Денсаулық

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы облыс халқымен кездесуінде өңірдің ерекшеліктеріне тоқталып, өлкені жан-жақты өркендетуге толық мүмкіндік бар екенін атап өттіСондай-ақ тәуелсіздік жылдарында тұрғындарының саны 2,5 есе өскен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ой-пікірін жеткізді. Президент, ең алдымен, Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажеттігіне назар аударды. Мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі – ұлттық экономиканы іс-жүзінде әртараптандыру. Сондай-ақ терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру мәселесіне де тоқталды. Мемлекет басшысы Маңғыстау географиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқан өңір екенін және бұл өлкені әлемдік деңгейдегі көлік-транзит торабына айналдыру керектігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңір тұрғындарының облыстық деңгейдегі жолдың сапасы жөнінде жиі шағым айтатынын еске салып, автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға баса назар аудару керек екеніне тоқталды. Атап айтқанда, жұмысы баяу жүрып жатқан «Бейнеу-Шалқар» тас жолы құрылысының маңыздылығын атап өтіп, Үкіметке құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды жедел дайындауды тапсырды. Сондай-ақ әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, «Ақтау – Форт-Шевченко», «Таушық-Шетпе» жолдарын жөндеуге келесі жылдан бастап кірісу екенін айтты. Мемлекет басшысы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы инвестиция тарту, өнім өндіру, салық төлеу көрсеткіштері бойынша республикада ең үздік үш аймақтың бірі екенін атап өтіп, арнайы экономикалық аймақтарда игерілмеген жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудың сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы бес жыл ішінде өңірдегі барлық қала мен ауылды ауызсумен қамтамасыз ету жөнінде міндет жүктегенін атап өтті. Жыл аяғына дейін 12 ауыл орталықтан берілетін су жүйесіне қосылады. Өңірде 2025 жылға дейін су тұшыту жөніндегі 9 жоба, магистральді су құбырын салу және қайта жаңғырту жөніндегі 4 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Президент Кендірлі ауылындағы су тұшытатын зауыттың құрылысын бастау керек екеніне, 33 жыл бұрын пайдалануға берілген Астрахань – Маңғыстау су құбырының әбден тозғанына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өңірдің үздіксіз дамуына және халық санының өсуіне байланысты инженерлік жүйені жаңғырту мәселесі туындап отыр. Сондай-ақ Ақтау қаласының инженерлік жүйесінің 75  пайызы ескірген. Үкіметке облыс орталығының инженерлік жүйесін қайта жабдықтауға қажетті қаражат бөлуді тапсырған Мемлекет басшысы Ақтау қаласында құрылыс жүргізу мәселесіне арнайы тоқталды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы облыстың білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытып, жастарға қолдау көрсету керек екенін атап өтті. Маңғыстау облысында балабақша мәселесі толық шешімін таппаған, 10 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Сондай-ақ 13 мың оқушыға мектептен орын жетпей жатыр. Апатты жағдайдағы, үш ауысыммен оқытатын мектептер бар. Президент осы мәселелерді айта келе, балабақша салуға мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін пайдалану керек екенін атап өтті. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Маңғыстау аймағында алдағы үш жылда 21 мектеп салынатынын айтты. Мемлекет басшысы мұның өзі жеткіліксіз екеніне назар аударып, бұл жұмыста бизнестің мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажеттігін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге қажетті кәсіби кадрларды даярлау ісіне баса мән берген жөн деп есептейді. Оның айтуынша, биыл жоғары оқу орындарына 73 мың грант берілген. Бұған қоса, Президент батыс облыстарының түлектеріне қосымша 10 мың грант бөлуді тапсырған болатын. Соның 6 мыңы Маңғыстауға берілді.

Мемлекет басшысы дарынды және белсенді жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау керек екеніне тоқталды. Оның айтуынша,   өңір жастары өзінің біліктілігін арттыруға немесе жұмысқа орналасу үшін басқа аймақтарға, Алматы мен Астанаға да баруы қажет. Тек бір жерде, бір өңірде ғана тұйықталып қалуға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінің талапқа сай болуының маңыздылығына назар аударды. Президенттің тапсырмасымен Мұнайлы ауданында орталық аурухананың құрылысы басталған. Жедел жәрдем қызметтерін, санитарлық автокөліктерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керек. Облыс орталығында көпбейінді аурухана және жаңа жедел жәрдем станциясын салу мәселесін қарастыру қажет. Кездесуде Президент агроөнеркәсіп саласы ел экономикасын дамыту ісіндегі стратегиялық басымдықтың бірі екенін атап өтіп, Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласын,  азық-түлік нарығын дамыту маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысы жыл сайын мал азығының 75 пайызын басқа облыстардан алатын Маңғыстау облысында жем-шөптің бағасын арзандату мәселесі өте өзекті екенін айтты. Өзге өңірлерден мал азығын тасымалдау үшін жеңілдетілген тарифтер енгізу жолын қарастыру керек екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев туризм және экология салаларына да арнайы тоқталды. Оның пікірінше, қазір бүкіл әлемде туризм экономиканың маңызды саласына айналды. Бұл ретте Маңғыстаудың алатын орны айрықша.

Мемлекет басшысының айтуынша, Маңғыстаудың экологиясында күрделі түйткілдер бар және экологиялық тепе-теңдік пен Каспийдің биоалуандығын сақтау – маңызды міндет.

Сонымен қатар Президент Каспийде заңсыз балық аулаудың жолын кесу, судың тартылу себебі мен салдарын жан-жақты әрі жіті зерттеу керек екенін атап өтті.  Мемлекет басшысы Каспий теңізін зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құрған жөн деп есептейді. Кездесуде Мемлекет басшысы саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, орнықтыру қажет екеніне тоқталды. Кез келген мәселеде келіссөз, диалог арқылы мәмілеге келуге болатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау жұртына шынайы ризашылығын білдірді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында апаттар жиілеп кеткенін атап өтіп, құзырлы органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отырғанын жеткізді.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда еңбегімен көпшілікке үлгі болып, елімізді өркендетуге зор үлес қосып жүрген бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, еңбек ардагері Күзембай Ерғалиев «Парасат» орденімен, «Мамандандырылған IT-лицей» КММ мұғалімі Людмила Рябова «Құрмет» орденімен марапаталды. III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «Қарақия орталық аудандық ауруханасы» МКК Сенек дәрігерлік амбулаториясының мейіргері Жанымгүл Дүйсембаеваға, «Өзен жылу» МКК жөндеушісі Сейидали Қияқбаевқа, «Ерен еңбегі үшін» медалі «Акжол+К» ЖШС шебері Феруза Қаракесековаға табыс етілді.