Саясат

Президент «Каспий» су тұшыту зауытына барды

Президент «Каспий» су тұшыту зауытына барды

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұшыту зауытының жұмысымен танысты. Президентке зауытты кеңейту жобасының орындалу барысы туралы баяндалды. Тәулігіне 20 мың текше метр таза су өндіретін зауыттың қуатын екі есеге дейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс басшылығының айтуынша, қазірдің өзінде Мұнайлы ауданының елді мекендері мен Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында су тапшылығы қатты сезіліп отыр. Өңірде халық санының артуына және туристік кластердің дамуына байланысты «Каспий» су тұшыту зауытының өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттыру қажеттігі туындаған. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді ауызсумен қамтамасыз ететін кәсіпорынның маңызы зор екенін атап өтіп, зауытты жаңғырту жұмысы сапалы орындалатынына сенім білдірді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы зауыт жұмысшыларымен әңгімелесіп, олардың халық үшін пайдалы іс атқарып жатқанын атап өтті.