарат іздеп отырып Ілиястың үзеңгілес досы әрі әріптесі, республикаға белгілі дәрігер – хирург, медицина профессоры Сағындық Ордабековтің хирургтер жайлы зерттеуін көзім шалып қалды. Хирургтың жанқиярлық еңбегін, аса жауапкершілікті сезініп, ерен толғанысын, оның барлығы бірігіп келіп сана мен жүрекке салмақ салатынын көпшілік ұға бермейтіні рас. Әйтпесе, ту сонау мұхиттың арғы жағындағы әлеуметтік-экономикалық жағынан әлдеқайда дамыған АҚШ-тың өзінде хирургтердің 50 пайызы 60 жасқа жетпей әртүрлі сырқаттардан (инсульт, инфаркт және т.б.) бақилық болып кетпес еді» дейді хирургияның майталман оташы-дәрігері.

Ол тұратын тұғыры мықты, тұлғасы биік, өз ісінің болаттай берік маманы еді.

Ұлы Абай ақын: «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деп бекер айтпаса керек. Дәрігерліктен ел таныған азаматтық дәрежеге жетіп, бір шоғыр ізбасарларын дайындап, «алтын скальпельді хирург» атануы оның беделі мен білімінің ерекше болғанын көрсетсе керек. Еліне сіңірген еңбегімен қатар, Айгүл Қабиқызымен қол ұстасып өткен сәулелі өмірлерінде, өзектерін жарып шыққан, өзінің көзіндей болып, артында қалған ұлдары – Ерлан мен Махмұд, қыздары – Мәриям, Жәмила, Гауһарға жақсы әке, немерелеріне абзал ата болды. Көңілге демеу, жүрекке медеу болатыны, ұл-қыздарының тұрмыстары түзу, жағдайлары жақсы үйлі-баранды, қызметтерінде абыройлы, отбастарында бақытты, баянды болғандарын көрді. Немерелерін ойнатты, тәтті қылықтарын көріп мәз-мейрам болды, тәй-тәй бастырып жетелеп жүріп балабақшаға апарды. Құдаларымен төс қағыстырып құйрық-бауыр жеп төрге шықты. Мынау қас-қағым өмірде бір адамдай көретін қызықтың дәмін татты, рахатын көрді. Тек, ғұмыры сәл қысқалау болды деп ойлаймыз. Біз адамдар солай ойлағанмен, бәрі бір Жаратушының қолында екенін естен шығарып алып жататынымыз тағы бар. Алла ұлық, бәрін бір Жаратушы ғана біледі. Тәуба…

Сондықтан қай жағынан алсақ та тындырымды Ілиястың бүкіл өмір жолы, өнегелі тыныс-тіршілігі ұрпақтарына үлгі болумен бірге, оны білетіндердің көңілінде әркез жаңғырып тұратын болар деген ойдамыз. Көпшілік білетін Ілияс – сол баяғы сырбаз бітім, жігіттің маңғазы ретінде жадымызда сақталып қалады.

 

Асқарбек СЕЙІЛХАН,

ҚР Еңбек сіңірген артисі,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support