Жарқын жүзді жақсы жан еді (Сапарғали Әлібайұлы туралы үзік сыр)

39

Жамбылдық танымал азамат, қарымды қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі Сапарғали Әлібай, егер ортамызда болғанда, ертең 70 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, қайырымсыз ажал қайран қаламдасымызды арамыздан алып кетті. Бірақ, жарқын жүзі, жайдары мінезі оны білетіндердің жадында.

Сапарғали Әлібайдың барлық саналы ғұмыры журналистикаға арналған. Аудандық газет редакциясындағы жұмыс ол үшін шеберлікті шыңдау мектебі болды. Одан кейінгі облыстық газет – нағыз журналистика ұстаханасы. Ол – Жамбыл теледидарының да бастауында тұрған алғашқылардың бірі еді. Оның журналистік қабілеті осы майданда ашылды.

Белгілі бір шеңберден шыға алмай қалған журналист – журналист емес. Нағыз журналист – үнемі ізденіс үстіндегі маман. Сапарғали соңғысының санатынан еді. Оған газеттің «иісі» де жат болған жоқ. Оның баспа басылымдарынан да әжептәуір хабары болатын.

Біздің Сапарғалимен тығыз байланысымыз 2002 жылдан басталған. Мен басшылық еткен орыс тілінде шығып келген қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті сол жылдан басылым құрылтайшысы қала әкімдігінің шешімімен, Тараз қаласының 2000 жылдығына орай, екі тілге көшті.

Бас редактор – мен, қазақша жазылған материалдарға жауапты – Сапарғали Әлібай. Мен оны жасының үлкендігіне қарай «Сәке» деп сыйлайтынмын. Сол сыйластық ешқашан қалпынан айныған емес. Мен Сәкеңе сенім арттым. Өз ісін жақсы білетін, мамандығын жетік меңгерген шебер журналистпен арада қандай мәселе туындай қойсын, біз бір-бірімізді жарты ауыз сөзден-ақ жақсы түсінетінбіз. Бірлескен істе береке бар, барлық мәселені ақылдасып, бірге шештік.

Өзекті, өткір тақырыптарды қамтудың арқасында газеттің қазақша басылымы оқырмандар арасында танымалдылыққа ие болып, таралымы біршама өсті. Тараздықтардың сұранысы өз алдына, газетті аудандарға таратушылардың көптеп сатып ала бастағандарын қайтерсің. Игі істің бастауында – Сәкең, Сапарғали Әлібай тұрған. Қасында қаламдас әріптестері Рахан Мөмей, Жамбылбек Шоқыбас, Еділ Әлиев сынды өңірге танымал журналистер болды. Бәрінің де жазғандары оқырман ойынан шықты.

Сапарғали Әлібайдың тақырып ауқымы – өзіміздің мамандығымызға сай кең әрі жан-жақты еді. Сонымен қатар ол тарихи мәселелерге шын беріле әрі терең қызығушылық танытатын. Осындай шынайылықтан туған тарихи мақалаларының оқырмандары көбейе түсті. Әрине, олардың авторға алғыс айтып, ризашылық білдіргендері айтпаса да түсінікті.

Сапарғали нағыз отаншыл азамат еді, қоғамда ұлттық құндылықтардың қадірі төмендеп бара жатқанына қатты алаңдайтын. Ол туған тіліміз – қазақ тілінің қолдану аясы кеңейе түсуі үшін кез келген кедергіге қарсы ашық күресті. Ол күресі жеміссіз де емес. Сапарғали Әлібай құрметті демалысқа шыққаннан кейін де сүйікті ісінен қол үзген жоқ. Оның маңызды мәселелер көтерген мақалалары әртүрлі республикалық басылымдар мен сайттарда жарияланып тұрды, өзі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Оның осындай кәсіби қызметі лайықты бағаланып, ардагер өмірден озарынан біршама уақыт бұрын «Қазақстанның Құрметті журналисі» жоғары атағына ие болған. Бұл да болса журналистің қалам қарымының қайтарымы.

Осынау аяулы азамат, адал жар, асыл дос, асқартау әке Сапарғали Әлібайды қаламдас әріптестері ешқашан ұмытпайды, осы еске алу мақаласын соның бір парасы деп білген жөн.

РЕДАКЦИЯДАН: Сапарғали Әлібай әр жылдарда «Аq jol» газетінде қызмет атқарып, көптеген жас толқын журналистерді тәрбиелеуге атсалысып, осы редакциядан зейнеткерлікке шыққан. Сондықтан оның жақсы істері мен есімі «ақжолдықтардың» да есінде, жарқын жүзі жүректерінде.

 

Көкен ОРШАБЕКОВ,

ардагер журналист

Comments are closed.