Ұлттық Қордан бөлінген қаржыны ұтымды пайдалануды тапсырды
Ұлттық Қордан бөлінген қаржыны ұтымды пайдалануды тапсырды
Мұртаза БҰЛҰТАЙ, «Мыңарал Тас Компани» ЖШС бас директоры.
Сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлылығымен ерекшеленіп, мұнай мен біздің экспорттық өнімдерімізге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары біз шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдік. Ұлттық қордың негізгі міндеттерінің бірі біздің экономикамыздың сыртқы естен тандырулар алдындағы орнықтылығын, оның ішінде, табиғи ресурстарға баға төмендеген жағдайда да, жоғарылату болып табылады», – деді Н.Назарбаев Жолдауында. Бұл – кезінде еліміз бастан өткен қиын күндерге қарамастан жиналған Ұлттық қордың бүгінгі жемісі. Әлемдік сарапшылар Қазақстанның дәл осы Ұлттық қор жинаудағы батыл қадамына үлкен қызығушылық білдіруде. Сонымен қатар, Елбасы бұл Жолдауда еліміздің инфрақұрылымы мен көлік-логистика саласын басты бағыт етіп алғаны да көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Себебі, жол қашанда экономиканың күретамыры болып келгені әу бастан белгілі еді. Осыны ескерген Елбасы: «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ», – деп, өзінің негізгі идеясымен бөлісті. Аудандағы ірі кәсіпорынның басшысы ретінде мен де халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы тарихи құжаттың серпінді түрде іске асуына бар мүмкіндігімді жұмсайтын боламын! Біз Тәуелсіздік туын берік ұстай отырып, ең алдымен өз еліміздің, өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғау бағытында жүзіміз жарқын болуы үшін бәсекеге қабілетті, өтімді тауарлар өндіруге күш салайық. «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген қағиданы істе жүзеге асырып, мемлекет мәртебесінің биік болуына үлес қосайық. Мойынқұм ауданы.