Саясат

Тарихқа тағзым етуді де еске салды

Тарихқа тағзым етуді де еске салды

14Жарас Мұратай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы.

Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауын аса ыждаһатпен оқып, таныстым. Еліміздің хал-ахуалын жақсарту мақсатын көздеген бұл маңызды құжатта атқарылуға тиіс нақты істер атап көрсетілген. Әрі оны жүзеге асыруға қажетті қаржының да бөлініп отырғаны тірліктің баянды боларына сенімімізді күшейтті. Жолдауда айтылған көптеген жағымды жайттар, ұтымды ұсыныстар, алға қойылған міндеттер көңілімізден шықты. Елбасы Жолдауда «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік Ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанын сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» деді. 2015 жылы – Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие екендігін де еске салып өтті Президент. Иә, біз бұл бағытта игілікті істерді қолға алып, әлі де патриоттық іс-шараларды жандандыруымыз керек. Бүгінгі таңда ауданымызда Ұлы Отан соғысының 9 ардагері және соғыс ардагерінің екі жесірі, 567 тыл ардагері бар. Біздің ұрпаққа жалпы, соғыста қаза тапқан батырлардың да, елге аман оралып, бейбіт өмірде ерен еңбек сіңірген майдангерлердің де, тыл ардагерлерінің де қажырлы істері өнеге болуға тиіс. Осы мақсатта биыл шілде айында ауданымыздағы Түктібай елді мекенінде Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған боздақтарға арналып ескерткіш бой көтерді. Ертай ауылында да соғыс ардагерлеріне арналған үлкен ескерткіш салынуда. Мұндай шаралар жас ұрпақты аталар ерлігіне құрмет көрсетуге тәрбиелеп, бойларына отансүйгіштік сезімді ұялатуға септігі тимек. Жуалы ауданы.